Аймақтар • 14 Мамыр, 2024

Алқап күні аталып өтті

101 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісуда егіс алқабын әртараптандыру жүйесі қолға алына бастады. Мәселен, биыл дәнді дақылдар 10,5 мың га-ға, картоп 880 га-ға қысқарып, басқа өнімдерге басымдық берілмек. Оның үстіне қант қызылшасын 500 мың тоннаға жеткізуге бел байлап отыр. Күзге дейін жүзге жуық жаңа техника келеді. Жалпы алғанда, аграрлы өңір маусымға сақадай сай. Мұны шаруалардың басын қосқан «Алқап күнінде» аңғардық.

Алқап күні аталып өтті

Суретті түсірген – ЕЖеңіс Ысқабай

Бұл күннің не маңызы бар дейсіз ғой. Алдымен қала мен ауыл арасындағы шаруалар өзара тәжірибе алмасады. Одан бөлек, үлкен қожалықтармен кіші қожа­лықтар егін мәселесіндегі олқы­лық­тарды түгендеп, жаңа технология­ларын көрсетеді. Облыс әкімдігіне арыз-шағымын айта алады. Жеткен жетіс­тіктерін де жариялауға мүмкіндік туады.

Атаулы күн Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» сенім серіктестігі­не қарасты қант қызылшасы егіс­тігі­нің басында өтті. Мұнда Ескел­ді, Көксу, Қаратал, Ақсу аудандары мен Талды­­қорған қаласындағы шаруа қожалықтарының жетекшілері жиналды. Шаруалар аграрлық саланы дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, қаржылық институттардан жеңілдетілген несие алудағы кейбір қағазбастылық мәселелерін жеңіл­дету жайын қозғады. Жергілікті әкімдік, қаржылық институт өкілдері және шаруашылық жетекшілері осы тақырып төңірегінде үшжақты талқылау жасап, ортақ мәселелердің шешімі жайлы ойларын ортаға салды.

Әуелі облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев өңірдегі егіс науқанының барысы, тұқыммен, минералды тыңайтқышпен техникамен қамтамасыз ету деңгейі, МТС-тарды жаңарту, мемлекеттік қолдау шаралары туралы маңызды мәліметтерді айтты. 

«Бүгінде облыста 22,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген. Шынтуайына келгенде, соның көпшілігінің тозығы жеткен. Сондық­тан сіздерге, шаруа қожалықтарына, өздеріңіздегі тіркеліп тұрған техниканың жарамсызын есептен шығару керек. Биыл біз қызылша бағытында 8 сервистік дайындау орталығын құрып жатырмыз. Сепкіштерді аудандарға таратып бердік. Комбайндар күзгі жиын-терімге дейін әкелінеді. Жалпы саны 62 бірлік техника алу жоспарланып отыр», деді Ә.Жақанбаев.

Айтуынша, егіс алқабын әртарап­тандыру аясында дәнді дақылдар 10,5 мың гектарға, картоп 880 гектарға қысқарып, басымды дақылдардың егіс көлемі жалпы 18,1 мың гектарға ұлғаяды. Қазіргі уақытта 274,7 мың га немесе 69,8 пайыз жаздық дақылдар себілді. Шаруашылықтар 18,5 мың себу бірлік болатын қант қызылшасы тұқымымен қамтылды. Осы жылы қолданылатын элиталық тұқым үлесін 2,6 пайызға жеткізу жоспарланған. Мәселен, өткен жылы облыста 350 мың тонна қант қызылшасы өңделсе, биыл бұл көрсеткішті 500 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Осы жиында аграрлық салаға қолдау көрсететін қаржылық институттардың өкілдері жеңілдікті несиелер беру мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттары туралы баяндады. Сол сияқты жеткізуші компаниялар өздері ұсына­тын тыңайтқыштар мен биологиялық қоспалардың, жаңа ауыл шаруашылығы техникаларының тиімділігін, өнімділікті арттырудағы мүмкіндіктерін таныстырып, көрме ұйымдастырды. 

«Тіршіліктің негізгі көзі ет, сүт, көкөніс пен жеміс десек, соның бәрінің өнімді болуы жермен тиімді жұмыс істей білуімізге тікелей байланысты. Мәселен, өткен жылы 325 мың гектар егіс алқабынан 3914 мың тоннадай дәнді дақыл жинадық. Бұл дәнді дақылдардың көлемі бойынша республикада 4-көрсет­кіш. Яғни жер көлемі айтарлықтай үлкен болмаса да, одан жиналған өнім көлемі жағынан алғаш рет төрттіктің қатарынан көріндік. Бұл біріншіден, өлкеміздің топырағы құнарлы, суы бар, климаты қолайлы екенін білдірсе, екіншіден, өздеріңіздей шаруалардың агротехнологиялық шараларды дер кезінде жүргізіп, тынбай еңбектенуінің нәтижесі. Өткен жылы жүгеріні өткізу жағынан біршама қиындық туындады. Дегенмен бұл мәселені бір ретке келтірдік. Біз биыл егістікті әртараптандыру аясында жүгері алқабын азайтып, есесіне бүгінгі күні табысты болып отырған қант қызылшасының, майлы дақылдардың, мал азығының егістік аумағын ұлғайттық. Өнімнің шығымы жақсы болуына мемлекет барынша қолдау көрсетіп отыр. Биыл да қолдау шараларын жалғастырамыз. Осы басқосуда көтерген қаржылай қолдау процедураларын жеңілдету туралы ұсыныстарыңызды депутаттармен бірге тиісті органдарға жеткізетін боламыз», деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Шаруашылық жетекшілері өздерін толғандырған көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру, жеңілдетілген несие алу үшін кепілдік қоюдың мән-жайы, аграр­лық салада жаңа бизнес ашу мүм­кіндіктері, бақ шаруашылығын, соның ішін­де құлпынай өсіруді дамытуға қатыс­ты қаржылық институттардың өкіл­деріне сұрақтарын қойып, осы мәселе­лерге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 7,0 мың гектарға ұлғайтылып, 524,8 мың гектарды құрап отыр. Соның ішінде қант қызылшасын 11,5 мың гектарға сеуіп, 500 мың тонна өнім жинау жоспарланған. Бұл ретте өз базасында Алқап күнін өткізуге мұрындық болған «Хильниченко и К» СС қызылшаны 301 гектарға сепкен.

 

Жетісу облысы