Спорт • 02 Мамыр, 2024

Жерлестеріміз – екінші себетте

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында футзалдан Өзбекс­танда өтетін Х әлем чемпионатына қатысатын барлық 24 команда анықталды.

Жерлестеріміз – екінші себетте

Қазақстанның ұлттық құра­масы Парагвай, Украина, Марок­ко, Таи­ланд, Панама футзалшы­ларымен бірге екінші себетке түсті. Өзге себеттерде мына ко­мандалар бар: Бірінші – Өз­бекстан, Бразилия, Испания, Ар­гентина, Португалия, Иран. Үшін­ші – Коста-Рика, Гватемала, Ве­несуэла, Жаңа Зеландия, Куба, Ливия. Төртінші – Ауғанстан, Ангола, Хорватия, Франция, Ни­дерланд, Тәжікстан. Естеріңізге сала кетейік, төрткүл дүниенің мықтылары бас қосатын байрақты бә­секенің жолдамасы үшін тар­тыстың элиталық кезеңінде жер­лестеріміз Нидерланд, Румы­ния, Әзербайжан құрамаларын ұтты.

Футзалдан әлем чемпио­наты 1989 жылдан бері ұйым­­дас­­тырылып келеді. Атал­ған жа­рыста ең көп олжаға кенел­ген – Бразилия құрамасы. Оң­түс­тік Аме­риканың оғландары 5 рет бас жүлдені олжалады. Бұ­ған қоса бразилиялықтардың қор­жынында 1 күміс пен 2 қо­ла медаль бар. Испанияның өрен­д­ері бес бәсекенің финалына шығып, екі рет топ жарды. Пи­реней түбегінің түлектері тағы бір жарысты үшінші орынмен қорытындылады. Аргентина (+1 күміс) мен Португалия (+1 қола) құрамалары бір-бір реттен тең­дессіз деп танылды. Сондай-ақ жүлде алғандар қатарында Ни­дер­ланд (1 күміс), АҚШ (1 күміс, 1 қола), Италия (1 күміс, 2 қола), Ресей (1 күміс, 1 қола), Иран (1 қола) бар.

Соңғы әлем чемпионаты осыдан үш жыл бұрын Литвада ұйымдастырылды. Балтық жаға­лауында Португалияның ойын­шылары алдына жан салмады. Финалда олар Аргентинаны 2:1 есебімен ұтты. Қола медаль үшін матчта Бразилия мен Қа­зақстан құрамалары күш сынасты. Бұл бәсеке 4:2 есебімен бразилиялықтардың пайдасына шешілді. Аталған жарыстың топтық сайысында жерлестеріміз Коста-Рика (6:1) мен Литваны (3:0) жеңіп, Венесуэламен (1:1) тең түсті. 1/8 финалда Таиланд­ты (7:0) тізе бүктірсек, ширек финалда Иранға (3:2) шаң қап­тырдық. Жартылай финалда Пор­тугалиямен (2:2) тең түстік. Бірақ пенальти соғу барысында (4:3) Пиреней түбегінен келген жігіттердің жолы болды. Нәтижесінде, Литвадағы доп додасын отандастарымыз төртінші орынмен қорытындылады.

Ал соған дейін Қазақстанның футзалшылары дүниежүзілік до­даға екі рет қатысқан еді. 2000 жылы Гватемалада топтық ту­рнирде сүрінсек, 2016 жылы Колумбиядағы жарыстың 1/8 фи­налдық межесінде Испанияға (2:5) есе жібердік.