Фото: ru.freepik.com
«Қазақстанның уран және мұнай өндіретін өңірлеріндегі медициналық-биологиялық және экологиялық мәселелері» атты X республикалық конференцияның ашылу салтанатында Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрқан Сәдуақасов орталықтың отандық ғылымды дамытуда маңызы айрықша екенін атап өтті.
– Радиобиология және радиациялық қорғау ғылыми-зерттеу институты Үкімет алға қойған маңызды міндеттерді орындауға көмектесіп келеді. Айталық, институттың ғылымға қажетті кадрларды даярлауда септігі мол. Халықаралық қызмет бағытында да елеулі жетістіктері бар. Мәселен, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігімен қоса Жапонияның және Ресейдің ғылыми-зерттеу институттарымен бірнеше келісім жасалды. Мұны, әрине, сәтті қадам деп айтуға болады, – деді Н.Сәдуақасов.
Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыровтың айтуынша, оқу орнындағы бірегей орталық ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді аралады.
– Қазір бейбіт атомды медицина мен өнеркәсіпте қолдануда экологиялық жағдайды, адамның қауіпсіздігін ескеру қажет. Бұл – бүгінгінің басты талабы. Осы бағытта Астана медицина университетінің Радиобиология және радиациялық қорғау ғылыми-зерттеу институты нәтижелі жұмыс істеп келеді. 20 жыл бұрын құрылған институт медицина ғылымына үлес қосып, университеттің құрамында жоғары білікті маман дайындайтын еліміздегі іргелі зерттеу орталықтардың біріне айналды. Біз бұл институттың жұмысын ғылыми-әдістемелік координациялық орталық ретінде жоғары бағалаймыз, – деді К.Надыров.
Конференцияда иондаушы сәулеленудің шағын дозаларының радиобиологиялық әсері, радиоэкологиялық ахуалға қатысты тың деректер ұсынылды. Сондай-ақ қызметкерлерді радиациялық қауіптен қорғау, радиациялық қауіпті нысандардың аймағында тұратын халықтың денсаулығы турасында өзекті мәселелер талқыланды. Бұған қоса, иондаушы сәулеленудің төмен деңгейінің биологиялық әсері, кәсіби сәулеленуге ұшыраған адамдардың және техногенді өзгерген радиациялық фоны бар аумақтарда тұратын халықтың саулығын бағалау, уран және мұнай өндіретін өңірлердегі радон қауіпсіздігі турасында түйінді дерек пен дәйек айтылды. Мамандар қордаланған мәселелерді ашып көрсетумен шектелмей, шешімін де қарастырды.
Ақпарат үшін айтар болсақ, аталған институт 2004 жылы Радиобиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының негізінде профессор Полат Қазымбетұлының бастамасымен құрылған. 2010 жылы атауы Радиобиологиялық зерттеулер институты болып бекісе, 2014 жылы Радиобиология және радиациядан қорғау институты ретінде трансформациядан өткен.