Халық • 10 Мамыр, 2024

Платонның тұсауын кесті

126 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірлік күнін қостанайлық ерлі-зайыптылар Роман Ким мен Александра Куц кішкентайлары Платонның бір жасқа толуы мен тұсаукесер тойын қатар атап өтті.

Платонның тұсауын кесті

Александра – орыс, Роман – корей ұлтының өкілі, екеуі де – кәсіби фотограф. Осыдан екі жыл бұрын шаңырақ көтерген жас отбасы үйде Жаңа жыл, Наурыз, Пасха тәрізді дәстүрлі ме­ре­­­келердің бәрін атап өтетін­дерін айтады.

«Дастарқан үстінен корей халқының бәліші пигоди мен күріш ұнынан пісірілген қытыр­­лақ наны кадюри үзілмейді. Өйт­кені бұлар – Романның ең жақсы көретін тағамдары. Күнделікті орыс асханасына тән тағамдарды да әзірлеймін. Ал мереке күндері міндетті түрде ет асып, бауырсақ пісіреміз», дейді Александра.

Платонның 1 жасқа толу қуа­ны­шына ерлі-зайыптылардың жақын туыстары мен жора-жолдастары шақырылды. Дас­тарқан жайылып, ортаға ет келген соң, жас отбасының жарасымды тұрмысы дәріптеліп, ақ тілек­тер­дің тиегі ағытылды. Отбасы қуанышының ең қызықты сәті баланың  тұсауын кесетін кезде басталды.

«Өзім кәсіби фотограф бол­ған соң, жұрт отбасылық жиын-тойларға жиі шақырады. Маған әсіресе тұсаукесер рәсімін фотосуретке түсіру қатты ұнай­­тын. Ақ кілемнің үстінде аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан сәбиді суретке түсіргеннен артық ештеңе жоқ. Қазақтың тұсаукесер дәс­­түрінің ұнағаны соншалық, тұрмысқа шыққан соң, өзімнің де кішкентай бөпемнің тұсауын кестіремін деп шештім. Бүгін, міне, сол қуанышымызды атап өтіп жатырмыз. Тұсаукесер дәс­­түрінің мәні тереңде. Таңер­­тең біз қонақтарымызға «асян­ди» асын бердік. Корей хал­қын­да баланың ең алғашқы туған күнін асянди деп атайды, дәс­түр бойынша оны сағат он екі­ге дейін өткізу керек. «А» – бала, «Сянди» туған күн деген ұғымды білдіреді», дейді Платон батыр­дың анасы.

Ата-анасы сәбидің тұсауын осы кісідей сабырлы, елге қадірлі, бай бол деп ырымдап, Романның ең үлкен ағасына кестірді. Одан кейін шашу шашылды. Роман мен Александра баланы екі жағы­нан жетелеп, ақ кілемшенің үсті­мен алып өтіп, ақ жолға салды. Кілемшенің екінші басына отыра кеткен Платон шашылып жатқан заттардың ішінен автокөлік кілті мен теннис добын таңдап алды.

«Мен елімді, туып-өскен қа­ламды өте жақсы көремін. Ұлым­­­ның да алғашқы туған күні мен тұсаукесерін осы баламның алды ашық, жолы жеңіл болса екен, елімізді бірлік-ынты­­­­­ма­­­­ғынан, бүгінгі берекесінен айырмаса екен деп ырымдап, халық бірлігі мерекесіне орайлас­тырып өткіздік», дейді Александра.

 

Қостанай облысы