АЛМАТЫ. 10 қаңтар. Бүгін Алматыдағы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқу театрының сахнасында «Сафуан Рысбайұлының антреприз театры» деп аталатын жаңа өнер ұжымының тұсаукесері болып өтті. Бұл туралы ras.kz хабарлады.
Жаңа антрприз театры сахнаға француздың классик жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» ертегі-тәмсілі бойынша қойылған спектакльді шығарды. Ол моноспектакль түрінде, яғни сахнада бір ғана актердің ойын көрспетуі арқылы қойылды. Оны Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық жасөспірімдер театрының актері Сафуан Рысбайұлы орындады.
Спектакльді режиссер Болат Әбдірахманов қойды. Оның инсценировкасын Болат Әбдірахманов пен Сафуан Шаймерденов жасады. Ал ертегі мәтінен қазақ тіліне Ж.Қонаева аударған.
Сахнада ұшқыш, кішкентай ханзада, раушан гүлі, патша, атаққұмар, маскүнем, іскер адам, географ, шырақшы, түлкі, жылан сынды кейіпкерлер көрінеді. Ал оқиғаның негізгі желісі жылан, түлкі және раушан гүлі іспеттес үш аллегориялық геройлардың арасында өтеді.
Спектакльдің фабуласы оның персонажы – ұшқыштың бұдан бірнеше жыл бұрын Сахараның шөлінде, алыстағы бір елсіз жерде кішкентай ханзадамен кездейсоқ кездесіп қалғанын әңгімелеуінен басталады. Сахнада осы сәттерде басқа планетадан келген адамдардың саяхаттары жер бетіндегі оқиғалармен астасып, тақырыпты аша түсуге қызмет етеді. Адамдар арасынан дос іздеген кішкентай ханзада ең соңғы аялдамада ғана өз дегеніне жетеді.
«Спектакльдің басты кредосы адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған. Оның түйінді сөзі «Жаныңда жүр жақсы адам» дегенге саяды. Ол адамдар арасындағы үйлесімділікті ту етіп көтереді. Ал адамдарды жақсы көру, оларға жақсылық жасау деген қатар отырып алып, бір-біріңді мақтау мен марапаттау емес, оны өзіңмен бір бағытта ала жүріп, жақсы жолға салуға негізделеді. Міне, спектакльдің басты айтпағы да осы, - деді тұсаукесер қойылымнан соң Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы, театртанушы Жаңагүл Сұлтанова. – Бас-аяғы бір жарым сағатқа созылған ертегі-тәмсілде барлық кейіпкерлерді бір өзі сан қырынан алып шыққан танымал актер Сафуан Рысбайұлы өзіне жүктелген осы міндетті керемет абыроймен, өзіне тән шеберлікпен өте жақсы атқара білді. Оның қайсы бір кейіпкері де өзінің оқиғаға терең қатыстылығымен, өзіне керекті белсенділікпен жанды түрде көрінді. Бұл – бір. Екіншіден, қазір біраз уақыттардан бері әлем театрларының көпшілігінде орнығып қалған моноспектакльдер дәстүрінің қазақ сахна өнері үшін де жат бола алмайтынын анық байқатып берді. Біз осы үшін актерге разылығымызды білдіреміз».
Бір айта кететін жайт, оқу орны жанынан ашылып жатқан «Сафуан Рысбайұлының антеприз театрының» табанынан тік тұрып кетуіне «Тамшы» ғылым және мәдениет қоры құрылтайшылық жасады.
Руслан Игілік.
Дерек, сурет: ras.kz.