ОТАНЫМЫЗ – ОРТАҚ ҮЙІМІЗ
Былтыр Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы бұрынғы Жолдаулардан сәл ертерек жолданды. Құжат халықты мықты және өсіп-өркендеген мемлекетте өмір сүруге жетелейді. Бүгінде біздің міндетіміз – Жолдаудың мағынасы мен мәнін еліміздің әрбір тұрғынына жеткізу болып табылады.
Мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өзінің барлық бағдарламалық құжаттарында еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімге зор көңіл бөлетіндігі үшін шексіз ризамын.
Елбасы басқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылық мәселелеріне жауапкершілік танытатын құрылым. Ассамблея бүгінде барлық әлемдік қоғамдастық қызығушылық танытып отырған өте үлкен оң тәжірибе жинақтады. Оның қызметі Мемлекет басшысының Қазақстан жағдайындағы көпұлттылық – кемшілік емес, қоғамның артықшылығы турасында айтылған сөзінің ақиқатын көрсетіп отыр. Біздер, қазақстандықтар еліміздегі келісім мен тұрақтылықты бағалап, әрі қастерлеуіміз керек. Мемлекет басшысының «Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Сырттан келіп араласқанның соңының неге әкеліп соқтыратынын көріп отырсыздар», деген сөзі – көрегендік.
Қазіргі таңдағы менің тарихи Отанымдағы жағдай баршаға аян және бұл өзгелер үшін сабақ аларлық оқиға. Барлық әлемде болып жатқан жағдайларды көре отырып, әрбіреуіміз де әрбір мемлекеттегі ең басты құндылық деп өз мемлекеттерінде татулықта өмір сүріп жатқан, өзінің қауіпсіздігіне, өз балаларының болашағына зор сеніммен қарайтын ұлт екендігін түсінеміз.
Әлеуметтік сауалдамалар мәліметі бойынша қазақстандықтардың басым бөлігі еліміздегі ұлтаралық жағдайды бірқалыпты санайды және ұлтаралық келісімнің жоғары деңгейде екендігіне сенімді.
Президенттің нақты және орынды айтылған мына бір сөзін атап өткім келеді: «Көбі Қазақстандағы тұрақтылық пен жайлы тұрмысты туғаннан берілетін қалыпты жағдай деп қабылдайды». Біз қолымызда бар амандығымызды, достығымызды, өзара түсіністігімізді нығайтуымыз керек. Мұның бәрі біздің мемлекетімізді нығайта түспек. Халық бірлігі – Қазақстан жетістігінің кілті.
Әйел ретінде, ана ретінде мемлекеттің әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй салып және оны тұрғындарға сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға беретіні мені қатты қуантты. Делдалдарсыз тікелей және ең төменгі пайызбен несиеге тұрғын үйдің берілуі оны сатып алудағы бағаның төмендеуіне мүмкіндік береді. Бұл жастарымыз, жас отбасыларымыз үшін ең жақсы жағдай болып отыр. Президент 2015-2016 жылдарға арналған жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысының қаржыландырылуын қосымша көбейту жөнінде тапсырма берді. Жолдаудағы тағы бір жан жадыратар жаңалық – инфрақұрылымдық даму жоспарында көліктік-логистикалық инфрақұрылым дамуының бірінші болып көрсетілгені. Сонымен қатар, басты автожол жобаларының ішінде Атырау – Астарахань бағытының болғаны. Бұл – Қазақстанның батыс қақпасы.
Жолдауда айтылып өткендей, биыл тойланатын Конституциямыздың 20 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы, Ұлы Жеңістің 70 жылы қазақстандықтарды бұдан әрі біріктіре түсетін шаралар болады деп ойлаймын.
Татьяна ЛЕСНИЧЕНКО,
Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігінің төрайымы.
АҚТАУ.
Айқын жолдан айнымаймыз
Игорь СПИРИДОНОВ,
Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының жетекшісі.
Елбасымыздың Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі біз сияқты жастарға ерекше әсер етті. Соның ішінде «Біз егер біртұтас болсақ, күштірек бола түсеміз», дегені айнақатесіз шындық. Тәуелсіз Қазақстанда барлық ұлт өкілдері үшін тең жағдай жасалып келе жатқаны анық. Әр этномәдени бірлестіктің өз тілін, салт-дәстүрін дамытуына толық мүмкіндігі бар. Біздің міндетіміз – ұлтаралық татулықты нығайтып, еліміздің одан әрі өркендеуіне барынша атсалысу.
Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі таңда елімізде тұрып жатқан барлық ұлттың мүддесіне қызмет етуде. Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты да өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, кейінгі ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу, Тәуелсіздікті одан әрі орнықтыру бағытында еңбек етуде. Түрлі ұлт өкілдері өзара достық қарым-қатынаста өмір сүріп, бір-бірінің дәстүрін, салтын сақтауына ықпалын тигізіп келеді. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы тойланатын болады. Осыған байланысты біз де өз жоспарымызды құрып, жұмыстанудамыз. Орал қаласында Достық үйі салынып, пайдалануға берілмек. Ал біз, жастар Президентіміз көрсеткен айқын жолдан айнымай, Тәуелсіздік мұраттарына қызмет ете беретін боламыз. Еліміздің беделі бүкіл әлемде нығая түсеріне сенеміз және оған өз үлесімізді қосамыз. Қазақстанның барлық жастарын осыған шақырамыз.
ОРАЛ.
Табан тірейтін тұғырымыз
Рахимжан ТОХТАХУНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Елімізде этносаралық татулықты сақтап, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығына жаңа серпін беру – қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартуға алып баратын жол. Міне, сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, жастардың білімін жетілдіруге баса көңіл бөліп, Үкіметке нақты міндеттерді жүктеді.
Президент Жолдауында белгіленген міндеттер еліміздің болашағының жарқын да жасампаз екендігін айғақтайды. Жаңа табыстар мен жалынды істерге жігерлендіреді. Халыққа арнаған Жолдауды тыңдаған әрбір адам өзін толғандырып жүрген мәселелерге жауап тауып, болашаққа үлкен үміт артып, мемлекет пен қоғамға деген сенімін нығайта түсті. Қазіргі жеткен жетістіктеріміз келешектегі алар асуларымыз бен толағай табыстарымыздың табан тірейтін тұғыры екеніне көз жеткізді.
«Ынтымағы орнаған елдің болашағы да берекелі» демекші, еліміздегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында үлкен жетістіктерге жеткеніміз күмәнсіз. Ел бірлігін татулық пен ұлтаралық келісімді нығайту үшін қолдануда Қазақстан халқы Ассамблеясына үлкен сенім артылады. «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы халқымызды жаңа белестерге – «Нұрлы Жолға» алып баратын Жолдау деп білемін.
Алматы облысы.