Денсаулық • 11 Мамыр, 2024

Обырдың емі – ерте диагноз

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Медициналық сақтандыру қоры Алматыда онкологиялық дерттерді ерте анықтау мақсатындағы шараларға 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп отыр. Арнайы скринингтік тексерулер обырдың үш түрін асқындырмай анықтауға мүмкіндік береді.

Обырдың емі – ерте диагноз

Сонымен скринингтік зерттеу­лерден қалай өтуге болатыны жөнінде МСҚ Алматы филиалының мамандары түсініктеме берді. Медициналық сақтандыру қоры­ның мәлімдемесіне сүйенсек, биыл 228 мыңға жуық алматылық тұрғын онко­логиялық тексерулерден өтуге тиіс.

Скрининг арқылы қандай дертті анықтауға болады?

Денсаулықты бұлай тексерумен жатыр мойны обырын – 30-70 жас ара­лығындағы әйелдерден, сүт безі обырын – 40-70 жас аралығындағы әйелдерден және колоректалды обырды 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерден ерте анықтауға болады.

Скринингтен өту жиілігі қандай?

Скринингтік зерттеулердің кей түрі бес жыл сайын, кейбірі екі немесе төрт жыл сайын жасалады. Мысалы, сүт безі ісігі мен тоқішек обырына екі жылда бір рет, ал жатыр мойны обырына төрт жылда бір рет тексерілу қажет.

Скринингтік бағдарламаға қандай қызметтер кіреді?

Әйелдер жатыр мойны обырына тіркелген емхана арқылы тексеріледі. Акушер-гинеколог, онколог пен маммолог сынды мамандар кеңесіне жүгініп, УДЗ, маммография сынды тексерулерден өте алады. Сонымен қатар сүт безі обырының алдын алу үшін видео­кольпоскопия немесе кольпоскопия, ПАП-тест, пункциялық биопсия мен гистологиялық зерттеулерге тапсыруға болады.

Колоректалды обырдың алдын алу­ға ар­налған тексерулерден ерлер де, әйел­дер де өтуге тиіс. Профилактикалық іс-ша­ралар барысында олар хирург, онко­лог, гастроэнтеролог пен проктолог ма­ман­дардан кеңес алады. Сондай-ақ үлкен дәреттегі жасырын қанды тексеру мақ­сатында шұғыл әдіспен гемокульт-тест тапсырады. Жалпы видеоколоноско­пия, эндоскопиялық биопсия және гисто­логиялық тексерулерден өтуге болады. Про­филактикалық тексерулер МӘМС паке­тіне енген, сондықтан скринингтен өте­тін азамат сақтандырылған болуы шарт.

Скрининг өткеннен кейін не істейміз?

Скринингтік зерттеуден өткен пациенттерге денсаулығынан кінәрат та­былған, қатерлі ісіктерге күдік анық­талған жағдайда салалық мамандарға жол­­дама беріледі, қажет болғанда ем тағайын­далады.

 

АЛМАТЫ