Әскер • 07 Мамыр, 2024

Әскери пән мұғалімінің мәртебесін көтеру маңызды

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастарды әскери қызметке тәрбиелеу мен даярлау ісінде білім беру ұйымдары мен күштік құрылымдардың еңбегі орасан зор. Осы тақырыпқа орай Шымкент қаласының оқушылар сарайында республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Іс-шараға алғашқы әскери технологиялық даярлық оқытушылары, жергілікті әкімдік өкілдері, күштік құрылым қызметкерлері қатысты.

Әскери пән мұғалімінің мәртебесін көтеру маңызды

«Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ Қорғаныс министрлігі Орталық әскери ғылыми зерттеу институтының бас маманы, отставкадағы полковник Айдар Кикимов конференция модераторы болды. Сонымен қатар кездесуде «Оңтүстік» өңір­лік қолбас­шылығы әскерлері қолбасшы­сының орынбасары, полковник Ораз Кучуков, Шымкент қаласы әкімінің әске­ри қауіпсіздік және қорға­ныс мәселелері жөніндегі кө­мек­шісі, полковник Тимур Бидай­беков, қалалық қорғаныс іс­те­рі департаментінің басшы­сы, полковник Әбдіғабит Шеге­­баев, сондай-ақ күштік құры­лымдарының, төтенше жағ­дай­лар департаментінің өкіл­дері мен Қарулы күштердің арда­герлері сөз сөйлеп, ой-пікірлерін орта­ға салды. Жиында әскерге шақы­рылғанға дейінгі жастарды әске­ри қызметке даярлау сапасы мен оқу орындарындағы әскери-патриоттық жұмыстың мазмұны бастапқы әскери технологиялық даярлық оқытушыларына бай­ланысты екені айтылды. Сон­дықтан бұл пәнді оқытатын мұға­лімдерді даярлаудың маңыз­дылығы ерекше болып тұр.

Осы конференцияда білім беру жүйесін дамыту, оқыту­шылардың құзыретін кеңей­ту мәселесі көтерілді. Баянда­машылар өз қызмет саласындағы ерекшеліктер, жоғары оқу орындарына түсу тәртібі, сондай-ақ қызмет өткеру жағдайындағы өзгерістер туралы әңгімеледі.

Жиын барысында оқушылар сарайының кіреберіс залында қонақтар мен қатысушылар үшін Қарулы күштердің, Шекара қызметінің және Ұлт­тық ұлан­ның әскери қызмет­шіле­рінің қару-жарақтары мен әскери жабдықтарының көшпелі көрме­сі ұйымдастырылды. Соны­мен қатар Төтенше жағдай­лар депар­таментінің өкілдері құт­қа­рушы­лардың арнайы жабдық­тарын тамашалатты.

Бұдан бөлек, Шымкент қала­сындағы «Қарулы күштер арда­герлері» кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Серік­бай Оңбаев еліміздің батырлары Саға­дат Нұрмағамбетов пен Рахым­жан Қошқарбаевтың ғасырлық мерейтойына орай дарынды оқушылардың қолы­мен салынған суреттер мен кітап­тар көр­ме­сін өткізді. Ардагер биыл жүз­­ге толған қос батыр туралы ай­та келіп, өзінің қорғаныс саласы министрлігінде қызмет атқарып, тәуелсіз Қазақ­станның қарулы күштері көз алдында қа­лып­тасқанын тебірене еске алды.

Конференция соңы оқушылар сарайының шәкірттері қойған патриоттық концертке ұласты. Музыка мен би композициялары ғана емес, сонымен бірге Екінші дүниежүзілік соғыс туралы спектакль барша қонақтарды тәнті етті.

 

ШЫМКЕНТ