Алматы • 06 Мамыр, 2024

Алматыда жаңа Ардагерлер аллеясы ашылды

165 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанында Жангелдин атындағы скверде Ардагерлер аллеясының салтанатты ашылуы өтті. Оған екінші дүниежүзілік соғысының және еңбек майданының ардагерлері, зейнеткерлер қатысты. Аллея аға буынға деген ризашылық пен құрмет символына айналды. Іс-шара шеңберінде алаңға 100-ге жуық жапырақты қарағаш көшеті отырғызылды, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Алматыда жаңа Ардагерлер аллеясы ашылды

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Кез-келген мемлекеттің әл-ауқаты қарттар мен балаларға деген көзқараспен өлшенеді. Ұлы Жеңістің 79 жылдығы қарсаңында өткен аталған іс-шараның маңыздылығын айтқан Жетісу ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тамара Шәкірова: «Біздің ауданда бір ардагер – Илья Кудин Григорьевич тұрады. Оның бүгін осы мерекеге қосылғанына өте қуаныштымын және ризамын. Сондай-ақ қала әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді. Аллеяның ашылуы ұрпақтардың бірігуіне және патриоттық құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді деп санаймын», деді.

Ал зейнеткер Құлшара Сиенова: «Отанымызға қызмет еткендерге дән ризамын. Біздің қоғамның олардың ерлігін құрметтеп, есте сақтап жүргенін көру мен үшін мақтаныш», деді.

Алматы қаласы әкімдігі

Бүгінде қалада 43 соғыс ардагері тұрады. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне біржолғы әлеуметтік көмекті 1 млн теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бұл шешімді қала мәслихаты қолдады. 2024 жылы ардагерлер 2 млн теңге көлемінде біржолғы көмек ала алады.

Сонымен қатар Алматы дәрігерлері Отан қорғаушылар күні айлығы аясында соғыс ардагерлері үшін Check-up өткізеді, науқанды өткізу үшін әрбір емхана ардагерлерге бару кестесін әзірледі.