Тағзым • 15 Мамыр, 2024

Балалар әлемінің бағбаны

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл балалар әдебиетінің алып бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушының мерейтойы биыл ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Мерекелік іс-шаралар легі басталып, еліміздің барлық рухани шаңырағында өтіп жатыр.

Балалар әлемінің бағбаны

Атаулы мерейтойға орай жазу­шының шығармалары «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында оқуға ұсы­нылды. Соның бірі – А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітап­ханасында «Менің атым Қожа» кітабы бойынша оқушылар арасында «Балалар бағының бағбаны» атты оқырмандар конференциясы өтті. Шараға Шығыс Қазақстан облыстық техникалық-экономикалық лицей-интернатының, Шы­ғыс Қазақстан облыстық дарынды бала­ларға арналған ма­мандандырылған «Білім-инно­вация» лицейінің оқушылары қатысты.

Жазушы «Менің атым Қожа» повесінің арқасында танымал болды. Бердібек – шығар­маларында балалардың мінезін, сол кездегі уақыт көрінісін тура берген қаламгер. Мәселен, «Менің атым Қожа» шығармасында Қожаның мінезі арқылы сол кездегі қазақ баласының бейнесін тамаша жеткізеді.  Арасында әзіл де жоқ емес. Әсіресе Сұлтанның жайлауға барғандағы әрекеттері өте қызық. Бердібек Соқпақбаев – өз уақытындағы баланың шынайы мінезі, әрекетін таза мүсіндеген жазушылардың бірі де бірегейі.

Балалар «Повестің басты кейіпкері Қожа қандай бала?», «Повестегі Жанар қандай оқу­шы?», «Ол Қожаға несімен ұнайды?», «По­вестегі ұс­таздар бейнесі туралы не айтар едіңіз?», «Қо­жаның жақсы көретін мұғалімі кім?», «Қожаның болашақта жақсы азамат болып шы­ға­тынына сенесіз бе? Оның қателіктерге ұрына беру себебі неде?» және тағы басқа сұрақтарға жа­уап беріп, кітап жөніндегі ойларын ортаға салды.

«Менің атым Қожа» туындысы жазушының балалар әдебиетіндегі мықтылығын көрсетеді. Кино­ның өзі де – өте сәтті шыққан дүние. Әсіре­се кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың шебер­лігі фильмде көрініп тұр. Повесть бойын­ша «Қазақфильм» киностудиясында көркем фильм тү­сіріліп, 1967 жылы Канн қаласында өткен ба­лалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халық­аралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Повестің басты кейіпкері – Қожа арманшыл, сотқар бала. Тентектігімен үнемі түрлі жағдайға тап болып жүретін ол ақыл-ойы мен біліктілігінің арқасында қиындықтардан шыға алды. Ол – біреудің қайғы-қасіретіне көз жұма қарамайтын елгезек, жоғары әділеттілік сезіміне ие, досқа адал, қайырымды, зұлымдыққа жол бер­мейтін бала. Осы қасиеттердің барлығы оқыр­­ман жүрегінен орын алып, Қожа батыр бала атанды. Мұндай шығармалар бала­лар әдебиетіне керек-ақ.  Бұл – балалар әдебие­тіндегі классика.

№27 және №35 орта мектептер оқушылары көрсеткен  көріністер елдің көңілінен шықты. Іс-шараға белсене қатысқан қатысушылар кітапхана әкімшілігі атынан Алғысхатпен марапатталды.

 

Рақия УАЛХАНОВА,

Мәдениет саласының үздігі