11 Қаңтар, 2015

Театр орманының дарақ бәйтерегі

310 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
10-01-15-sygai-1Өткен жылдың соңында қазақ театр өнері мен сыны орны толмас үлкен қайғыға душар болды. Адами тұрғыдан да, шығармашылық шырғасында да әбден кемеліне келіп, айдынына толған шағында театр орманының дарақ бәйтерегі, осы салада жүрген көбіміздің сүйікті ұстазымыз, қазақтың біртуар азаматы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығы мен тәуелсіз «Тарлан» платина сыйлығының лауреаты, аудармашы, педагог, профессор Әшірбек Төребайұлы Сығай кенеттен дүние салды. Айтатыны жоқ, күтпеген жерден болған сол қазаның қапасынан әлі есімізді жия алмай жүрміз. Өмірден өткен қандай бір жақсы адам туралы сөз бола қалғанда, әркім оның өзіне қаншалықты қатыстылығы барын әңгімеге арқау етіп, жылы рәуіште араласқан жақтарын еске алып жатады ғой. Ал менің Әшірбек аға жөнінде кімде-кім шырт ұйқыда жатқан жерімнен оятып алып сұраса да, жаңылмай айтып беретін бір ғана жауабым бар. Ол мен үшін театр атты ғажайып әлемнің есігінен аттатып, төріне оздырған нағыз жол көрсетуші бағдаршы, ұлағатты ұстаз болды. Ол менің өмір жолымды бір емес, бірнеше рет дұрыс бағытты жолға салып жіберген аяулы қамқоршым-тын. Егер сонау 1990 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтында жаңадан ашылып жатқан театртану факультетіне емтихан тапсырып тұрғанымда, сол кезде оқу орнының ректоры Әшірбек ағай бір ауыз сөзбен мені демеп жібермегенінде, бұл мамандықтың жолына түсіп кетуім екіталай еді. Бұдан кейін Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессор-оқытушы құрамына келу үшін конкурсқа түсіп жатқанымда, тағы да ойламаған жерден бұл кісінің алдымнан Қыдыр ата секілденіп жарқ етіп шыға келгенін қалай ұмытайын! Осылайша артында қалған әлденеше ондаған шәкірттерінің көкірегін қалың қапа мен өксікті өкінішке толтырып кеткен Әшірбек Сығай қазақ театртану жүйесіндегі ең көрнекті тұлғалардың бірі еді. Жалпы, біз бұл саланың арғы-бергі тарихына тоқталғанда, ерекше орны бар екі тұлғадан ешқашан аттап өте алмаймыз. Олардың бірі – бұдан біршама уақыт бұрын өмірден өткен Бағыбек Құндақбаев болса, екіншісі – біз сөз етіп отырған Әшірбек Сығай. Бұлардың біріншісі қазақ театрының сонау 20-шы жылдардан 90-шы жылдарға дейінгі бүкіл тарихын реттеп, екшелеп, қағазға қаттап түсіріп кетсе, екіншісі біздің дәуіріміздегі театрдың кескін-келбеті мен оның барлық мүшелері – режиссерлер, актерлер, суретшілер туралы толыққанды портреттік очерктер жазып, саланың өзіндік ғаламат эпопеясын жасап берді. Дәл қазіргі таңда қазақтың тар ауқымдағы театр сынында да, кең ауқымдағы театртану ілімінде де Әшірбек Төребайұлының ешкім алдына түсе алмайды. Бұдан қалды, күні кеше бақи болғанына дейін шет жұрттың алдында бетке ұстап, халықаралық өредегі өнер сайыстарына ұсынатын ұстынымыз да осы Әшекең болатын. Былайша айтқанда, осы кезге дейін біздің ішкі де, сыртқы да дүниемізді осы Әшірбек ағай түгендеп келіп еді. Бізде әзірге оның дәрежесіне дейін өсіп-жетілген басқа бірде-бір тұлға жоқ. Соны біліп, сезінгендіктен шығар, танымал сыншы, белгілі театртанушы ағамыз өмірінің соңына дейін қазақ театрының тыныс-тіршілігіне жиі бойлап, оның ұңғыл-шұңғылына жіті де терең араласумен өтті. Сонысына орай, қаламы да суи қоймаған театр қайраткері күні бүгінге дейін театр төңірегіне қатысты мақалалар мен зерттеулерді өнімді де өнікті жазып тұрды. Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде де театр мен оның проблемалары туралы әркез өз ойларын жеткізіп тұрғаны тағы бар. Мұның бәрі Әшекеңнің бүкіл өмір бойы белсенді позициядан айнымағанын көрсетеді. Біз білетінде, театртану саласында жүрген маманның белсенді шығармашылық қызметін байқататын үш түрлі белгі бар. Оның біріншісі әрдайым театрдың дамуы барысы турасында алқалы жиындарда ой-пікір айтып отыру, театр байқаулары мен фестивальдерінде қазылық етіп, оның сайысына қатысушыларға баға беру болса, екіншісі театрға қатысты оқиғаларға, театр төңірегіндегі қайраткерлер жөнінде мақалалар жазып, оны жарыққа шығарып тұру, оларды кітап етіп құрастыру, ал үшіншісі шәкірт тәрбиелеп, оларға дәріс оқу, сала үшін жаңа мамандар даярлау болып табылады. Міне, осы үш белгінің үшеуі де Әшірбек Төребайұлына тән құбылыс болды. Мұны аз десеңіз, біздің республикамызда театртану бойынша маман дайындау ісінің бастау алар тұсында осы кісі тұрды. Рас, қазақ театрының тарихында Әшірбек Сығайға дейін де театр сынын жазған қаламгерлер аз болған жоқ. Ал Әшекеңнің солардың бәрінен де асып түсетін ерекше бір артықшылығы бар. Ол мұндай құрметке театртану ілімінің сөз қолданысын бір жүйеге түсіру арқылы қол жеткізді. Ол шын мәнінде жаңа заманғы театр журналистикасын қалыптастырды. Мұнысын ағай өзінің жазу өнері, жазу мәнері арқылы жасады. Ол қазақ театртану саласын да қатып қалған таптаурын тіркестерден, қасаң қағидалардан арылтып, оны жанды да жайсаң тілге айналдыруға болатынын толық дәлелдеп берді. Осы ашылған жол кейін талай талапкердің бағын жандырды. Сондықтан қазіргі таңда театртану саласында, оның театр сыны тармағында жүрген кез келген маман Әшекеңнің алдында қарыздар деп білемін. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Әшірбек Төребейұлы театрдың қазіргі заманғы тыныс-тіршілігі мен бағыт-бағдарын кәнігі тамыларшырдай өте жақсы біліп, аңғарып отырды. Ол мұны өз әріптестерімен пікір алмасу, газеттер журналистеріне сұхбаттар беру барысында байқатты. Ол осы заманғы театртанушының эталоны, үлгі-өнегесі еді. Біз сондықтан да әрдайым Әшекеңмен мақтанып жүрдік, Әшекеңе еліктеп жүрдік. Осындай жан-жақты білімді ғалым адамнан тәлім-тәрбие алғанымыз үшін, оның соңынан ергеніміз және қызметтес болғанымыз үшін марқайдық. Осы жылдарда оның қаламынан 20 кітап туған екен. Мұндай өнімділікті театртану саласында жүргендердің бәрі бірдей көрсете алған жоқ. Сонымен бірге ол бірнеше шетелдік авторлардың пьесаларын өте сәтті аударып, қазақ сахна өнерінің репертуарын толықтыруға тікелей атсалысты. Мен үстіміздегі оқу жылында Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінен Алматыдағы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қызмет бабымен ауысып келдім. Жаңа ортаға орныға бастаған кездегі қолға алған көлемді қоғамдық жұмыстарымның бірі оқу орны жанынан «Дидарғайып» атты мәдени-танымдық пікірталас клубын ашып, жұмысын жүргізу болды. Ал жаңа клубтың бірінші қонағы кім болады, деген мәселеде ешқандай бөгде вариантсыз таңдау бірден Әшірбек Төрабайұлына жасалды. Ағайдың да өзі құдайдан сұрағандай адам ғой, клубымыздың барлық асай-мүсейін дайындап, өзінен Алматы жаққа қашан соғатынын сұрағалы жүргенімізде, бір күні кешке қарай оның өзі кафедраға жарқ етіп кіріп келді. «Іздегенге – сұраған» дегендей, әкеміз тіріліп келгеннен бетер қуанып, сол бойда жұмысымыздың жай-жапсарын айта қойдық. Ағай сөзге келместен келісті. Келіскені былай тұрсын, шәкірттерінің үнемі ізденіп, жақсы істердің жанында жүргеніне тек қуануды ғана білетін ұстазымыз жаңа оқу орнында жаңа шараны қолға алғанымызға бек разы екенін білдіріп, кешті алдағы екі күннің бірінде өткізу керек екенін қадап тұрып айтты. Біз де дайын отыр едік, арада бір күннен өткеннен кейін-ақ ағайымыздың бас кейіпкер болуымен жаңа клубымыздың алғашқы отырысын дүрілдетіп өткізіп, оның тұсаукесерін де қиып жібердік. Осы күні Әшекең барынша көңілді отырды, барынша көсіліп сөйледі, мейлінше шешіліп сыр шертті. Алқалы жиын біткеннен кейін де біразымыз ағайды қимай, кафедрада қалып, бірлесіп шай ішкен сағатымыз да жадымызда ертегінің желісіндей болып, сызаттап қалып қойды. Қазір қарап тұрсам, бұл ұстазымызбен соңғы рет дидар ғайып болуымыз екен. Бақсақ, бұл ағамыздың бой жазып жүргендей шағы екен. Осы жолы ол оқу орнының ғимаратын да армансыз аралап еді. Кейін білдік, бұрын біраздан бері хабарласа алмай жүрген дос-жарандарымен де соңғы күндері біраз қауқылдасып баққан сияқты. Сөйтсек, осының бәрі Әшекеңнің өмірінің соңы бітіп келе жатқанына сайып тұр екен-ау! Сөз жоқ, Әшірбек аға үшін Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының орны да, жөні де бөлек еді. Сонау 1969 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіргеннен кейін осында қызметте қалған ол 1989 жылы осы оқу орнынан Алматы театр және кино институты деген құрылым бөлініп шыққанда, оның алғашқы ректорларының бірі болып, мұнда театртану факультетінің ашылуына үлес қосып еді. Кейін аталмыш институт алдымен Т. Қ.Жүргенов атындағы өнер университеті болған кезінде де, сосын академия болып қайта құрылған уақыттары бойында да ағай осында ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп еді.  Осы тұрғыдан қарағанда, өзі қолдан құрысып, бүкіл саналы ғұмырын өткізген біздің академиямыз ол кісі үшін нағыз төл перзент сияқты болып көрінуші еді. Ағайдың өмірінің соңғы күндерінде осында келіп, емен-жарқын кейіпте оны армансыз аралауы да, қарап тұрсақ, сезімтал да мейірбан жүректің қасиетті құтханасымен біржола қоштасқаны екен-ау! Ал бұл оқу орнында ол кісінің алдында тақ тұрмайтын, ол кісіні пайғамбардай құрметтеп сыйламайтын бірде-бір адам жоқ еді. Айналасына қашаннан мейір-шапағын шашып жүретін, адам баласына қылдай қиянаты жоқ ағамыздың бұл өмірге текке келмегенін ол кісі күтпеген жерден қапыл өлімге тап келіп, Алматы мен Астана қара жамылып жатқан күндерде көз жеткіздік. Ағамыздың бүкіл халыққа ортақ тұлға екенін оны ақтық сапарға шығарып жатқан сағаттарда анық аңғардық. Ұлық ұстазымыз өзінің өте жоғары кәсіби деңгейінен бөлек, кең ауқымдағы адами тұлғасымен, пайымы биік парасатымен ұлтының қалың қауымына түгел жаққан екен. Ол шынында да атын толық бас әріптермен жазуға тұратындай үлкен адамгершілікті қасиетке бай айтулы азамат еді. Ол қарақан басы мен өзінің аз күндік билігінің бекем болуын ғана ойлайтын тар өрісті әлдекімдер сияқты жанына кіл айтқандарын бұлжытпай орындайтын қара тобыр мен жан-жағынан қаумалап жүретін туған-туыс, ілік-шатыстарын жинаған жоқ, бұған мүлдем керісінше талағының биті бар, қолынан іс келетін, жазуға икемді талапты жастарға қамқор болып, соларға бағыт-бағдар сілтеп, жол көрсетумен өтті. Қазақ театр сынының басында тұрған Әшірбек Сығайдың осы сала үшін беретіні әлі де көп еді. Қолынан қаламы түспеген оның жазары да жеткілікті еді. Біздің қатты өкінетініміз, көкке қарыштай самғаған самұрық сынды алып тұлғамыз осылай нағыз кемеліне келген кезінде қанатынан қайырылды. Осыдан кейін театр сыны мен қазақ сахнасы саласы шын мәнінде де жетімсіреп қалғандай болып көрінеді. Мұны театртанушылар да, сахна сардарлары да бір ауыздан мойындап, айтып отыр. ...Ал бізге Әшірбек ағай күндердің күнінде кең маңдайы жарқырап, көздері нұр шашып шыға келетіндей болады да тұрады. Жаңагүл СҰЛТАНОВА, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы.