Өнегелі өмірінің ғасырлық белесіне аяқ басқан қария әлі де тың. Кешегі отты жылдардың естелігі күні бүгінге дейін жадында. Соғыс басталғанда ауылдың ер азаматтары майданға кетіп, шаруашылықтың бар ауыртпалығын әйелдер мен кәмелетке толмаған жас балалар көтереді. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жұмылып жұдырық болып, жеңіс үшін еңбек етеді.
«Сонда 15-16 жастағы баламыз. Шөп шаптық. Жас тайыншаны үйретіп, тырмаға жегіп алып, шөп тырмаладық, мая салдық. Ауылдан 75 шақырым жерде Бреды деген станса бар, сол жерге өгіз арбамен астық тасыдық. Ол кезде соғысқа ат керек пе, арба керек пе, киім-кешек керек пе, ешкім бір ауыз сөз айтпайтын, әскерге ат керек десе, жалғыз атын жетектетіп қоя беретін. Бәрі майдан үшін қызмет істеді», дейді қарт майдангер.
Қасымхан ата әскер қатарына 17 жасында, 1943 жылы 10 қаңтарда алынды. Алдымен Златоусттағы 6 айлық пулеметшілер училищесінде атуға машықтанады. Кейін жаңа құрылған 14-әуе десанты бригадасына қабылданды. Жиырмаға толмаған жас десантшы жау тылында жиі болып, талай рет ажалмен бетпе-бет келді. Жеңіс жақындаған тұста майданның алдыңғы шебінде шайқасты.
«Будапешт қолдан-қолға өтіп жатқан кез. Болотон деген үлкен көл бар. Бізді сол жерде қорғаныста тұрған немістің танк дивизиясына апарып салды. Қирамаған дүние жоқ, айналамыз түгел – түтін, жалын, жанып жатқан техника. Менің қолымда пулемет, қасымдағы жігіттің қолында – ПТР. Өзі екі иығына екі адам мінгендей, еңгезердей қарулы жігіт еді. Ұмытпасам, осы Шымкент жақтан, есімі Төкен болуы керек. ПТР-дің салмағы 9 кило, дискісі бар. Онысы иығынан түспейтін. Сол жігіт келіп қалған жау танкісін атып еді, әлгі танк бір орында тұрып қалды да, бұрқ ете қалды. Танкіден шығып үлгергендерді мен пулеметпен қарсы аламын. Қырқып салады. Сол сәтте Төкен молдасоқынып отыра қалды да, екі қолын көтеріп билей бастады. Танк жанып жатыр. Бізге де оқ жауып жатыр ғой. От пен оқтың ішінде отырсаң да, керемет қуаныш болады екен. Өлім мен өмірдің арпалысы ғой енді. Үлкен жеңістің бір ұшқыны еді – бұл. Міне, ғажап! Осы шайқастан кейін Төкенге «Қызыл Жұлдыз» ордені берілді. Содан бүкіл Мажарстанды көктей өтіп, Дунайға келіп тірелдік. Сол жерде ІІ Украина майданынан біздің 100-дивизияны алдыңғы шепке салды. Осылайша, біз 1945 жылдың көктемін Вена қаласында қарсы алдық. Фашистер оңайлықпен берілгісі келмеді. Ар жақтан одақтас күштер көмекке келген соң ғана жаудың беті қайтты. Біз сол жерде Америка әскерімен қауыштық. Аустрияны азат еткеннен кейін, бір ай жаяу жүріп отырып, қайтадан Будапешттің түбіне оралып, сол жерде тұрдық», дейді Қасымхан ата.
Будапешт маңындағы Болотон өзені бойында қорғаныста тұрған немістің 11-танк дивизиясымен болған қанды шайқас қарт жауынгердің әлі есінде. Алғы шептегі шайқастан кейін шаршап, түнемелде окоп қазбай жайдақ жерге жата кеткен қанды көйлек қаруластарының көбі көз алдында мерт болады.
«Бір ағаштың бауырына тоқтадық. Командир ешқандай шылым шегу, от жағу болмасын, тездетіп окоп қазып алыңдар деп бұйырды. Өзімізге саршұнақтың іні сияқты тіп-тік окоп қазып алдық. Бірсыпырасы жерге жата кеткен бойы ұйықтап қалды. Түн ортасында жаудың ірі калибрлі пулеметі оқ жаудырды, сол түні окопта жатқандар ғана аман қалдық», дейді майдангер.
Қасымхан қария соғыс өтінде жүрген майдангер үшін елден келген хаттан ыстық ештеңе жоқ дейді. Жастайынан өлеңге құмартып өскен жауынгер хатты өлеңмен жазыпты. Оның майданның екінші бір түпкірінде жүрген туған ағасына жазған хаты інілік сағынышқа толы.
«Мен ол кісіні бапа дейтін едім, «Бапам тірі қалды ма, жоқ па» деп ойлаймын. «Інім тірі қалды ма» деп ол ойлайды. Бір күні хат келді. Ол хаттың жауабын: «Бапа, саған айрықша арнап жаздым хат, Хатыңда алып қалғаннан соң, болып шат. Көптен бері хабарыңды біле алмай жүруші едім, оң мен солға алаңдап. Міне, бүгін, өз қолыңмен жазған хат, Жатыр алда, оқып шықтым қат-қабат, Көзім көріп, өзіңменен сөйлесіп, Қалғандай боп, өсті бойда күш-қуат. Қуанғаннан төбем көкке жеткендей, Жүрек тулап, көңілге нұр сепкендей, Көптен бері ой шырмаған уайым, Бір-ақ сәтте бойдан шығып кеткендей. Енді, бапа, хат арқылы қатынас, Үзілмесін, аман болсын, ғазиз бас, Осыменен інің сөзін аяқтап, Сағынғаннан сығып алды көзден жас», деп өлеңмен жаздым», дейді қарт десант.
Майдангер жеті жарым жыл әскери борышын өтеп, елге 50-жылдары ғана оралды. Шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүйді. 30 жыл ұстаздық етті. Алғаш математика пәнінен сабақ берсе, кейін қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болды. Аудандық газетте қызмет етті. Облыстық айтыстарға қатысып, Омар Шипин, Нұрқан Ахметбеков сынды саңлақ ақындармен сөз қағыстырды. Тағылымды кітаптар жазды. Ғасырмен құрдас қарт жауынгер қолына қара домбырасын алып, анда-санда қанды көйлек жолдастарын еске алып, өлеңмен жазылған майдан хаттарын әнге қосады.
1959-1979 жылдар аралығында Қостанай өңірінде алты рет ақындар айтысы өткен екен. Жетіқара ауданында ауыл мұғалімі болып жүрген Қасымхан Алдабергенов осы айтыстардың төрт дүркін жеңімпазы атанады. Ақын туралы, айтыс өнері туралы сол кездегі одақтың бас басылымы «Правда» газеті де жазады.
1980 жылы майдангер Қостанай облысының атынан Алматы төрінде өткен ІІ республикалық айтысқа қатысады. Сол айтыста қазақ поэзиясының абызы Әбділда Тәжібаевтың өзі өнеріне риза болып, иығына шапан жауып, қолына домбыра ұстатыпты. Ол айтыс «Жыр-шашу» жинағына енді.
Кезінде Қасымхан атамызды қазақ теледидары төрт рет Алматыға қалап шақыртып, «Халықтар қазынасы» циклінен ұлы Абайдың «Масғұт», «Ескендір» поэмаларын жырлатқанын да айта кеткен ләзім. Ол хабардың ара-арасында майдангердің төл туындылары да орындалды.
Сүйегі асыл абыз кеуде қария жүзге таяп қалса да әлі тың. Жады мықты, көңілі сергек, көңілі сайрап тұр. Шақырған жерден қалмай, жастармен кездесіп, кеудедегі қазыналы көмбесін ақтарудан ешқашан шаршаған емес. Мұндай кездесулерде қарт десантшы тілерсектен қан кешкен қаһарлы күндерін әңгіме еткеннен гөрі, өңір руханиятының шежіресін ағытып, кезінде Тобыл өңірінде дәстүрлі мектепке айналған жыршылық, термешілік өнердің көрнекті өкілдері хақында сыр ақтарғанды жөн көреді.
Қостанай облысы