«Мемлекет басшысының, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес біз денсаулық сақтау саласының дамуына, медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасының нығаюына, олардың қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, тапшы кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөліп келеміз. Ел игілігіне жаңа ғимараттар табыстап, сала мамандарының халыққа сапалы қызмет етуі үшін барлық жағдай жасалып отыр. Осының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда ана өлімі 5,7 есе, сәбилердің шетінеуі 13,4%-ға төмендеді. Былтырғы қорытындыда 3 негізгі медико-демографиялық көрсеткіштің нысаналы индикаторына қол жетті. Өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 52,1 млрд теңге қаралып, 23 медициналық нысан бой көтерді. Оның 17-сінің құрылысы аяқталды. Биыл 5,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 5 нысан құрылысы жүргізілді, оның екеуі пайдалануға беріліп отыр. Бұған қоса «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 11 нысан құрылысына сатып алу конкурсы жарияланды. Мердігерлер анықталысымен құрылысты бастаймыз. Нысандар жыл соңына дейін қолданысқа беріледі», деді облыс әкімі.
Облыс басшысы министрден Қызылорда қаласы мен аудандарда салынуға тиіс бірқатар медициналық нысан құрылысына қаржы бөлуге ықпал етуді сұрады. Қызылорда қаласындағы №4 және №5 қалалық емханалардың құрылысы шешімін таппай келе жатқанына біраз болды. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бөлімшелеріне модульдік жедел жәрдем стансасын салу қажеттігі де анық байқалып отыр.
Ақмарал Шәріпбайқызы аймақтың медицина саласындағы жетістіктерін атап өтіп, өңір басшысы көтерген мәселелер зерттеліп, шешу жолдары қарастырылатынын айтты. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте министр Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауылдық елді мекендердегі бастапқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыру жобасы, медицина саласында көрсетілетін қызметтер мен МӘМС жүйесін жетілдірудің маңызына тоқталып өтті. Өңірлердегі медицина саласының әлеуетін арттырып, бағдарламалар тиімділігін жүзеге асыруды көздеген сапардың мақсаты да – мамандармен, қарапайым жұртшылықпен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Жалпы, кейінгі үш жылда сала қызметіне қатысты халықтан түскен арыз-шағымдар еселей артқан. Олардың басым көпшілігі емханалардың қызметіне қатысты болып отыр. Тұрғындарды жолдама алудағы қиындықтар, медициналық көмекпен қамтылудағы тексерістердің ұзақтығы да қатты алаңдататыны анықталды. Қазір министрлік осы мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге кірісіп, саладағы бірқатар заңдарға өзгеріс енгізу басталып кетті.
«Біздің саладағы ең өзекті мәселелердің бірі – маман жетіспеушілігі. Осы күні Қызылорда облысының өзінде ғана 150-ден аса дәрігер маман жетіспейді. Осыған сәйкес, облыс әкімдігі және облыстық денсаулық сақтау басқармалары медициналық оқу орындары басшыларымен байланысты жолға қойып, білім алып жатқан студенттердің өңірлерге келіп жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап отыр. Елімізде жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын азаматтардың көбеюі де мәселеге айналып отырғанын білесіздер. Сондықтан да аталған аурудың алдын алу және азаматтарымыздың денсаулығын жақсарту бағытындағы тиісті жұмыстар қолға алынды», деді А.Шәріпбаева.
Елдегі демографиялық өсімнің артуына үлкен үлес қосып отырған Түркістан мен Қызылорда облыстары үшін балалар дәрігерінің орны бөлек. Осы сапарда министрліктің жауапты өкілдерінен бөлек мамандар даярлайтын жоғары оқу орны басшылары да жұрттың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Сапар аясында министр Жаңақорған, Шиелі аудандарында болып, ондағы емдеу мекемелерінің жұмысымен танысты. Облыс орталығындағы көпсалалы аурухана жұмысын көрді, тұрғындармен кездесті. Азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдады.
Қызылорда