Қоғам • 04 Мамыр, 2024

«Мемлекеттің балалары»

78 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көрерменге жол тартқан жаңа деректі фильмнің атауы осындай. Балалар үйі түлектері туралы туындыны YouTube арнасынан көруге болады. Деректі фильмді Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан қоғамдық даму институты дайындаған.

«Мемлекеттің балалары»

Туынды «Балалар үйі тәр­биеленушілерінің қоғамға әлеуметтік интеграциясы және бейім­делуі» атты 2022 жылғы зерт­теуі негізінде тү­сіріл­ген. Баяндамада интер­нат ме­ке­мелердегі бала­лар­дың психоэмоционалды да­му ерек­шеліктері, олардың құ­қық­тық мәртебесі, білім алу, жұмысқа тұру және тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мә­селелері зерттелген.

Көрсетілімге ғылыми зерттеу орталықтарының өкілдері, отбасы және гендер саясаты саласының сарапшылары, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төр­ағасы Нұрбек Матжани фильм­нің маңызына тоқталды.

– Бұл фильм институ­тымыздың зерттеуі негізінде түсірілді. Әдетте ғылыми ұй­ым­дардың зерттеулері көп­шілікке жете бермейді. Әйт­песе пайдалы зерттеулер елі­мізде көп жасалады. Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бастамасымен «Отбасылық, гендерлік және демографиялық саясат саласындағы ғылыми зерттеу ұйымдары консорциу­мы» құрылды. Консорциум мақсаты – аталған бағыттар бойынша зерттеулерді жү­йелеу және насихаттау. Фильм осы консорциум аясында жа­рық көріп отыр, – деді ол.

Жыл сайын мыңға жуық жетім бала интернат мекемелерден түлеп шығып, үлкен өмірге аяқ басады. Өмірден лайықты орнын табу барысында олардың кейбіреулері қалыптасқан стереотип кесірінен жұмысқа тұра алмаса, екіншілері құ­қығын қор­ғап, өзіне тиесілі көмекті ала алмайды, енді біреулері дәрігерге қалай қа­ралу ке­ре­гін де білмейді. Қа­зір елімізде осындай 22 081 жетім бала бар. Олардың 82%-ы – әлеуметтік жетімдер, яғни ата-анасы тірі болса да, түрлі себеппен олардың қам­қор­лығынсыз қалған балалар. Өкі­нішке қарай, бұл факт ел­дегі жетімдердің мәселелерін шешу қажеттігін ғана емес, бастапқы себебі – отбасы инс­титуты проблемасына назар аудару керегін меңзейді.

Деректі картина 4 кейіп­кердің оқиғасы негізінде балалар үйі тү­лек­терінің бір­қатар мәселесін қоз­ғайды. Олардың өмірі ин­тер­­нат­тан түлеп шыққаннан кейін қа­лай өрбитіні, қоғамға бейім­делуі кезінде қандай қиын­дыққа тап болатыны және қа­лып­­тасқан стерео­тип салда­ры­нан қандай кедергілерге ұшы­рай­ты­ны баян­далған.