Аймақтар • 15 Мамыр, 2024

Мақсаты биік жоба

94 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екі жыл бұрын Ақтау қаласында басталған көтерме-тарату орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құзырлы орындардың айтуынша, құны шамамен 3,8 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба импортқа тәуелді өңірде азық-түлік бағасын төмендетуге ықпал етеді.

Мақсаты биік жоба

Орталықта жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне сауда орындары берілмек. Бұл өз кезегінде өнімді делдалсыз сатуға мүмкіндік жасап, сол арқылы тұтынушылар үшін бағаны тұрақтандыруға оң әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жобаның бәсекелестік ортаны қалыптастыруға және тауар бағасын төмендетуге мүмкіндігі бар.

«Қазір жұмыстың 90%-ы орындалды. Жобаның жалпы ауданы шамамен 40 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыстың негізгі кезеңдері аяқталды, соның ішінде ғимараттың қабаттары салынып, инженерлік коммуникациялар тартылды. Абаттандыру жұмысы аясында асфальт төселіп, нысан­ның айналасы көгалдандырылады. Жоба екі кезеңде іске асырылады: жаз басталғанда суық камералар мен тоңазытқыш қоймасы, сондай-ақ құрғақ өнімдер қоймасын ашу жоспарланған. Екінші кезеңі қыркүйек айында жүзеге асады, яғни азық-түлік тауарларын жеткізетін көтерме-тарату орталығы ашылады деген жоспар бар», деді көтерме-тарату орталығының құрылысымен айналысатын «Ақтау ОРЦ» ЖШС директоры Бекзат Жеткізгенов.

Нысан пайдалануға берілген­нен кейін павильондарда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз сата алады. Оларға көкөніс пен жеміс-жидек сақтайтын қоймалар, сондай-ақ тоңазытқыш пен мұздатқышы бар камералар беріледі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз сату халыққа азық-түлік тауарларын барынша арзан бағада сатып алуға мүмкіндік береді. Орталықтың мақсаты да осы.

Толықтай еңсерілуге жақын тұрған жобаның тұсауы кесіліп, пайдалануға берілетін уақыты алыс емес. Демек атшаптырым аумаққа орналасып, алып жүкті арқалаған орталықтың бұл мақсатты қаншалықты орындағанына көз жеткізетін күн де алыс емес.

 

Маңғыстау облысы