Шымкент • 14 Мамыр, 2024

«Жер аманатының» жүйелі жұмысы

142 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы «Кең баба» саябағына тиесілі жердің басым бөлігі заңсыз жекеменшікке берілген. Бұған қоса қаладағы «Ұлы дала» тұрғын үй кешені Жер кодексінің нормаларын бұза отырып салынып жатыр. Бұл туралы «Amanat» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді.

«Жер аманатының» жүйелі жұмысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді әділ бөлу мәсе­лесіне ерекше назар аударып келеді. «Amanat» партиясы Пре­зиденттің қоғамдық тірегі ретінде осы міндеттің жүйелі жүзеге асуына мониторинг жүргізеді.

Шымкенттегі «Кең баба» қалалық саябағының іргесі сонау 1901 жылы қаланып, аумағына бағалы ағаштар, негізінен емен егілген. Алайда бүгінде саябақ ойын-сауық бизнесі кеңістігіне айналған. Ондағы 3,5 гектардың 2,6 гектары заңcыз пайдаланылады. Сот шешіміне сәйкес жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Бақытжан Базарбек алда апелляция кезеңі күтіп тұрғанын айтты. Депутат саябақ аумағында заңсыз салынған мейрамханасы бар қонақ үй кешеніне жеке тоқталды.

«2009 жылы қала әкімдігінің қаулы­сымен 0,5664 гектар жер учас­кесі уақытша пайдалануға бері­ліп, бір жылдан кейін бұл жер жекеменшікке өтіп кетті. Жер ко­дексіне сәйкес, жалпыға ортақ пай­даланылатын жерді жекеше­лен­­діруге болмайды. Қазір бұл жер­де 5-қабатты мейрамхана бар. Шым­кент қаласының Жер ресурс­тарын басқару департаменті әкім­діктің қаулысын заңсыз деп тану ту­ралы талап-арыз жолдап, сот ал­ғаш инстанцияда аталған арызды қанағаттандырды», деді депутат.

Бұдан соң партиялықтар қала­лық әкімдіктің жанынан салынып жатқан көппәтерлі «Ұлы дала» тұрғын үй кешенінің құрылысы­мен танысты. Аманаттықтардың айтуынша, құрылыс компания­сы дәл осы жер учаскесін ешқан­дай аукционға және конкурсқа қатыспай алыпты.

«Жер аманаты» комиссиясы 2022 жы­лы қалалық әкімдіктің қаулы­сымен 2,2 гектар жер учас­кесі «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкер­лік корпорациясы» АҚ-ға 5 жыл­ға уақытша жер пайдалануға берілгенін анықтады. Бұдан соң ӘКК аталған учаскені әкімдіктен сатып алып, кейін жеке құрылыс компаниясына қайта сатыпты.

«Тұрғын үй кешені құрылы­сы инвестициялық жоба анық­тамасына жатпайды. Бұл дегеніңіз – Жер кодексінің 48-бабын бұзу. Құрылысты тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар. Соған қарамастан нысан құрылысы жалғасып жатыр. Пәтерлер еркін сатылымда. Жергілікті биліктің сот шешімін орындауға күші жетпейтін секілді», деді Бақытжан Базарбек.

Еске сала кетейік, бұған дейін партия Дендропарк аумағындағы 0,4 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтаруға атсалысты. Жалпы, былтыр Шымкенттегі «Жер аманаты» комиссиясы атқарған жұмыстың нәтижесінде Көкбұлақ тұрғын алабында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 603 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар қала шегіндегі жалпы аумағы 1,33 гектарды құрайтын екі жер учаскесі де мемлекет меншігіне өтті.

Айта кетейік, өткен екі жылда ел аумағында 10,3 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қай­та­рылды. Оның 3 млн гектарға жуы­ғы тұрғындарға бөлініп берілді.

Бұған дейін республикалық «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайта­рыл­ған жер учаскелерінің тізбесі көрсетілген jerkarta.gharysh.kz инте­рактивті картасы әзірленді.