Саясат • 04 Мамыр, 2024

Инклюзивті қоғам қалыптастыру – маңызды басымдық

252 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің кезекті отырысы мүгедектігі бар адамдарды медициналық, еңбек және әлеуметтік оңалту мәселелеріне арналды. Іс-шара барысында сенаторлар мемлекеттік органдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен бірге аталған санаттағы азаматтарды қолдауға арналған ұсынымдар топтамасын әзірледі. Сондай-ақ оларды әрі қарай іске асыру мәселелерін талқылады.

Инклюзивті қоғам қалыптастыру – маңызды басымдық

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысу­шыларға ілтипат білдіріп, Мемле­кет басшысы әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыруға тең жағдай жасалатын инклюзивті қоғам қалыптастыруға баса мән беретінін атап өтті. Қазіргі таңда елімізде бұл бағытта шешуді қажет ететін бірқатар мәселе бар. Мәселен, әлемдік тәжірибеде мүгедектігі бар азаматтарды жұ­мысқа алудың және олардың кәсіби білік­тілігін арттырудың тиімді екені дәлел­денген. Соған қарамастан отандық ком­па­ниялар мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың әлеуетін пайдалануға аса ынта­лы емес. Мәулен Әшімбаевтың айтуын­ша, бұған еңбек нарығының ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сұраныстарына бейімделмеуі себеп болуы мүмкін.

«Бәріне тең мүмкіндік берілетін инклюзивті қоғам қалыптастыру –Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының маңызды басым­дықтарының бірі. Біріншіден, бұл – медициналық көмекке тең әрі әділ қол­­жетімділік, сапалы білім, жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бейім­делуге ар­нал­ған мүмкіндіктер. Бұл ретте әлеу­меттік оңалтуды дамыту да маңыз­ды. Әлеу­меттік оңалтудың тиімді тетік­­терінің бірі жұмыспен қамту екені анық. Алайда бүгінде еңбекке қабілетті мүге­дек­тігі бар азаматтардың 36 пайызы ғана жұ­мыс­пен қамтылған», деді Сенат спикері.

Сонымен қатар, отырыста инклюзивті білім беру мәселесі де талқыланды. Бұл ретте тек физикалық тұрғыдағы кедергісіз орта қалыптастыру жеткіліксіз екені айтылды. Инклюзивті білім беру дегеніміз – икемді бағдарламалар, бейімделген техникалық және білім беру құралдары, сондай-ақ педагогтердің тиісті құзыреті. Алайда өңірлерде әлі де болса педагог және реабилитолог мамандар тапшы болып отыр.

Бұдан бөлек, Палата төрағасы мүмкін­дігі шектеулі жандарды оңалтуда тек медициналық шеңбермен шектелуге бол­майтынын айтты. Бұл маңызды әлеу­мет­­тік мәселе кешенді тәсілдер мен мүдделі та­рап­тардың жүйелі іс-қимылын талап етеді.

«Жыл сайын білім беру саласында ерекше оқу қажеттілігі бар балалардың саны артып келеді. Ұлттық зерттеулердің мәліметтеріне сүйенсек, педагогтердің 50 пайызы мұндай жұмыс форматына және әр балаға жеке оқу жоспарын әзірлеуге дайын емес. Сондықтан ерекше оқу қажеттілігі бар балалармен жұмыс істей алатын мұғалімдер мен тәрбиешілер даярлаудың заманауи үлгісін әзірлеу қажет. Яғни оңалтуды кешенді үдеріс ретінде дамыту аса маңызды. Осы бағытта Парламент Сенаты өз тарапынан тиісті бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қолдауға, қажетті заңдар әзірлеп, қабылдауға дайын», деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңес былтырғы қазан айында құрылды. Оның басты міндеті – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау және олардың қоғам өміріне, еңбекке белсенді араласуын қамтамасыз ету. Кеңес алаңында бұған дейін мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту және инклюзивті орта құруда бизнестің рөлі, сондай-ақ қаржылық қызметтер мен инфрақұрылымға қол­жетімділік мәселелері талқыланды.

Кеңестің бүгінгі отырысында депутаттармен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазин, БҰҰ-ның мүгедектік және оңалту жөнін­дегі халықаралық сарапшысы Оксана Владимирова, медицина ғылым­дарының докторы Шолпан Бөлекбаева, «Қамқорлық қоры» корпоративтік қоры­ның координаторы Айнұр Нұр­хожаева, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров, «Шанс» мүгедектерді оңалту орталы­ғының төрағасы Василий Шиман­ский тағы басқа мамандар сөз сөйлеп, қозғалған тақырыпқа қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.

Отырыс қорытындысында кеңесте айтылған ұсыныстарды зерделеп, ар­найы ұсынымдар әзірлеп, оларды мемлекет­тік органдарға жолдайды. Сондай-ақ депутаттық сауалдар арқылы да маңызды мәселелер бақылауда болады. Мұның бәрі ерекше қажеттілігі бар азаматтарды медициналық, еңбек және әлеуметтік оңалтуға оң ықпалын тигізбек. Бұдан басқа, Сенат таяу жылдарға арналған республикалық бюджетті қараған кезде де оңалту мәселелерін назарда ұстайды.