Театр • 14 Мамыр, 2024

Өнердегі шеберлік пен шынайылық

176 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Керекуге М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы гастрольдік сапармен келді. Театр труппасы Абайдың қара сөздері желісімен жазылған «Қара» драмасын, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бернард Шоудың «Менің сүйікті періштем», Д.Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» қойылымдарын ұсынып, жергілікті көрерменді рухани сусындатты.

Өнердегі шеберлік пен шынайылық

Фотосуреттерді Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар орталығы ұсынды

Алматыдай үлкен шаһардағы өнердің тәбәрігін ала келген труппаның бұл сапары Кереку өңірі үшін үлкен оқиға болғаны даусыз. Әкем-театрдың гастрольдік сапарына орай облыс орталығында брифинг ұйымдастырылып, оған КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының басшысы Еркін Жуасбек, аталған театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Боран­бай, Ж.Аймауытов атындағы Пав­лодар облыстық қазақ музыка-драма театрының директоры Арман  Темірбек  қатысты. Сахна саңлақтары актерлік ойын, бүгінгі көрерменнің талғамы мен театрдың келешегі жайында ой-пікірлерін тарқатысты.

Асанәлі аға тереңнен толғанып, саф өнердің иірімдеріне қауға тартты.

– Мәскеуде, Петерборда, шетелдің талай қаласында сапармен болдық қой. Мәскеудің бір сахнасында Бернард Шоудың әлдебір спектаклінде 2 адам ғана ойнайды. Үш жарым сағатқа созылатын қойылымды жергілікті жұрт жапа-тармағай көріседі. Ал енді біздің елдегі кинотеатрларда «Қыз Жібек» фильмін көрсетсең, жастар 10 минуттан соң залдан шығып кетеді. Өзін интеллигенция өкілдері санайтындар баршылық, алайда оларды театрдағы көрермендер қатарынан таппай қаласың. Классикалық қойылымдардың театр репертуарында көп немесе аз болуы көрермендердің талғамы мен ықыласына байланысты. Өкінішке қарай, бүгінде көрерменнің деңгейі төмендеп, пәс тартып барады. Бұрындары гастрольдік сапарға шыққанда бір облысты бір ай аралап, аудандардың арасын жалғап, ел-жұртты қарық қылатын едік. Қазір бір өңірге жасалатын сапарымыз бір аптадан да аспайды. Театр өнерінде екі жақ бірдей рахаттанса, сол – бақыт. Яғни актер ойнаған образы көрермен жүрегіне жылы тигеніне куә болса, ал көрермен көрген дүниесінен ләззат алса. Кейбір сахналанып жатқан дүниелер бүгінде баяғы «Тамашаның» ар жақ, бер жағы болып қалды. Сахнада айтылған сөздің құдіреті мен деңгейі жоғары болмаса, көрерменнің келесі жолы театрды сыйлап келуі екіталай. Тілді шұбарлау – нағыз трагедия, – деп бір тоқтады сахна сардары.

мс

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек әкем-театрдың Кереку жеріне соңғы рет 2019 жылы келгенін атап өтті. Араға бес жыл салып жергілікті театрсүйер қауым сүйікті актерлерімен тағы табысып отыр.

– 2026 жылы Әуезов театрының құрылғанына 100 жыл толады. Ғасырлық мерейтойымызға орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен екі жылдық турнемізді бастап кеттік. Қазақстандағы барлық өңірді, сондай-ақ біраз шетелді аралап шығатын ойымыз бар. Алғашқы гастроліміз Жетісу жерінен басталып, талай ұлылардың ізі қалған Кереку жерін екінші сапарымызға арнайы таңдап келіп отырмыз. Бұдан соң Шығыс Қазақстанды бетке аламыз. Қойылымдарымызда 50-ге жуық актер ойнайды. 30-дан астам техникалық қызметкер спектакльдеріміздің толық­қанды жүруіне қызмет етеді. Сахналық декорацияларымыз Алматы төрінде қалай қойылса, өңірлерде де тұп-тура солай құрылады. Ертіс-Баян өңіріне келіп отырғанымыздың екінші себебі жергілікті Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрымен жолға қойыл­ған шығармашылық байланысымыз арқау болды. Бұл театрдың соңғы жылдары аты мақтаулы, көрерменге ұсынып жатқан дүниелері салмақты. Өткен жылы театрлар фестивалінде талай жүлдені олжалап, Мәскеуді мойындатып қайтты. Ұжым директоры Арман Темірбек жас та болса, бүгінгі заман менеджерлігін мықтап меңгерген, – дейді әкем-театрдың басшысы.

Асанәлі Әшімов кезінде өзі түскен кинофильмдерінің тең жартысы жер жәннаты – Баянауылдың тау-тасында түсірілгенін ерекше тебіреніспен еске алды. Шәкен Айманов талай кино­актерлердің жұлдызын жаққанын тебі­рене әңгімелеп, Баянауылды шын мәнінде «Тұңғыштар елі» деп қабыл­дай­тынын жеткізді.

«Отандық ғылым мен өнер, мәдениет пен өзге де салаларда тыңнан түрен салған тарландардың көбі осы қасиетті топырақтан түлеп ұшты. Қаныш Сәтбаев, Қанағаң өзі құрған Ғылым академиясының тұңғыш президенті, Жұмат Шанин тұңғыш кәсіби режиссер, Шәкен Айманов қазақ киносының атасы, Әлкей Марғұлан отандық археологияның түпқазығы атанды. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп сияқты тарихи тұлғаны дүниеге келтірген топырақ киелі. Осы ұлылардың кіндік қаны тамған жерде талай ұлттық кинофильмдер түсірілді. Өмірімде өзім түскен картиналардың тең жартысы Баянауылда өрбіген екен. Ал енді театрдағы образдарымның ішінде тұңғыш рөлім, М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» спектакліндегі Айдар рөлі – менің төлқұжатым. Театр деген актерлерді шыңдайтын лаборатория. Ең әуелі барлығы кәдімгі дайындықтан басталады. Актердің айтатын мәтіні бойына сіңуі керек. Ең соңы айтатын сөзі өз сөзіне айналуы керек. Интонация, астарлы ұғым деген бар. Баяғыда бізді дайындаған ұлылар мынау не сөз, бұл кім үшін айтылған, бұл сөйлемдегі ең басты сөз қайсысы деп бізді мектеп мұғалімдерінше тергеуге алатын. Алматыда менің актерлік курсым бар. Бірінші курстан бастап студенттерге кітап оқытамын. Соңғы курсқа жеткенше 10 шақты романды түгесіп тастайды. Содан жаман болған жоқ. Курсты бітірген 23 түлектің 19-ы қызыл дипломмен шықты. Әлгі топтың арасында жаңадан драматургтер, режиссер-сценаристер пайда болды. Ал киноиндустрияда мұндай дайындық жоқ. Көшеден келген де бірден актер болып ойнап жатыр. Түнеугүні ел-жұрт жер-көкке сыйғызбай мақтап жүрген соңғы отандық кинофильмдердің бірін көрдім. Мұрнымды кесіп алса да айтайын, кино емес, киносымақ дүние, режиссурасы – нөл. Біздің деңгейіміз, қазіргі киноиндустриямыздың жеткен деңгейі осы. Түнеугүні біреулер «Қыз Жібекті» қайта түсірейік депті. Ол енді атақты ұлттық киномыздың брендін пайдаланып, пайда табуды көздеген біреулердің әрекеті деп түйдім. Бұған дейін де айтқанмын, бүгін де қайталап айтамын, қазақ киносында әлі күнге шедевр түсірілген жоқ», деп баға берді майталман актер.

Шынайы өнер – мәңгілік. Еркін Жуасбек атап өткендей, театр бұл – катарсис орта. Катарсис – бұл өзін-өзі көрсету немесе өнер туындыларын қабылдау кезінде эмпатия үдерісінде туындайтын эмоцияларды босату, ішкі қақтығыстар мен моральдік жоғарылауды шешу үдерісі. Қарапайым тілмен айтқанда, өзін жан-жақты көрсете алатын ең жоғарғы эмоционалды ләззат. Осы ортадағы, яғни өмірде болып жатқан шынайылықты қабылдау үшін адам театрға барады. Ал актерлік ортадағы шеберліктің шыңы ол – шынайылық болып қала бермек.

 

Павлодар облысы