13 Қаңтар, 2015

«Жеңіске құрмет» марафоны жалғасты

473 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
9 қарашада Жамбыл облысының, Қордай ауданына қарасты 40-шы «Отар» гарнизонына Елбасымыз, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жеңіске құрмет» марафон акциясы келіп жетті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған марафон еліміздің ірі әскери гарнизондарына, оның ішінде Жамбыл облысындағы Гвардейский гарнизонына келген болатын. DSC_0577Осыған орай, Отар ауылдық округі орталығында салтанатты митинг өтіп, оған аудан басшылығы, әскерилер мен жауынгер интернационалистер, соғыс және тыл ардагерлері қатысты. Отардағы Ұлы Отан соғысы ардагер­леріне арналған ескерткішке гүл қойылып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Салтанатты шара осыдан кейін гарнизонның 30212 әскери бөлімінде жалғасты. Сап түзеген офицерлер құрамы мен сарбаздар алдына әскери тәртіпке сай сарбаздар «Жеңіске құрмет» марафонының символын алып шықты. Жиналған қауым алдында 40-шы «Отар» әскери базасының бастығы, полковник Д.Адырбеков сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды. «Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгісті соғыс аяқталғанына биыл 70 жыл толғалы отыр. Зарықтырып жеткен Жеңіс күнінің қадірі бәріміз үшін тым қымбат. Бұл күні ерлікке бас иіп, елдігімізге тағзым ету – игі дәстүріміз. Осындай мәңгі ұмытылмас тарихи сәттің бірі – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні», – деді аудан әкімі Қ.Досаев. Аудандық мәслихат хатшысы Б.Әлімбет те жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Алаңда сап түзеген сарбаз­дарға Ұлы Отан соғысының ардагері К.Қосақов: «Енді соғыс болмасын, елімізде тыныштық пен береке болсын», – деген баталы сөзін айтты. Гвардейский қалашығы бойынша Ауғанстан соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы С.Нұсқабаев та сөз сөйлеп, әскери рухты жоғары ұстауға шақырды. Әскери бөлім сарбаздары салтанатты саппен өткеннен кейін «Батыс» әскери өңірлік қолбасшылығы өкілдеріне Керімқұл ақсақал марафон акциясының символы – әскери жалауды табыс етті. Гвардейский гарнизонының бірне­ше әскери бөлімі дайындаған театр­ландырылған көріністер көрермен көңілінен шықты. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.