Пошта арқылы арбау
Үйіңізге пошта арқылы келетін сансыз хаттарды байқайтын боларсыз. Солардың ішінде қайсысы керек, қайсысы қажет еместігін бірден ажыратып, сол тұста қоқысқа тастай салған кезіңіз болды ма? Үйге хат жолдап, «сіз пәлен ақша ұттыңыз, сіз жеңімпаз атандыңыз» деген секілділер көбейіп кетті. Мысал ретінде, осыдан екі жылдай уақыт бұрын біршама адамды шулатқан «На дом сервис» компаниясы туралы біреу білсе, біреу біле бермейді. Тұрмысқа қажетті заттар сатумен айналысатын компаниядан үй иелеріне пошта арқылы хаттар келеді екен. Маркетинг саласындағы қызметкерлері аса айлакер болса керек, қаражат табудың керемет тәсілін ойлап тауыпты. Адамдарға «сіз пәлен ұттыңыз, енді тек біздің компаниядан осындай сомаға зат сатып алсаңыз болғаны» деп хат жібереді екен. Хаттағы үлкен соманы көріп қызыға түсетін халықтың 5 мыңнан 15 мыңға дейін аталған компаниядан тауар сатып алуы еш қиындық тудырмайтын көрінеді. Содан бірінші кезекте жайлап 10 мың көлемінде тауар сатып ала бастаған адам, кейінгіде біршама қаражатын болмашы заттарға құртып жібергенін артынан біліп, бармақ тістейді. Осыған байланысты интернет желісінен ақпарат іздеп көрген болатынбыз. «Арыз кітапшасы» деп аталатын сайтта 50-ден астам пікірлер легі қаптап кетіпті. Бірі осы компанияның алаяқтығы туралы айтса, екіншісі үйлеріне келіп жатқан «На дом сервис» хаттарын тіпті оқымайтындарын айтқан. Тіпті, біреуі 200 мың теңге көлемінде тауар сатып алып, тоналып отырғандығын ашына жазыпты. Мұндай жолмен ақша табуды көздеп отырған жалғыз бұл компания емес, «Время» газетінде жарияланған «Нас раздевающий обман» атты мақалада осыған ұқсас бағытта алаяқтықпен айналысатын компанияның құрбаны бола жаздаған қария туралы жазылыпты. «Мегги Молл» интернет-магазинінен 89 жастағы алматылық Минель Сутжанова есімді қарияға «Тұтынушы Сутжанова, сіз 4 500 000 теңге иегері атанғаныңызды ресми жариялаймыз!» деген жазулармен хат келген. Қатты қуанған қария жаңағы хаттағы сомаға қызыға түсіп, байыппен мән беріп қараған көрінеді. Бірақ, таңғаларлығы, қария аталған интернет-магазин туралы тіпті естіген де, көрген де емес. Оның үстіне интернет арқылы тапсырыс беру жолдарын білмейтін көрінеді. Миллионға бір қадам қалды деген сөздермен М.Сутжановаға өздерінен бір зат сатып алуды ұсыныпты. Оған 150 мың теңге ұтып алу үшін 5 мың теңге көлемінде, ал 250 мың теңге үшін 7 мың теңге көлемінде тауар сатып алуды айтқан. Сол тұста қарияның жақындары сезіктеніп қалыпты. Алаяқтардың уысынан сытылып шыққан ол көлемді сомаға алданып қалмағандығына шүкіршілік етеді. Бұл орайда қызығушылық танытып, ақпарат іздеп көргенімізде «Мегги Молл» компаниясының атына жазылған шағымдар легі біршама болып шықты. Виктор есімді азамат «Мен 56078 теңгемді қалай қайтарамын?» деген атаумен жазба жариялапты. «Мен өткен жылдың тамыз айынан бері төрт тауарға тапсырыс бердім, әрі ақшасын алдын ала төлеген болатынмын. Тауар әлі жоқ. Компанияға хабарлассам, менің тапсырысым түспегендігін айтады», деп уәжін жеткізіпті. Онда сайтқа заңгер жауап беріп, сотқа жүгінуді ұсынған. Дегенмен, сотта жеңіп шығу екіталай екендігін де қоса айтыпты. Заңгерлердің айтуынша, жоғарыдағыдай жолдармен алаяқтық жасап отырған компаниялардың жұмыс істеу тәсілі заңсыз емес. Себебі, «жеңімпаз» деген сөзді олар белгілі акцияға қатысушының орнына қолданады, әрі қазіргі таңда жеңімпаздың әлі жоқ екендігін конверттің ішкі жағына кіші шрифте жазып қояды екен. Оны жай көзбен аңғару мүмкін емес. Оның үстіне олардан тауарды өз еркімен сатып алатын тұрғындардың өздері ғана ойланулары тиіс мәселе бұл. Қызығы – жұмыс істеу функциясы бір-біріне ұқсас компанияларға тіпті сіз интернетті пайдалана алмайтын болсаңыз да, онда сіздің аты-жөніңіз ешқашан тіркелмеген болса да хат келе береді екен. Соған қарағанда аталған компаниялардың тұрғындар жайлы ақпарат алып отыратын бір дереккөзі бар болғаны деген ой келеді. Не дегенмен «Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп ойлану абзал әр істе де. Себебі, ешкім ешкімге себепсізден себепсіз миллион бере салмайды.SMS жіберіңіз!
Ал ұялы телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері көбіне саналы түрде іске асатындығын барлығымыз білеміз. Оның да түрлері көбейіп кетті. Қалта телефонға кенеттен хабарласып, баласы немесе жақын туысы істі болып қалды деген секілді мәселелермен түрлі саланың маманы болып ата-аналарды қорқытып, ақша өндіріп алатындар жайлы күні бүгінге дейін айтылып та, жазылып та жүр. Қазіргі уақытта бұл мәселеге халықтың еті үйреніп, осындай күдікті жағдай орын алып жатса, баласының өзімен сөйлесетіндігін айтып немесе белгілі пароль сұрау арқылы, алаяқтардың уысына түспейтін түрлі әдісін ойластырып-ақ жатыр. Ал кейінгі бір түрі, газет немесе түрлі басылымдарда жарнама ретінде жазып қоятын хабарламалар. Жақында бір газет бетінен «Миллион жеңіп алыңыз» деген кішкене ғана хабарламаны оқып қалдым. Онда нақты цифрлар есімде жоқ, бірақ өзіңіздің туған күніңіз бен биылғы жылдың қосындысы, сосын тағы бірнеше цифрларды алып көбейту арқылы миллион саны шықса, онда сіз жеңімпаз екендігіңізді жазыпты. Қызық үшін әлгі сандарды тізіп шықтым, тура миллион шықты, бірден күдіктеніп, ата-анам мен тағы бірнеше адамның туылған күнін, цифрларын қосып-көбейткенімде барлығында дерлік миллион саны шықты. Тіпті, болмағасын, кез келген цифрларды алып-қостым. Бәрібір миллион. Қарап отырып, бұл миллион тек айсбергтің бір ұшы ғана екендігіне көзім жетті. Миллион саны шыққандар өздері белгілеген бір нөмірге SMS хат жолдауды жазыпты. SMS құнының қанша екендігі жазылмаған, қазіргі уақыттағы стандарт көрсеткішпен есептесек, бір SMS құны 7 теңге. Егер, ол шын мәнінде 7 теңге ұстап қалатын болса әрине. Соның өзінде қанша мыңдаған адам әлгі нөмірге SMS жолдайды. 7 теңгені ең кем дегенде 17 миллион халықтың 1 пайызына ғана көбейтіп көрсек, бірнеше нөлдер шыға келеді. Қып-қызыл ақша. Міне, бұл іске таңдай қақпасқа болмайды! Қарап отырып, тоналып жатырсыз, 7 теңгеге болса да...Ғаламтор арқылы алдау
Әлеуметтік желіні пайдаланбайтын адам жоқ мына заманда. Кәрі-жастың барлығы дерлік интернетке байланған. Онсыз тағы болмайды, ісің өнбейді. Интернеттегі поштама күн сайын келіп тұратын бәленбай хаттарды өз басым оқып көрмеппін. Тек ішіндегі керектерін алып, қалғандарын сол заматта өшіре саламын. Бірақ, осындай бағытта жұмыс жасайтын хакерлердің ісі сіздің сенгіштігіңіз арқылы керемет жүзеге асады екен. KZ-CERT сайтында аталған алаяқтық туралы көптеген нақты ақпараттар келтіріліпті. Біріншісі, фишинг деп аталады екен. Ол интернетте ең көп тараған алаяқтықтың бір түрі болып табылады. Бұл термин ағылшынның «password fishing» (сөзбе-сөз «құпия сөздерді қармақпен іліп алу») сөз тіркесінен шыққан және классикалық түсіндірмеде жалған сайт көмегімен, қолданушыны банк сайтына ұқсас немесе қолданушының басқа интернет-жүйені болжамды сәйкестендіру арқылы қателестіруді білдіреді. Онда фишердің басты мақсаты – қолданушыны алдап, тұзақ-сайтқа әкелу және оны қандай да бір тәсілмен сәйкестендірме мәліметті хабарлауға көндіру деп ақпарат беріпті. Осындай мәселені шешу үшін фишерлер әдетте келесі тәсілдердің бірін қолданады. Ол – спам! Оның әдеттегі ойы, қандай да бір операцияны (шотты ашу, қате транзакцияны қайтару және т.б) орындау үшін қолданушылардан жедел авторландыруды талап ететін әлдебір проблемамен қорқыту болып табылады. Осындай хатта жалған сайтқа сілтеме қамтылады және жай көзбен қарағанда, әдетте, нағыз сілтемеден ол оңайлықпен ажыратылмайды. Екіншісі, интернет-дүкеннен алуға болатын әлдебір тауарларды жарнамалау. Себебі, жарнамада міндетті түрде дүкеннің сайтына сілтеме беріледі. Онда қолданушы дүкен сайтының орнына, фишердің сайтына немесе алаяқтармен жасалған біркүндік дүкенге түсуі мүмкін. Тағы ұқсас бір түрі, интернет арқылы тапсырыс беру. Біздің елде де осындай жағдайда тоналып жатқандар дені өсуде. Тауарды жарнамалап, «ақшасы алдын ала» делінген сайттағы ақпараттарға сенуге болмайды. Кез келген істің шикі екендігін алдын ала төлем жасауды талап ететіндерден байқауға болады. Сол себепті, бұл мәселеде аса сақтық қажет. Аталған сайтта интернеттегі алаяқтықтан сақтанудың бірнеше жолдарын көрсеткен екен. Әрине, олар компьютер тілін жетік меңгерген мамандардың көмегінсіз жүзеге аспайтыны тағы бар. Ал, бізге, қарапайым халыққа керегі, жоғарыдағыдай хаттар, қажетсіз жарнамалар, тіпті құттықтаулар секілді спамдарға мән берместен, өшіріп отыру ғана қажет. Басқалай, олардың түбі терең тұңғиығына түспеу мүмкін емес. Себебі, зерттеу бойынша алаяқтық торына кез келген саналы азаматтың түсе салуы қиын еместігі дәлелденген. Бұл тұста тұрғындарға ақпараттық қорғаныс пен техникалық қорғанудың жолын үйрету әдістері артықтық етпес еді деп ойлаймыз. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».