Әдебиет • 14 Мамыр, 2024

Ақыл патшасы

100 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Кабуснамада» ақылды екіге бөледі: тума ақыл, кәсіби ақыл. Тума ақыл – Жаратқаннан берілген, ата-баба генінен түзілген ақыл. Ал кәсіби ақыл – кісінің өзі ізденіп оқыған, түйген, түйсінген ақылы. Кейбір адамдар көп кітап кеміріп жатпаса да, тума ақылы арқылы дараланып тұрады. Тума ақылы мен кәсіби ақылы қосылған адам данышпан болады дейді кітап. Мәселен, 26 жастағы Пушкинмен жүздескен Николай патша: «Бүгін мен Ресейдің ең ақылды адамымен кездестім!» деген-тін. Әрине, 26 жастағы ақынның кәсіби ақылы кемеліне келген деу жаңсақ, мұнда тума ақылдың сәулесі меңзелсе керек. Ал 25 жасында-ақ «Жас Вертердің қасіреттерін» жазған Гетенің Құдай берді ақылына ешкім шәк келтіре алмас. Шәкәрім: «Алланың берген ақылы бұл қазақтан бөлек дана кісі еді» деп еске алады хакімді.

Ақыл патшасы

Вольтердің ақылы шым-шы­тырық шіркеу заңдарымен бу­лыққан, жеке иеліктер мен үстем тап­тың езгісіне жаншылған қоңыр­қошқыл Еуропа аспанына түс­кен жарылғыштай әсер етті. Ол ә дегеннен-ақ адамның ақылы тұтқыннан босанып, еркін­дікке құлаш ұрмай, қоғам оңалмайтынын түсінді. Жағдай күрделі еді. Еркіндіксүйгіш Жан­на д Арк пен Бруноны отқа жаққан, азат ойы үшін «құдай­сыз» деп танылған он тоғыз жастағы Де ла Барды өлімге кес­кен епископтар заңы ақиқаттан алыс қонды. Өзін жетілдірудің төменгі сатысында қалып қойып, божи бастаған ақылының ашуына тұншыққан олар не нәрседен де тайынбайтын еді. Әділетсіздік пен надандық шыңырауына күйінген Вольтер: «Өз қолымызбен жа­салған осындай құбыжық әре­кеттерді көре тұра, біз қалай өз­гелерді жабайы дей аламыз?» деп опынады. «Өз беттеріңмен ойлануға құлшыныңдар!» дейді ол сергелдеңге түскен қауымға.

Вольтер өзімен бірге Еуропа ақыл-ойына жаңа бетбұрыс әкелді. Ол туғанда Еуропада қа­зіргідей қаулаған авторлар тізімі жоқ еді, 1789 жылы өмірге кел­ген тұлға өзінен кейінгі жаңа әдебиетке төлбасы болды. Мә­селен, «Задиг немесе тағдыр» атты филососфиялық повесін оқысаңыз, Ницщенің «Заратустра солай деген» еңбегінің іргетасын көресіз, ал ғаламшарларды шар­лап жүретін «Микромегас» Экзюперидің «Кішкентай ханза­дасының» алғашқы дәні іспетті. Вольтер поэзия, драматургия, тарих, сатира салаларына із қал­дырып, философияның жаңа дәуірінің басында тұрды.

Еуропа терезесіне шығыстық өрнектерді алғашқы ашқан адам­дардың бірі де әйгілі Воль­тер еді. 1704 жылы Антуан Га­лан­­ның аудармасымен жарық көрген «Мың бір түн» ертегі­лерінің салқыны күллі атырапты шарпыды. Монтескьенің «Пар­сылық хаттары», Дидро­ның «Қарабайырлықтан ада қа­зы­наларында» араб ерте­гіле­рінің бояуы анық білінеді. Ал Вольтердің бүкілге жуық шы­ғар­маларында шығыстық леп мен­мұндалап тұр. Тіпті да­ныш­пан­ның кітаптарын авторсыз оқысаңыз, шығыстық автордың қаламынан туған еңбектер ме деген ойда қалуыңыз мүмкін.

«Задиг немесе тағдыр» ең­бегінде әлем кезген Задигтің әр ­алуан қызықты оқиғаларға тап болған тартымды образы бей­неленеді. Өмір соқпағы За­дигтің алдына әркез шешімсіз жұмбақтар мен адам санасына сыймас күрделі жағдаяттарын тосады. «Менің білімім, адалдығым, батылдығым маған тек қана ба­қытсыздық әкелді!» деп ашынады ол. Желіп жүріп ел кезген Задиг бірде уәзір, бірде кеңесші, бірде кезбе болады. Бірде балаға тәрбиеші іздеген сарай ханымына қос тәрбиешінің бірін таңдау ісіне жүктеледі. Бірінші тәрбиешіге «Балаға нені үйретесің?» дегенде, ол: «сегізден астам тіл, ас­тро­логия, демономания, абс­трак­ті ойлау мен нақтылықтың үй­лесімін түсіндерімін», деп жауа­п қатады. Ал екінші тәрбиеші: «Мен балаға жауапкершілік пен дос­тыққа адалдықты сіңіруге тырысамын», дейді. Задиг екінші тәрбиешіні балаға ұстаз болуға лайық деп табады. Міне, мұндай шығыстық даналыққа толы мотивтер философиялық повесте қадам басқан сайын көрінеді. Бейнебір данышпан қариямен әңгімелесіп отырғандай күй кешесіз. Шығармадағы За­дигпен тіл қатысқан Иезрад пе­ріште: «Адам­дар кейде бала суға кез­дейсоқ құлап кетті, үй кездейсоқ өр­тенді деп ойлайды, бірақ өмір­де кездейсоқтық деген нәрсе болмайды, өмірдегі әрбір іс не сынақ, не бізге берілген жаза, не марапат немесе алдын ала ескерту» деген тәмсіл айтады.

«Микромегас» филосо­фия­лық повесінде Вольтер Си­риус жұлдызы мен Сатурн ғалам­шарында мекендеген қос саяхат­шының тілімен ғарыш­тық ойларын жеткізеді. Олар адамдар тірлігіне биіктен қарап, терең пікірлер тоғанын өрбітеді. «Адам­ның жаны сағаттың тілі секілді, керек кезде уақытты көр­сетеді, ал тәні болса оған ке­дергі жасап бағады. Ал кейде керісінше жаныңыз тәніңізге кедергі жасауы мүмкін. Сондықтан жан деген ғаламның айнасы, ал тән – оның жиегі». «Микромегас» – Вольтер ақылының кемеліне келген, гүлденген шағының жемісі. Ай­рықша туындысы.

Өмірінің соңында күрескер тұлғаны шіркеуліктер «құдайсыз» деп айыптады. Бірақ ол құдайсыз емес еді. Жаратушының ақ жолын, адамдық даңқын насихат­таған тұлға ұлтының шынайы патриоты болды. Әділетсіздікке жаншылған жұрт оны өзінің қорғаушысындай көрді, сүйе білді. «Өңшең жал­бырға» өткір тілін қанжар еткен зиялы жан ақыры мұратына жетті, көп өтпей-ақ француз халқының сана­сы оянып, Еуро­палық қайта өр­леудің басында тұрған ерен ұлт­тың біріне айналды. Осы­лайша, сау ақыл мен талап­кер сананың озат мектебіне ұласқан азаттық перзенті 1778 жылы бақиға аттанды. Жұтаң се­зімдері жәбір көрген эпископ­тар оны шіркеуден арулап шығаруға тыйым салды. Алайда жер бе­тілік рәсімдер ақиқат сүйген жү­­ректің төменінде қалып еді. Ғұмы­рын ұлтының бақытына, ар-ұят жолына арнаған, ақыл патшасын Құдай Тағала өз рахымына алғанына мен сенемін.