Біз Жәнетпен ҚазПИ-дің математика факультетінің табалдырығын бірге аттап, төрт жыл қатарынан бірге дәріс алдық. Қызыққа толы студенттік жылдарды да бірге өткіздік. Ол өнерлі жігіт ретінде бірден көзге түсті. Қолына домбырасын алып күй тартқанда арқаланып кететін. Әсіресе, Мұқағали ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді керемет шырқайтын. Жатақхана бөлмелерінде туған күн болса, сол жерде домбырасын шертіп Жәнет отыратын. Оқу бітіріп, үлкен өмірге жолдама алғаннан кейін де біздің еңбек жолымыз бірге жалғасты.
Жәнет Керімқұлов еңбек жолын сол кездегі Кеген ауданы, Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастады. Кейін Ұйғыр ауданындағы Қырғызсай орта мектебінде мұғалім болған жылдарда өз ісіне мақсатты әрі ойлы көзбен қарайтын, шәкірт алдында жауапты тұлға болып қалыптасты. Жас маман араға жылдар салып, өз кәсібінің шебері, ойлау қабілеті жоғары, өз білімін ұтымды ұйымдастыра білетін үлгілі математик ретінде танылды. Осылайша, ол математиканың қыр-сырын үйретіп жүріп, шәкірттерінің және әріптестерінің құрметіне бөлене бастады.
Білімді маман ауданға да қажет. 1984 жылы аудандық білім бөлімінің инспекторы қызметіне шақырылды. Онда Жәнет аудан мектептерінде мұғалімдердің білім беруінің ғылыми және оқу-әдістемелік ұйымдастырушылық жұмыстарына талдау жасаумен айналысты. Оқушылардың білімді мемлекеттік білім стандарты деңгейіне қолжеткізуін қадағалап, нұсқау беріп отырды.
Ж.Керімқұлов бірқатар жыл Ұйғыр аудандық білім бөлімін де басқарды. Одан кейін №4 Шонжы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі, Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Сүмбе орта мектебінің директоры қызметтерін атқарып, оқушылардың ойдағыдай білім алуына жағдайлар жасады. Ал 2008 жылдан бері ол Бірлік-Сүмбе орта мектебінде оқушыларға математика пәнінен сабақ беріп келеді.
Жәнет Керімқұлов аудан тұрғындарының, мұғалімдер мен оқушылардың кейбір өзекті деген мәселелерін шешуде де тиісті жерде өз пікірін ашық айтып отырады. Олардың шешімін табуына ықпал етеді. Сондай-ақ, ол осыдан бес жылдай бұрын аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланды. Ұлағатты ұстаздан математика ғылымына қызыққан көптеген шәкірт білім алды, талай жас маманға жол көрсетті. Аудан жастарының түрлі байқаулар мен конкурстарға, басқа да іс-шараларға қатысуларына мұрындық болды.
Оның шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Қазақ КСР-і ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, сондай-ақ, облыс әкімінің, аудан әкімінің, білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жан-жақтылығымен ерекшеленетін Жәнет замандасымыз бірде қазақы әзіл-қалжыңымен баршамызды күлкіге кенелтсе, енді бірде би-шешендердің ұлағатты сөздерін айтып, жігеріңді қайрайды. Ұтқырлығы мен тапқырлығына көңіл сүйсінеді. Адамды жатсынбайтын жайдары жан үлкенді де, кішіні де өзіне баурап алатын кішіпейіл.
Жәнет пен Майраш бүгінде ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған үлгілі отбасы. Майраш – ауданға белгілі математик мұғалім. Ал ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді мамандар, әкелері сияқты өнерлі жандар.
Раиса ҚОЙШЫБАЕВА,
Шонжы медициналық колледжінің атқарушы директоры.
Алматы облысы,
Ұйғыр ауданы.