Тұлға • 15 Мамыр, 2024

Өндіріс саласын өрге сүйреген

128 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елдегі машина жасау мектебі өткен ғасырдың 70-жылдары қалыптасып, ғылыми негізі нығая бастады. Қазақ инженер-механиктері ауыр өнеркәсіп пен тау-кен өндірісіндегі техникаларды жетілдіруге белсене араласты. Оның бастауында техника ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Жиенқұлов тұрды.

Өндіріс саласын өрге сүйреген

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Кеңестік кезеңде Серғазы Жиенқұлов бастаған ғалымдар жасаған өнертабыс республика аумағынан асып, бүкіл кеңес одағына тарады. Осы тұста  ұстазымыздың өмір жолына аз-кем тоқталып өткеніміз абзал. Ол 1959 жылы Мәскеудегі белді оқу ордасының бірі саналған Бауман атындағы жоғары техникалық училищені «Көтеріп-тасымалдау машиналары мен жабдықтары» мамандығы бойынша инженер-механик болып тәмамдады. Қабілеті қарымды түлекті жолдама арқылы Челябі трактор зауытына жіберді. Ондағы табысты еңбегін қысқа уақытта жоғары бағалап, Мәскеудегі «Гипромез» металлургия зауыттарын жобалау жөніндегі мемлекеттік институтқа ауыс­тырды. Мұнда Серғазы Ахметұлы Бакудің құбыр прокаты зауытына автоматтандырылған жүйені жобалауға атсалысты. Елге оралғанда Шымкент химия-технология институтында, Қазақ политехникалық институтында оқытушы болды. 1964 жылы Ломоносов атындағы Одесса технология институтының аспирантурасына оқуға түсті. Онда профессор П.Платонов басқаратын «Өндірісті кешенді механикаландыру және автоматтандыру» кафедрасында ұстаздық қызмет те атқарды. Техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алған соң, Қазақ политехникалық инс­титутына қайтып оралды. Келген бойда Энергетика факультетінің деканы қызметіне тағайындалды.

Ол басқарған жылдары Энергетика факультеті мол табысқа жетіп, кейіннен аталған жоғары оқу орны – Энергетика институтына айналды. Бүгінде ол – Г.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті. «Сол тұста студенттердің өзара татулығын дамыту мақсатында спорт үйірмелерін кеңінен дамыттым», деп еске алатын ұстазымыз. Игі іс-шаралардың арқасында Энергетика факультеті ең үздіктер қатарында болғаны рас. Сер­ғазы Ахметұлы «Тау-кен машиналары» кафедрасын да  басқарды. Ал 1977 жылы жаңадан құрылған Алматы темір­жол транспорты инженерлері инс­титу­тына оқу ісі жөніндегі проректор қыз­метіне шақырылды. Жаңа оқу орнында маңызды факультеттердің ашылуына бастамашылық жасап, заман талабына сай кафедралар мен зертханалардың құрылуына мұрындық болды. Ауыр машиналардың қыр-сырын меңгерген инженерлердің  жаңа легін даярлауға үлкен үлес қосты. Әйтсе де араға екі жыл салып Қазақ политехникалық инс­титутына кафедра меңгерушісі болып қайта оралды.  Сөйтіп, осы орында тапжылмай 19 жыл бойы жемісті еңбек етті. Сол жылдары оның басшылығымен көп еңбекті қажет ететін үдерістерді кешенді механизациялау және автоматтандыру бағыты бойынша көптеген техника ғылымдарының кандидаттары мен докторларын даярлады.

Серғазы Ахметұлы ұстаздық еткен көпжылдық еңбегі мен тәжірибесін жинақтай келіп, Мәскеудегі  Бауман атындағы жоғары техникалық училищеде техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін табысты қорғады. Көп ұзамай профессор атағын алды. Ол – көтеріп-тасымалдау машиналарын жасау саласы бойынша еліміздегі тұңғыш техника ғылымдарының докторы. Сонымен бірге аталған оқу орны түлектері ішінен шыққан КСРО-дағы үздіксіз тасымалдау машиналары құрылысы бойынша да тұңғыш доктор. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінде профессор Серғазы Ахметұлының бастамасымен «Көтеріп-тасымалдау машиналары және гидравлика», «Полиграфия технологиялары және машиналары» деген екі жаңа кафедра ашылды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ол  жаңа заман талабына қарай Қазақстан – Ресей халықаралық университетін құрып, оған біраз жыл басшылық етті.

Серғазы Жиенқұлов ТМД ғалымдары арасында бірінші болып «Тасқынды-өндірістік жүйелерді кешенді түрде механикаландыру және автоматтандыру» ғылыми мектебінің негізін қалады. Әрі оны дамытты, оның әлеуетін халықаралық ғылыми қауымдастық мойындаған биікке көтере білді. Онда тасқынды-өндірістік жүйенің логистикалық негізін әртүрлі конвейерлер құрайтынын айқындап берді. Олардың ең көп тараған түрі – ленталы конвейер. Бұл жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуі, өндірістік тұрақтылығы өз дәрежесінде конвейерлік құрылғылардың сенімділігіне байланысты. Серғазы Ахметұлы өз ісінің асқан шеберіне айналып, роликті-сүйеуіштердің орналасу арасы айнымалы болып келетін ленталы конвейерді жасап, өндіріске енгізді. Нәтижесінде, конструкциялар мен машиналардың металл және энергия пайдалану деңгейі азайып, ленталы конвейерлердің жұмыс істеу тұрақтылығы күшейді. Бірінші аспиранты әрі әріптесі Мұрат Құсайынұлы екеуі елдегі ірі-ірі кен байыту комбинаттарына роликті-сүйеуіштерді айнымалы түрде орналасқан ленталы конвейерлерді енгізуге тікелей атсалысты.

Машиналардың және құрамдық элементтерінің конструкциясын жетілді­ру үшін елімізде алғаш рет ғылыми бол­жам­ның тәсілдерін жасады. Бұлай болжам­дауды ұтымды пайдалану арқылы ғалым шәкірттерімен бірге көп жаңалық ашты. Бұл қадам ғылыми мектептің қалып­тасуына зор үлесін қосты. Соңғы жыл­дардағы патенттік шешімдердің дина­микасын экстрополяциялау арқы­лы машина конструкцияларының немесе құрылымдарының дамуын болжау­ға болатынын дәлелдеді. Ғалым-педа­гог ретінде оқу үдерісіне әрдайым жаңа­лықтар енгізіп тұрды. Айталық, 2010 жыл­ға дейін, еліміздің  жоғары білім жүйе­сі Болон үдерісіне енбей тұр­ған кезде, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық техникалық университеті машина жасау факультетінің студенттері көтеріп-тасымалдау машиналары пәні бойын­ша курстық жоба жасайтын еді. Сол курстық жобалар Серғазы Ахмет­ұлы­ның кафедрасы арқылы өтетін. Осы мүм­кіндікті пайдаланып, курстық жоба аума­ғында барлық студент қосымша тапсыр­ма алып, патенттік талдау жүргізетін. Сту­денттер Алма­тыдағы патенттік кітапха­наға жазы­лып, патенттердің тарихын зерттеп, талдауды үйренді. Инженер-механиктер даяр­лаудағы оқу үдерісіне дарынды ғалым енгізген бұл инновацияның арқасында студенттер қосымша компетенциямен қатар ізденгіштік қасиеттерге ие болды.

Серғазы  Ахметұлы ғылыми мектебі аумағында өз жетекшілігімен 40-тан астам ғылым кандидатын, 20-дан астам ғылым докторын, РhD даярлады. Олардың қатарында Сирия, Палестина, Қырғызстан, Өзбекстан елінен келген азаматтар да бар. Негізі атақты ғалымның ғылыми мектебімен алыс-жақын шетелдік ғылыми қауымдастық өкілдері де санасатын. Шетелдік әріптестерімен үнемі тығыз байланыста болды. Әртүрлі деңгейде халық­аралық ғылыми конференция өткізіп тұрды. Аты әлемге әйгілі М.Александров, Л.Колобов, А.Вершинский, Р.Мыңжаса­ров, И.Ивашков, В.Беличенко, А.Асанов, У.Бегалиев, А.Наджафов сынды әлемнің әр шетіндегі сала бойынша мықты ғалымдар Серғазы  Ахметұлы басқаратын ғылыми кеңестің жұмысына белсенді қатысып жүрді.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей елдегі техника ғы­лы­­мының аса көрнекті өкілі, машина жасау саласының ірі маманының соңында қалған ғылыми мұралары мен еңбектері тәуелсіз ел ғылымына әлі де қызмет етіп келеді. Жақында Ал­маты­да Серғазы Жиенқұловтың 90 жыл­дығына арналған «Жаңа көкжиектер: ғылымдағы дәстүрлер мен инновациялар синтезі» атты «Жиенқұлов оқулары – 2024» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Қырғызстан, Өзбек­стан, Ресей, Германия елдерінен ғалымдар қатысты. Бұл жиында көлік сала­сын дамытудың ағымдағы үдерістері, академик Жиенқұловтың машина жасау және көлік саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға қосқан үлесі, оның ғылыми мектебі және кадрларды даярлау мәселелерін қалыптастырудағы рөлі, технологиялық инновациялар және олардың Қазақстандағы өнеркәсіп пен көлік инфрақұрылымының дамуына әсері мәселелері жан-жақты сөз болды.             

Көрнекті ғалым, біздің даңқты ұс­тазымыз Серғазы Жиенқұлов негізін қалаған ғылыми мектеп Қазақстан ұлттық машина жасау және транспорт ғылым академиясы жұмысын жалғастырып келеді. Ұстазының іргелі жобалары шәкірт­тері арқылы салалана бермек.

 

Жақсыбай Қасымбек,

техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰМТҒА президенті

Соңғы жаңалықтар

Көп күттірген күрежол ашылды

Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2024

Климаттың өзгерісі әлемді алаңдатады

Экология • 07 Желтоқсан, 2024

Жас зерттеушілер форумы

Форум • 07 Желтоқсан, 2024

Ілкімді жобалар ілгері оздырады

Экономика • 07 Желтоқсан, 2024

Атакәсіпті ардақ тұтқан

Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Талабы таудай тас қопарар

Маман • 07 Желтоқсан, 2024