13 Қаңтар, 2015

Жинақ жүйесі тұрақты

321 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ҚТЖБТұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұлттық валютада заем алып немесе тұрғын үй құрылыс жинақ шартын жасап, баспана сатып алғысы келетін немесе банктің өзге де қызметтерін пайдалануды қалайтын қазақстандықтардың бәрін қолдауға әзір. Банктің бүкіл активтері теңгеде. Міндеттемелерге де ұлттық валютада қызмет көрсетіледі. Сондықтан тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі тұрақты. Валюта толқуының еш әсері жоқ. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өткен жылдың алдын ала қорытындысын шығарды. Айталық, желтоқсанның 1-індегі мәлімет бойынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі берген заемдардың көлемі арғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 53%-ға өсіп, 11 айда 80,6 млрд. теңгеге жетті. Айта кететін жайт, банк клиенттеріне тек қана өткен желтоқсанда 13 миллиард теңгеден асатын сомада кредит берген. 2015 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 95 миллиард теңге болады деп күтілді. ҚТҚЖБ баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, құрылысқа және тұрғын үй алуға екінші деңгейлі банк­тер берген заемдардың жалпы көлемі бойынша, барлық кредиттердің үштен бірін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі берген. Бұл – банкпен ынтымақтастық жасаудың артықшылықтарын және қазақ­стандықтар сенімінің елеулі түрде өскенін көрсетеді. ҚТҚЖБ қызметіне деген сұраныс та өсіп келеді. Сол се­бепті банк бұдан әрі де кредит беру көлемін арттырып, заем беру жұмыстарын жандандыра түспек. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі кредиттің ең төменгі мөлшерлемелерін ұсынады – жылдық 3,5%-дан 9,5%-ға дейін. Оның тарифтік бағдарламалары табысы аз, жинағы көп емес адам­дарға да кредит алуға мүм­кіндік береді. Бүгінгі күні халықтан ұзақ мерзімді салымдар тартуда ҚТҚЖБ көшбасшы атанып отыр. 2014 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, 29,1% үлеспен, депозиттер көлемі бойынша, банк ең жақын бәсекелесінен екі есеге дейін озық тұр. Өткен жылдың 1 желтоқсанында қызметін бас­тағаннан бері банк 639 461 тұр­ғын үй құрылыс жинақ шартын жасаған. Соның 160 мың шарты 2014 жылдың 11 айында жасалған. 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өсім 69%-ға жеткен. Назар аударатын жайт, желтоқсанның орта шенінде банк 12,5 мың жаңа тұрғын үй құрылыс жинақ шартын жасады. Осылайша, соңғы дерек бойынша, 2014 жылы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысқан қазақстандықтардың саны 1,3 есеге артты. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» және «Жас отбасыға арналған тұрған үй» атты екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қаражаты тиімді пайдаланылуда. Сатып алынған пәтерлер есебінен былтыр бюджетке 56, 8 миллиард теңге аудар­ған. Олардың 40 миллиард тең­гесі немесе қаражаттың 71%-ы – салымшылардың ақшасы. Ең маңызды өзгерістердің бірі – «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша, банктің салымшылары арасынан тұрғын үйді сатып алушылардың пулын құру кезінде, өтініш беруден бас­тап, тұрғын үйді бөлуге дейінгі барлық үдерістердің ашықтығы толық қамтамасыз етілді. Оның үстіне, балды есептеу де түгелдей автоматтандырылып отыр. 2014 жылы Елбасының тапсырмасын орындау аясында ҚТҚЖБ әкімшілік және қар­жылық кедергілерді елеулі түрде қысқартты. Мәселен, банк клиенттерінен алынатын 8 комис­сиялық алым жойылды. Бұл қаржылық жүктемені ор­та есеппен 30%-ға азайтады. Актив­тердің пайдалылығы артып, банк капиталы 2 есеге дейін өсті. Бұл клиенттерге түсетін қаржылық жүктемені бұдан әрі де төмен түсіруге мүмкіндік береді. Болашақта банк үдерістерді автоматтандыру және оңтайландыру арқылы комиссияларды тағы да 20%-ға азайтуды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде клиенттерге қыз­мет көрсету уақыты орта есеппен үш есеге дейін қысқарды. Осы­лайша, барлық қажетті құ­жаттарды тапсырса заем беру мерзімі бұрынғыдай 22 күнге емес, 5 жұмыс күніне дейін азайды. Депозит ашу уақыты 8 минутқа дейін қысқарды. 2014 жылы Fitch Ratings ха­лықаралық рейтинг агенттігі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-қа ұлттық валютада «BBB+» деңгейінде, рейтинг болжамы бойынша – «Тұрақты» деген эмитенттің ұзақмерзімді дефолт рейтингін берді. Қазіргі таңда Standard & Poor’s, Moody’s және Fitch Ratings халықаралық агенттіктер берген Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейлі банктердің рей­тингтерімен салыстырғанда ҚТҚЖБ рейтингі ең жоғары болып отыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бұдан әрі де тұрғын үй құрылыс жинақ шартын жасау және кредит беру бойынша клиенттерге қызмет көрсетіп, өз жұмысын толық атқара бермек. Мира КАРИМОВА.