Тағзым • 11 Мамыр, 2024

«Аты оның еді Абдолла...»

1763 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Жас ақын Абдолла Жұмағалиев батырлық туралы жазуды сүюші еді. Оның геройлары тамаша ерліктер жасауға ұмтылатын. Соғыс ақынның өзін де шығармаларындағы геройлары сияқты батыр, табанды солдат етіп шығарды». «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 13 қаңтар нөміріндегі осылай басталатын шағын мақала ақынның майдандағы ерлігін еліне әйгілеген еді. Жерлестеріне, қаламдас жолдастарына ғана емес, ержүректік оқиға бұдан екі күн бұрын «Правда» газеті арқылы бүкіл одаққа мәлім болған-ды.

«Аты оның еді Абдолла...»

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Абдолла Жұмағалиев 1915 жылы 26 ақпанда (кейбір ресми құжаттарда 1914 жылы) (құжатта 3 сәуір деп қате көрсетілген) Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданындағы Маркс селолық кеңесіне қарасты Былқылдақ елді мекенінде дүниеге келді. Бүгінгі таңда Сырым ауданы, Жосалы ауылдық округі аталады. 1941 жылдың шілдесінде Алматы қаласындағы Фрунзе қалалық әскери комиссариатынан 316-атқыштар дивизиясының 1075-атқыштар полкі құрамында майданға аттанды. Әйгілі генерал Панфиловтың басқаруындағы құрама біліктілігі мен батылдығының арқасында майданға тыңғылықты дайындықпен шыққан. Жау­жүрек панфиловшылар қазан айын­да Батыс шептің 16-әскері құрамында қолбасшы Рокоссовскийдің басшылығымен аса жауапты шеп – Волокалам тасжолының қорғанысын қамтамасыз етті.

Әскери дайындықта ерекше қабілеті­мен көзге түскен жауынгер Абдолла Жұ­мағалиев 203-арнаулы барлаушылар рота­сының сапына алынды. Көп кешікпей пулеметші болу арманына да қол жеткізді. Бірақ соғыстың аты – соғыс, Новинки деревнясында болған ұрыста взвод пулеметшісі Абдолла Жұмағалиев қаза тапты. Ақын­ның ерлігі туралы тек газет бетіндегі қысқаша дерек күйі қалмасын деген ниетпен Мәскеудің қорғаныс тәсілдері туралы 1941 жылғы қазандағы библиографиялық дереккөздер мен архив құжаттарын сараптап, біршама зерделеу жұмысын жүргізген едік. Өйткені Абдолланың соңғы шайқасы сол жылдың 26 қазанындағы әскери бұйрықты орындау іс-қимылының аясында болған.

Абдолла Жұмағалиевке қатысты тың мәліметтерді жаңғыртуға, әсіресе Дмитрий Снегиннің 1948 жылы жарық көр­ген «На дальних подступах» атты повесі маған оның жауынгерлік бейнесін зерделеуде біраз жайтты ашып берді. Бұл майдан жазбалары кейіпкердің қаһармандық қырын ашуда құнды деректер ұсынады. Жазушы қажетті деректерді мұқият жинақтау арқылы Панфилов дивизиясына қатысты шынайы тарихтың беттерін жазған. Оның жазбаларындағы майдан даласындағы ұрыстардың мезгілі мен орны, ұрысқа қатысушылар туралы ақпарат дәл берілген. Қаламгер дивизия құрамында бес жыл бойы майдан даласында болды. Соғыстан соң аты аңызға айналған даңқты құраманың жолын дәріптеп, командирлері мен қатардағы жауынгерлерін әйгіле­ген шығармалары арқылы сол сұрапыл кезеңнің шежіресін жазды.

«Шалғайдағы шепте» повесі ауыз әде­биеті мен ұлтымыздың ұлы ойшылы Абайдың мол мұрасымен сусын­да­ған Абдолла Жұмағалиевтің жоға­ры пат­риоттық рухы мен шешуші шай­қас алдындағы ішкі жан дүниесін шебер сурет­тейді. Әскери прозаның артықшы­лығы сол, автор құнды құжаттар мен өзі куәгер болған нақты оқиғаларға сүйене отырып, майдан даласындағы шынайы көріністі оқырманның көз алдына әкеледі.

Міне, қарулас артиллерист жолдасы ақынжанды Береговойға Абдолла Абай өлеңдерінен үзінді оқып отырған сәт: «Не праздно тикают часы, жизнь уходит – вот гляди, прошла минута и жизнь прошла, ее не вернуть, прощай судьба». Сыз оқпанада отырып қаруласымен өз сырын, соғыс алдында бастап жазған ұзақ дастаны туралы да сыр бөліседі.

– Тыңдашы, Абдолла. – Береговой пулеметші досын иығынан қыса тіл қатты. Абайыңның: «лишь вера и правда – на гребне волны» дегені қандай! Бұл, бауырым, біз туралы, бәріміз туралы айтылған. Сірә, Абай сенің дастаныңа жол ашқандай, әдебиетке тұсауыңды кескен деп бейнелеу­ге де болар.

Абдолла қаруласының сөзін жалғай түсті:

– Өзіме шығармам басында шикі көрінді. Менің терең бойлай алмағаным анық. Ол енді мұнда, майдан даласында жалғасады... – деген сарбаз сөзін нықтап, салмақты жүзбен қолын құлаштай сер­меді. Алыстан аспанға атқылаған жау ракеталарының жарқылы, отқа оранған ауылдар, жаралы жауынгерлер, бәрі де оның назарынан тыс қалған жоқ. – Мен енді Абайға арналған поэманы қалай жазу керегін білемін!

Расында да, Абдолла Жұмағалиев соғысқа дейін де Абай шығармаларын жата-жастана оқып, жыр жазуға, өлеңді Абайша жазуға аса құмар болды. Ал жазушы Мұхтар Әуезовтің қолдауы оның дарын-қуатын еселеп, ұлы ақын туралы поэманы жазуға кірісуіне себеп болған еді. Дмитрий Снегин ақын шығармашылығы туралы көзқарасы мен жауынгердің жан дүниесін, ұстанымын оқырманға байланысшы Аямбек Нұркенов арқылы жеткізеді. «Мен ауыл мұғалімі кім екенін енді ғана ұққандаймын. Мен бұдан былай балаларды батыл әрі отансүйгіш етіп қалай тәрбиелеу қажеттігін білемін. Мен оларға осы түн туралы, Абдолла туралы, үлкен Отан... бәрі, бәрі жөнінде бүге-шүгесіне дейін баяндап беремін».

Осылайша, жазушы қазақ даласының ұлы Абдоллаға Аямбек болып тамсанады, осылайша, Дмитрий Снегин ұлы Абай­дың қазақ халқына қалдырған бай мұрасы мен Абдолла Жұмағалиевтің Абай шы­ғармаларына құштарлығын паш етеді, ақындардың құндылығын ұрпағына аманаттағысы келеді.

Сөйтіп, Снегиннің майдан туындысы арқылы Абдолладай батырдың қайсарлығы мен қаламгерлігін қатар айта түскен абзал. Абайдан қуат алған, оның ақындық қуатын жан-тәнімен сезінген, сөйтіп, ұлт ұстазы туралы дастан жазуды армандаған Абдолланың ширек ғасырдан сәл асқан шағында шейіт болғаны өзекті өртейді. От пен оқтың арасында көзсіз ерлігімен танылған ақын елге аман оралғанда қазақ әдебиетін құнды дүниемен байыта түсер ме еді деген сауал көңілде тұрады.

Абдолланың рота командирі В.Гри­­го­рьевтің 1942 жылғы 6 желтоқсанда «Совет­ская гвардия» газетінде жарық көрген «Писатель – герой!» атты мақаласы бізді сонау соғыстың бір сұрапыл күніне қайта оралтады. Деревня шетіндегі жалғыз үй жау құрсауында қалған. «Одинокий дом был окружен со всех сторон»... Қазақша сөйлетсек: «Немістер Жұмағалиевтің көзін құрту үшін бар күшін салды. Жан-жақтан шабуылдаған неміс әскеріне жалғыз да болса Жұмағалиев оңайлықпен берілмейтінін байқатты. Сол кезде немістер үйге от қойды. Біз ауылды алыстан бақылап тұрдық. Өртке оранған үйден автомат даусы әлі шығып жатты. Ұрыста біз көп дүниеге үйрендік. Ерлікке, қайсарлыққа. Алайда, біз жападан жалғыз жау құрсауында қалған, сонда да өліспей беріспеген Абдолланы еске алғанда, оның жасағаны жай ерлік емес екенін сөзсіз ұғындық. Ол өртеніп жатқан үйден тірі шыға алмасын сезсе де, ажалды қасқайып тұрып қарсы алды. Оның бар ойы отансүйгіштік сезіммен, намыспен астасып жатты. Абдолла батырлар туралы жиі жазатын, енді өзі де қаһармандық танытты».

1943 жылғы 13 қаңтарда «Социалистік Қазақстан» газеті аталған мақаланы қазақ тілінде басып шығарды. Командирдің бұл мәліметі – Абдолланың батырлығына берілген алғашқы тарихи баға еді. Сөйтіп, жайсаң жігіт Абдолланың теңдессіз ерлігі туған еліне мәлім болды. Кейін ақын Әбу Сәрсенбаев 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу қорғанысын қамта­масыз етуге қатысушы ретінде «Ақын жүрегінің алауы» атты мақала жариялап, онда Абдолла Жұмағалиевтің қайтпас қайсарлығына куә қаруластарының атын атап, нақты деректер келтіреді.

«26 қазан. Таңсәрі. Артиллериялық канонада. Панфилов дивизиясы бірне­ше дүркін жауға тойтарыс беріп, қор­ғаныстың жаңа деңгейіне көшті. Лейте­нант Григорьевтің ротасы дивизия мен ар­тиллериялық полктің қауіпсіздігін қамта­масыз етті. Қиян-кескі шайқас ке­зін­де жау әскерлері бақылауға алған үйде басын қатерге тіккен үш жауынгер қалды. Олар Абдолла Жұмағалиев, Иван Дунай, Әбіл Құндыбаев». Демек кейінгі екеуі Абдолланың ерлігін көзбен көрген қаруластары. Жаужүрек жігіттің батырлығы туралы жар салған да – сол екеуі. Гвардия капитаны В.Григорьев те «Писатель – герой!» мақаласын Иван Дунай мен Әбіл Құндыбаев баянхаттарының негізінде құрған.

1944 жылы тағы да «Социалистік Қазақстан» республикалық газетінде ақын Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы жарық көрді. Міне, сексен жыл бойы оқырман сусындап келе жатқан шоқтығы биік поэзия туындысының соңғы бір бағасын олардың ізбасары – қазақтың Қадыр ақыны беріпті. Яғни «Қасым Аманжолов өзінің үзеңгілес досы, ақын-батырдың ерлігіне арнап жалғыз әрі мәңгі ескерткішті орнатты». Шынында да:

«Көкірегінің кекті зілін,

Қоса түйреп қорғасынға,

Қанды қырғын қапылыста

Айрылып бар жолдасынан.

Жараланған жолбарыстай

Өрт жанарлы бір жас ұлан,

Ырғып бұлттан түсер жайдай.

Өзі оқ боп атылғандай,

Ерегіске жанын тігіп,

Күтті жауын, тас бекініп», – деп тас түйін сертпен жау оғына кеуде тосқан Абдолла ерлігін жырға қосқан Қасымның ақын өлімі туралы аңызын жаттап өскен ұрпақ қаншама.

1948 жылы жазушы Дмитрий Сне­гиннің 316-атқыштар дивизиясының 857 артилериялық полкі құрамында соғысып, майдан ортасындағы оқиғаларды көзімен көрген шежіреші әрі мұрағат құжаттарын пайдаланған қаламгер ретінде жазған жоғарыдағы «Шалғайдағы шепте» атты повесін жариялады. Повестің бас­ты кейіпкерлері – генерал В.Панфилов, батыр Бауыржан Момышұлы, ақын Абдолла Жұмағалиев, Брест қамалын қор­ғау­шы, болашақ ғалым В.Фурсов секіл­ді тұлғалар. Снегин өз шығармасында қатардағы сарбаз Абдолла Жұмағалиевті аталғандардан бөле-жармай, оның ерлігіне ерекше екпін түсірді. Айтар болсақ, генерал Панфиловтың өзі де Жұмағалиевтің жаужүректігіне тәнті болатын.

– Редакторға айтып, қайсар пулемет­шінің жазған өлеңі мен жасаған ерлігін газет бетінде жариялау керек. Отбасының қайғысын бөлісіп, елге лайықты хат жөнелту керек, – депті Панфилов. Жазушы араға біраз жыл салып, дәлірек айтқанда, 1961 жылдың 30 тамызында бұл тақырыпқа қайта оралды. Ол Абдолланың ағасы Ғұбайдолла Жұмағалиевке хат жолдап: «сіздің бауырыңыз Абдолламен мен шын мәнінде Панфилов дивизиясында бірге қарулас болдым. Ол атқыштар, ал мен артиллериялық полкте тұрдық. Соңғы рет оны 1941 жылғы қазанда, Мәскеуден шалғайдағы кіре берісте фашистермен болған кескілескен шайқас кезінде көрдім. Тізерлеп өмір сүргеннен гөрі тұрып өлгенді жөн санаған жауынгер Отанының үлкен жүректі ұлы бола білді. Бауырыңмен қалай мақтанса да болады! Абдолланың ерлігі дәріптелген «Шалғайдағы шепте» атты кітабым да сіздің жеке қорыңызда бар деп ойлаймын.

Снегин аталған повесінде барлаушы Абдолла Жұмағалиев пен кіші ко­ман­дирдің ұрыс алаңындағы алдын ала болжамы дәл келгенін баяндайды. Танк­тер әбден жүрілген жолмен 1-ба­тальонның қорғанысына шабуыл жасайтыны болжанған. Ойлы-қырлы, шынжыр табанның жүруінің өзін қиындататын тұстарда басқа бөлімдер орналасқан еді. Сөйтіп, фашистер батальон қорғап тұрған негізгі соққыны Новинки деревнясына бағыттады. Қысылтаяң сәтте Аб­доллалардың пулеметшілер взводына фа­шистердің жақындауына жол бермей, батальонның шегіне отырып, жаңа бекініске көшуін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. «Ұрыс күннің екінші жартысына дейін жалғасты. Оқ дауыстары, әсіресе Абдолла болған сарай жақтағы атыстар саябырсыды. Тоқтады. Немістердің снаряды да көк жүзін шарлауды қойды. Фашисттердің де қару-жарағы отқа оранды. Окоп ішінде жаралы жауынгер жатыр. Ол аянған жоқ, үсті-үстіне оқ атқылады, ақыр аяғына дейін шайқасып бақты. Бәрі өртенді, пулеметші де қаза тапты. Дұшпанға оқ жаудыру арасында өз тілінде... әндеткен еді. Бұл – намыстың әні, асқақ рухтың әуені еді».

Абдолла ерлігі туралы жылдар жүзінде журналист И.Нарцисов, ақын-жазушылар П.Кузнецов, Әбу Сәрсенбаев, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожиндер естелік қалдырды. Өкінішке қарай, КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде сақталған «Мемориал» деректер базасында Абдолла Жұмағалиев жөнінде 1954 жылғы 20 ақпанда Жымпиты аудандық әскери комиссариаты жолдаған «1944 жылдың соңында қаза тапты деп санауға болады» деген бірауыз сөз жазылған. Жерлес жауынгер жөнінде осындай мардымсыз ақпаратты толықтыруға тырысып, мәліметтер сайттың «Қосымша деректер» бөлімінде өз қолымыздағы деректерді топтастырып, «Естеліктер жолы» жобасында батырдың суретін жариялаған едік.

316-атқыштар дивизиясының ерен ерлігін лайықты бағалаған маршал Г.Жуковтың: «Менен соғыс несімен есте қалды деп сұрағанда, бірден Мәскеу үшін шайқас көз алдыма келеді. Ол тарихи шайқас, жаудың «Барбарос» жоспарының быт-шытын шығарған жеңісті текетірес» деп еске алады. Осы тағдыршешті ұрыс ішінде Абдолла Жұмағалиевтің болғанын, көптің бірі болмай, намысты ту етіп, жарқырай көрінгені ұлты үшін өшпес өнеге. «Ақын Абдолла Жұмағалиев Отан үшін майданда от болып жанып кетті. Оның алауы әлі сөнген жоқ. Сөнбек те емес: Ол – мәңгілік алау» (Қадыр Мырзалиев).

«Түсір еске есіл ерді,

Аты оның еді Абдолла»,

деп Қасым ақын аманаттап кеткендей, соғыс өрті алыстай түскенімен, бүгінгі ұрпақ елі үшін отқа түскен батырының ерлігі лайықты бағаланғанын қалайды. Бұл – аға буынның да, жаңа буынның да, соғыс көрген бірен-саран қалған майдангерлер мен тыл ардагерлердің ортақ тілегі, елдің сөзі. Солардың атынан Қазақстан Жазушылар одағы 60-жылдары Қазақ КСР Жоғары кеңесі төралқасына және КСРО Жоғары кеңесі төралқасына азамат Абдолла Жұмағалиевке «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы үндеу жолданған еді. Ескерусіз қалды. Ендеше, егемендік талабымен «Халық қаһарманы» атағын беру – рухани жаңғырып, тарихты түгендеуге кіріскен, бүгінгі бейбіт күннің қаншалықты қиындықпен келгенін сезіне білетін біздің тілегіміз болса дейміз.

 

Нұржан ТӨЛЕПОВ,

музей ардагері, өлкетану ісінің үздігі

 

Астана