Қоғам • 16 Мамыр, 2024

Адал азамат – мемлекет тірегі

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұрпақ тәрбиесі қашанда өзекті. Өйткені бүгінгі жас буын – ертеңгі ел тірегі. Мұны әрдайым назарда ұстайтын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек екенін баса айтты. Осы орайда Достық үйі ғимаратында «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Адал азамат – мемлекет тірегі

Астана қаласы әкімдігінің Белсен­ді ұзақ өмір сүру орталығы ұйытқы болған жиынға қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар Құрылтай тұжырымдамасына сәйкес «Ұрпақтар сабақтастығы» тақы­рыбын талқылап, аға буын өкіл­дерін ұрпақ тәрбиесіне тарту мәсе­лесін қозғады. Мақсат – Президент жүктеген мәселелерді іске асыру.

– Қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаев жырлағандай:

«...Неменеге жетiстiң, бала батыр?

Қариялар азайып бара жатыр.

Бiрi мiнiп келместiң кемесiне,

Бiрi күтiп, әнеки, жағада тұр!» – біз міне, осы жасқа келген азаматтармыз. Сондықтан турасын айтып, мейлінше біз жасаған қателіктерді қазіргі ұрпақ жасамаса екен дейміз. Жаманнан жиреніп, жақсыдан үлгі алса игі. Президент Ұлттық құрылтайда атап өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» үштағаны – озық әрі табысты елге айналудың басты кілті. Бұл құндылықтарды бала бойына туғаннан бастап сіңіру керек. Ал кейінгілерді білім ордалары, қоғам болып тәрбиелеуіміз қажет. Менің бір байқағаным, қазір көшеде, қоғамдық көліктерде үлкенмен қазақы амандасу, сыйлау мәдениеті қалып барады. Біз ақсақалдар жүрген жерімізде ана тілінде сөйлеп, өзіміздің әдет-ғұрыптарымызды кейінгі буынға кеңінен насихаттап жүрсек, қоғамның бір жыртығын болса да жамайтынымыз анық. Өйткені жастар арасындағы жағым­сыз көріністердің жиілей түскеніне біз де кінәліміз. Мұны Президент былтырғы Құрылтайда да айрықша атап өтті. Оны ашық мойындай отырып, ендігі жерде жұмыла белсенді іс-әрекетке көшуіміз керек, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сауатбек Маханбетов.

Расында, ұрпақ тәрбиесінде алдыңғы буынға жүктелер міндет өте жоғары. Ұлттық құрылтай мүшесі Зұлфұхар Ғайыпов та құн­дылықтарды жастарға сіңіруде, жақсылыққа жетелеуде насихаттың маңыздылығын атап өтті.

– Ел дамуында қандай форматқа көшсек те, қандай кезеңде жүрсек те, ұрпақ тәрбиесі өзектілігін жоймайды. Жастардың тәрбиесіне байланысты ойымызды халқымыздың данышпаны, дана ақын Абай Құнанбайұлының сөзімен жеткізер болсақ, ағартушының жастарға ең бірінші қойған талабы – ахлақ жағынан ұстамды, таза, сыпайы, мінезді, әділетшіл, шыншыл болуы керек. Екінші талабы – тұрақтылық, қандай жағдай болмасын, өмір атты кемеде тұрақты, бір қалыпты болуға шақырады. Ал үшінші талабы – әділ болу. Сарғайған, жылан үймелеген алтынға үйір болмай, әділдік жолын ұстануды баса айтады. Жастар дүниеге келе салысымен есті болмайды, қоғамда адамдармен араласу арқылы естіп, көріп, дәм татып, естілердің жанында жүру арқылы есіне сақтап қана естілер қатарын толықтырады. Демек үйде де, түзде де осы құндылықтарды айта беруіміз керек. Айта-айта адам түзеледі. Абай атамыз да: «Өзгермейді деген адамның – тілін кесер едім» деп келтіреді, – деді ол.