Бокс • 15 Мамыр, 2024

«Елорда кубогі ІІІ» - бокстан олимпиадалық құрам үшін шеберлік алаңы - Мырзағали Айтжанов

1160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бокстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов «Елорда кубогі ІІІ» халықаралық турнирі туралы пікір білдіріп, олимпиадалық құрамның жаттығуларына байланысты алдағы жоспарлы оқу-жиындары қайда өтетінін айтты, деп жазады Egemen.kz.

«Елорда кубогі ІІІ» - бокстан олимпиадалық құрам үшін шеберлік алаңы - Мырзағали Айтжанов

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Бас бапкер «Елорда кубогі ІІІ» халықаралық турнирі бұған дейін 6 салмақ дәрежесінде Париж олимпиадасына қатысу мүмкіндігін беретін лицензияны жеңіп алған боксшылардың тәжірибесін толыстырып, шеберлігін шыңдау үшін уақытынан бұрын ұйымдастырылып отырғанын айтты.

«Биылғы «Елорда кубогі ІІІ» халықаралық турнирі – Олимпиадаға қатысатын боксшылардың физикалық, техникалық дайындығын соңғы рет тексеру үшін уақытынан ерте өткізіліп жатыр. Олимпиадаға қатысатын жігіттерге өз пайдасын тигізеді деп ойлаймыз. Қолында жолдамасы бар жігіттерді бір тексеріп алып, кем-кетікті, тәжірибені дұрыстау үшін осы турнирге бәрі қатысып жатыр. Биылғы турнирдің деңгейі орташа деуге болады. Былтыр бұдан да көп мемлекет қатысқан. Айдың соңында Тайландта олимпиада лицензиясы сарапқа салынатын бәсеке өтеді. Көп ел сол жарысқа басым ден қойып отыр. Жарысқа Өзбекстан, Үндістан, Иран, Жапон, Қырғызстан мемлекеттерінің мықты боксшылары келді. Одан бөлек Қытай мен Әзербайжаннан Олимпиадаға лицензия алған боксшылар да бақ сынап жатыр. Олар да шеберлігін шыңдау мақсатында келді Астанаға. Біздің боксшылар да тек өз еліміздің боксшыларымен дайындалып қоймай, шетелдің бокс мектебінен өткен қарсыластармен күш сынасады. Өздерінің кем-кетігін көреді. Бапкерлер, біз, осы жарыстан кейін жекпе-жектерді саралап, кімге не жетіспей тұрғанын анықтау үшін жұмыс істейміз», деді Мырзағали Айтжанов.

Астанада өтіп жатқан байрақты бокс бәсекесінен кейін де олимпиадалық құрам төртжылдықтың басты додасына дайындықты әсте бәсеңдетпейді. Себебі, алда ауқымды 2 оқу жаттығу жиыны жоспарланып отыр. Оның алғашқысы шетелде өтсе, кейінгісі Түркістан облысында ұйымдастырылады.

«Бұл турнирден кейін Түркияда 10 күндік тынықтыру, онымен қоса жаттығу жиыны өтеді. Жігіттер теңізге түсіп қана қоймай, құмда жүгіреді. Әр күнге белгіленген түрлі жаттығуды да жоспарлы түрде жасаймыз. Одан кейінгі оқу-жаттығу жиыны тауда Түркістан облысындағы «Алма-тау» базасында болады. Жалпы дене дайындығын пысықтаймыз. Сол базада 21 күн ең үлкен жұмыстарды, дайындықты атқарамыз. Боксшыларымыздың рингте функционалдық әзірлігі мықты болу үшін, сонда ауқымды жаттығу жиынын өткіземіз. Осы жиынға бізбен бірлесе Әзербайжан және тағы 2-3 ел өтініш білдіріп отыр. Барлығы дұрыс болған жағдайда біріккен оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Ол жерде шеберлік, тактикалық әрі арнайы қарсыластарға қарсы зерттеу жұмыстарын жүргіземіз», деді бас бапкер.

Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнирде 63,5 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының қоржыны бос келді. Алайда, команда толық құраммен Парижге бару үшін соңғы мүмкіндік Тайландта сыналады. Бұл бәсекеде де Мұхамедсабыр Базарбайұлы жолдаманы жеңіп алуға күш салады. Оған екінші мүмкіндік елде өткен спаррингтік жекпе-жектерде басым болғаны үшін беріліп отыр. Мырзағали Айтжанов Мұхамедсабыр Базарбайұлының жауапты жарысқа дайындығы қалай өтіп жатқанын айтты.

«Бұған дейін 6 боксшымыз Олимпиада жолдамасын қанжығалады. Тек 63,5 кг салмақ дәрежесінде жолдама бұйырмаған еді. Тайландта Мұхамедсабыр Базарбайұлы оған қол жеткізеді деп сенеміз, үміттенеміз. Мұхамедсабыр Базарбайұлы лицензиялық турнирге дайындалып, оқу-жаттығу жұмыстарын жалғастырып жатыр. 21 мамыр күні Тайландқа ұшады. Сол жерде бар күшін салып, елімізге лицензиямен оралады деген ойдамыз», деді Мырзағали Құланұлы.