Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Бұрын-соңды ерлігі еленбей қалған батырларымызға Халық қаһарманы атағын беруді игі дәстүрге айналдырдық. Ең жоғары әскери атақ 2022 жылы марқұмдар Төлеуғали Әбдібеков, Александр Несмиянов және Ыбырайым Сүлейменовке берілді. Ал 2023 жылы жүз жасаған ақсақалдарымыз Әбдіғали Қаймолдин мен Иван Гапич осы мәртебелі атаққа ие болды. Екінші дүниежүзілік соғыстағы батырлардың ерлігі – бүгінгі және болашақ Отан қорғаушылар үшін шынайы үлгі-өнеге.
Әскери мектептен – әскери академияға
Фашистік Германиямен соғысқа қазақтар қатардағы сарбаздар мен кіші командирлер ретінде қатысты деп қабылданып келді. Қазіргі жастардың соғыс жылдарында үлкен атаққа қол жеткізген және дивизия командирі бола алған жалғыз қазақ ретінде Бауыржан Момышұлының ғана атын атайтыны рас. Тарихи оқулықтарда да соғысқа аттанған қазақтарды жаяу әскер қатарында ғана ерлік көрсеткендей суреттейді. Мәселен, «танк әскерлерінің подполковнигі» атағын алған және танк бригадасын басқарған түркі халықтарының алғашқы өкілі әрі кәсіби танкист болған қазақ батыры Ғали Әділбековті қарапайым халық түгілі, әскеріміздің өзі білмейді. Өкінішке қарай, оның есімі әлі күнге дейін өз дәрежесінде дәріптелмей келеді. Бұған дейін де жергілікті жердегі баспасөз беттерінде ол туралы естеліктер жазылғанымен, республика деңгейде құлақ түріп, елеусіз қалған батырдың ерлігін ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Ғали Әділбеков 1908 жылы 1 қаңтарда Семей өңіріндегі Белағаш болысының Қызылқұм ауылында дүниеге келген. Кейбір деректерде батырдың тобықты руынан тарағаны, Абай Құнанбайұлының туысы болғаны айтылады. Алайда ата-анасы 1921 жылы большевиктер ұйымдастырған алғашқы аштық кезінде қайтыс болып, жастайынан жетім қалған ол атасы Әділбектің тәрбиесінде болады. 1923 жылы Қазақ аймақтық жеткіншектер интернатына оқуға түсіп, 1925 жылы бітіріп шығады. Кейін Орынбордағы қызыл командирлер мектебінде білім алады. Мектепті бітіргеннен кейін Ғали әскерде қызмет етуге шешім қабылдап, өз еркімен Қызыл армия қатарына қосылуға шешім қабылдайды. Батыл жігіт командирлердің көзіне тез түседі және сол 1925 жылы оны Ташкентте жаңадан құрылған В.И.Ленин атындағы біріккен Орта Азия әскери мектебіне оқуға жібереді.
Білім ошағын 1928 жылы тәмамдаған ол танк әскері командирлерін даярлайтын курсқа жіберіліп, артынша 43-атты әскер полкінде взвод командирі болып тағайындалады. 1931 жылға дейін Түрікменстандағы ирандық моджахедтермен шайқастарға қатысқан. Сол жылы жас командир Ғали Әділбековтің өмірінде оның болашақ тағдырын өзгерткен оқиға болды.
Қазақ офицері Семей, Ташкент, Орынбор, Ленинград, Түмен, Свердловск, Курскіде қызмет етіп, 1930 жылы 43-атты әскер полкінің взвод командирі болып Қарақұм шөліндегі басмашыларға қарсы ұрысқа да қатысады. 1930 жылдан бастап Қызыл армияда жаңа әскери қызмет түрі құрылып, оны басқаруға мықты командирлерге таңдау жасалды. Олардың қатарында Ғали Әділбеков те бар еді. 1931-1941 жылдары танкистерді дайындаған үздік кеңестік әскери жоғары оқу орындарында оқыған ол алдымен Ленинград жоғары офицерлік бронды мектебі, содан кейін И.В.Сталин атындағы бронды әскерлердің Әскери академиясында білімін шыңдайды.
1937 жылы Ғали кезекті демалысында жүргенде саяси қуғын-сүргін басталып, сөз тасушылар мен аңдушылардың назарына Ғали да ілігіп кете жаздайды. Қауіптің бетін байқаған жақындары Ғалидің тезірек Алматыдан кетуін, қауіп төніп тұрғанын ескертіп үлгереді. Айтса айтқандай, Ғали Түменге кете салысымен елде қалған достарын НКВД қызметкерлері сұрақтың астына алады. Ал 1939-1941 жылдары ол Мәскеу қаласындағы бронетанк әскерлерінің академиясын бітіріп, кейін отбасымен Курскідегі әскери бөлімшені басқаруға шақырылған. Егер іле-шала соғыс өрті лап ете қалмағанда қуғын-сүргіннің қамыты Әділбековтің басына да салынар ма еді, кім білсін...
Ескерілмеген ерлік
Ғали Әділбеков соғысты капитан атағымен және танк ротасының командирі лауазымында бастады. Сөйтіп, көп ұзамай өз ісіне берік, тәжірибесі мол офицер 51-панзерлік дивизияның 102-танк полкінің батальон командирлігіне тағайындалады. Қызметке енді ғана кіріскен Ғали Әділбеков алғашқы ерлігімен көзге түседі. 1941 жылдың 6-10 шілдесі аралығында әйгілі Витебск шайқасында неміс және кеңестік танкистер алғаш рет бетпе-бет кездеседі. Осы ауыр шайқаста Әділбековтің танктері Витебск аэродромын босатып, жау танктерінің көзін жояды. Алайда 14 шілдеде кеңестік әскерлер өздері босатып алған аэродромнан шегінуге мәжбүр болған. Өйткені оларға оқ-дәрілер мен жанармай уақытында жеткізілмейді. Кеңес танктерінің шегінуін капитан Әділбеков жеке өзі басқарған танк жауып тұрған.
Кейіннен 1941 жылы шілдеде Ғали Әділбеков 110-танк дивизиясының батальон командирі болып тағайындалып, аңызға айналған Смоленск шайқасына қатысады. Тамыздың соңында Әділбеков жаңадан құрылған 141-танк бригадасының 1-батальон командирі болады. Сол жылы Брянск облысындағы Трубчевск қаласының маңында 200 кеңестік және 300 неміс танктері ашық шайқасқа түседі. Бұл шайқастың басты қатысушыларының бірі – тағы да Әділбеков басқарған батальон. Сұрапыл айқаста ол басқарған батальон жаудың 20-дан астам танк пен броньды машинасын, 10 танкке қарсы зеңбірегі және жаяу әскерінің бірнеше ротасының күл-талқанын шығарды. Осылайша, Трубчево шайқасы 200-ге жуық неміс танкісінің жойылуымен аяқталады. Мұндай жеңіске қарамастан, кеңес әскерінің қолбасшылығы шегіну туралы бұйрық береді. Алайда 141-танк бригадасының қолбасшылығы шегінуді дұрыс ұйымдастыра алмай, Әділбековтің батальоны жау қоршауына түседі. Осы сәтте де Әділбековтің ұтқыр шешімінің арқасында батальонның барлық танкі аман-сау жау қоршауын бұзып өтеді. Ержүрек танкистердің ерлігі ел аузына таралып, ең маңызды кеңестік газеттерде – 1941 жылғы 5 қыркүйектегі «Вечерняя Москва», 1941 жылғы 13 қыркүйектегі «Известия» газеттерінде егжей-тегжей сипатталады. Капитан Әділбековтің қайсарлығы тағы да ел аузына таралғанымен, Кеңес Одағының Батыры атағы ердің бағына бұйырмаған.
Танк бригадасының командирі
1941 жылдың қазан айының соңында Ғали Әділбеков 121-танк полкінің командирі болып тағайындалды. 1941 жылы желтоқсанда «танк әскерлерінің майоры» атағын алса, 1942 жылы наурызда 121-жеке танк бригадасы командирінің орынбасары болып бекітіледі. Осы жылы Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Ғали Әділбековтің тікелей командирі болған, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, кейін Кеңес Одағының маршалы атағын алған Иван Якубовский өзінің «Земля в огне» деген 1975 жылы жарияланған мемуарында жаумен шайқаста ерлік көрсеткен танк әскерлерінің командирлері жайлы айта келіп: «Подполковник Ғали Әділбековтің ұлты қазақ болатын. Онымен біз 1942 жылдың қаңтарынан, екеуміз 121-танк бригадасында қызмет еткен кезден таныс болдық. Ол тамаша моральдық – әскери қасиет иесі еді, ұйымдастырушылық қабілеті, ерік-жігері мол, гитлершілермен күресте қорқу дегенді білмейтін. Осылай бола тұрып, ол тым қарапайым, барлық жауынгерлер мен офицерлерді өз маңына тартып тұратын адам еді... Ол Ұлы Отан соғысын танк батальонының командирі болып бастады. 1942 жылдың ақпанында Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ол басқарған батальон жаудың жиырмадан астам танкі мен бронды мәшинесін, он танкіге қарсы ататын зеңбірегін, бірнеше рота жаяу әскерін құртты... Тағдыр екеумізді кейін Днепр бекіністерінде кездестірді. Ғали Әділбекұлы гвардиялық танк полкінің командирі еді. Егер 43-тің қарашасында ерлікпен қаза таппағанда, үлкен шенді әскери бастық дәрежесіне көтеріліп, көптеген даңқты жауынгерлік істі тындырған болар еді», деп еске алған екен.
1942 жылдың мамырынан тамызына дейін Әділбеков тапсырмаға тиянақты әрі сенімді танк командирлерінің бірі ретінде Мәскеуге командалық құрамды жетілдірудің әйгілі академиялық курстарына барады. Курстарды аяқтағаннан кейін, 1942 жылдың тамызында ол «Танк әскерлерінің подполковнигі» атағын алады. Сол жылы 47-жеке танк бригадасының командирі болып тағайындалады. Осылайша, Әділбеков бригадасы алдымен Сталинградқа бет алды. Мұнда Ғали өзінің батылдығымен тағы да көзге түседі. Тіпті кезекті шайқастардың бірінде лаулап жанған танктің ішінде қалған оны қаруластары өлдіге санайды. Алайда рухы мықты қазақ батыры жарақатынан айығып, соғыс алаңына қайта оралады.
Бірақ 1942 жылы қазанда Сталинград шайқасында үлкен шығынға ұшыраған 47-бригада бұйрықпен қайта таратылады. Ал ержүрек Ғали Әділбеков Воронеж майданына ауыстырылады, ол бұл жерде жеке гвардиялық 47-танк полкін басқарады. Осы кезең туралы сол кездегі Әділбековтің командирі 9-механикаландырылған корпустың командирі Малыгин кейіннен «Танк полктерінің арасында подполковник Әділбековтің 47-гвардиялық полкі бірден озық шықты» деп жазған.
Бұйырмаған атақ
1943 жылдың қыркүйегінде Әділбековтің полкі Днепрден өтуге жіберіліп, генерал-лейтенант П.С.Рыбалконың 3-гвардиялық танк армиясының құрамында өзенді бақылауға алуға кірісіп кетеді. Днепр өзенінің батыс жағалауында кішкентай Букрин плацдармы пайда болған кезде, оған алғашқылардың бірі болып Әділбековтің полкі жіберілген.
Букрин жағажайындағы шайқастар Екінші дүниежүзілік соғыстың ең қанды шайқастарының бірі ретінде тарихта қалғанына ешкім талас тудыра алмасы ақиқат. Мұнда кеңестің шағын ғана әскері 10 дивизиядан тұратын үлкен жау тобымен шайқасқа түседі. Салдарынан Букрин маңындағы ең ауыр айқастағы 12 күнде 30 мыңға жуық адам қаза тапты. Бұл оқиға әйгілі кеңестік «Батальоны просят огня» фильмінде көрсетілген. Осы Букрин көпірі үшін күрескен сұрапыл шайқаста, 1943 жылы 21 қазанда подполковник Ғали Әділбеков ерлікпен қаза табады. Өкінішке қарай, толарсақтан қан кешкен сұрапыл шайқаста қалың жау қолына қарсы тұрып, жанқиярлықпен қаза тапқан қазақ батыры Кеңес Одағының Батыры наградасын ала алмады. Тек қаза болғаннан кейін оған екінші Жауынгерлік Қызыл Ту орденін лайықты көрген екен.
Фашистермен шайқаста өз өмірін қиған қазақ халқының ержүрек ұлы ерлік пен өрліктің тамаша үлгісін көрсете білді. Онымен бірге қызмет еткендердің барлығы, тіпті төмен дәрежеге ие болғандардың көбі кейіннен ең жоғары шендерге ие болып, Кеңес Одағының Батырына айналған. Сол кездегі жоғары қолбасшылық батырдың еңбегін ескермегенімен, маршал Иван Якубовский «Танк бригадасының қолбасшысына генерал атағы міндетті түрде берілуі керек. Дарынды орыс еместерді ең жауапты салаларда пайдаланғанымен, оларға лайықты әскери атақ пен батыр атағы берілмеді», деп мойындапты.
Жоғалған батырларды іздестіріп жүрген жазушы, тарихшы Жұмабай Доспанов та 2015-2023 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыс майдангерлері туралы бірнеше томдық жинақты жарыққа шығарған. «Архив жұмыстарын ақтару кезінде Екінші дүниежүзілік соғыста танк бригадасын басқарған, танк полкінің командирі, екі мәрте Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталған подполковник Ғали Әділбековтің Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанынан үміттеніп, түрлі архивтерді ақтардым. Ол – осы жаһандық соғыста танк бригадасының командирі атанған жалғыз қазақ. Біздің батырмен соғыста иықтас болған екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, маршал Якубовский Ғали Әділбековтің мықты қолбасшы болғанын мойындап кетті», дейді тарихшы.
Ғали Әділбековтің әскери киім киіп түскен фотосуреті бүгінде Алматыдағы «Даңқ аллеясы» мұражайында ілулі тұр. Әйткенмен ерлігі ескерілмей кеткен батырдың есімі ұрпақ жадынан өшіп барады. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмайды». Батыр есімін ұлықтап, қазақ ұлына Халық қаһарманы атағын беруге енді ешнәрсе кедергі бола қоймас...