Байқау • 15 Мамыр, 2024

Өскемен көгінде күй күмбірледі

101 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұндай байқау Өскеменде бұрын-соңды болмады десек, әй өтірік айтқандық емес. Ұлттық өнерді насихаттауды мақсат еткен «Күй – дария, күй – ғұмыр» атты облыстық жас күйшілер байқауы Шығыста тұңғыш рет өтті.

Өскемен көгінде күй күмбірледі

Облыстағы «Дарын» орталығы және Ха­лық әртістері ағайын­ды Абдуллиндер атындағы Шы­ғыс Қазақстан өнер колледжі ұйым­дастырған дүбірлі додаға ай­мақтың әр ауданынан 11 күйші, 6 ансамбль қатысты. Шанақтан күмбірлей төгілген қоңыр күй тыңдаған жанды тебірентпей қоймады. Алыс-жақыннан келген қазылар да «пах шіркін» деп таңдай қағысып отырды. Кө­рермендер де қиқу қосып, қо­шемет көрсетумен болды.

– Шығыста қазақтың қазақ­тығын көрсетер үлкен байқауға қазылық етуге келіп қалдық. Оқу­шылардың талантына, талабына тамсанып отырмыз. Түк­пірдегі әр ауданда көрінбей жатқан, еленбей жүрген таланттар осындай бәйгеде көрінеді, танылады. Болашақтарына үл­кен есік ашылады. Сондықтан мұндай байқау жалғасын табуы керек. Ұйымдастырушыларға мың алғыс! – дейді Мәдениет қай­раткері, күйші Мұрат Әбуғазы.

Қоңыр үнді домбыраларын арқалап, аймақтың әр аулынан келген оқушылар Алтай-Тарбағатайдың, Батыстың дәс­түрлі күйлерін төкпелетті. Ал осын­дай ұлттық нақыштағы бай­қаудың өтуіне мұрындық болып, демеушілік көрсеткен кәсіпкер Айдос Байғонысов еді. Қазақтың төл мұрасын насихаттауға үлкен үлесін қосқан кәсіпкерге де көпшілік ризашылық білдірді.

– Күйдің қадірін біліп, құн­дылығын бағалай алып жүрміз бе? Осы сұрақ алаңдатты. Әлем­ді таңғалдырған домбырадан төгілген күйді де биікке көтеруге тиіспіз, – дейді күй өнерінің жа­нашыры, кәсіпкер Айдос Жомарт­ханұлы.

Ұйымдастырушы, ұлттық өнердің жанашыры, күйші Шал­қар Ырысханның айтуынша байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңдегі үш күйдің екеуі Алтай, Тарбағатай дәстүрлі күйшілік мектебінен орындалса, үшіншісі шертпе күйден тұрды. Екінші кезеңде де қатысушылар үш күй ойнады.

– Байқау жеңіл болсын деген ниетте өтінім бергендердің бәріне дайын нота жібердік. Сонымен дайындалды. Шығыстың күйі кеңінен насихатталуы бұрын болмаған. Демеушіміздің ар­қасында бұл байқау келесі жылы да өтетін болып отыр. Бұл деген күйшілердің кәсібилігін шыңдауға ықпал етеді. Сондай-ақ репертуарлық қорлары да артты, – дейді күйші Шалқар Ырысхан.

Сөйтіп, «Күй дария, күй ғұмыр» атты облыстық күйшілер байқауында жүлделі үшінші орынды Халық әртістері ағайын­ды Абдуллиндер атын­дағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің оқушысы Темірлан Қайырбек еншіледі. Екінші орынды Катонқарағай аудандық музыка мектебінің оқушысы Санжар Қайырдинов иеленсе, бірінші орынның тұғырынан Мұхамедәли Қайтбек көрінді. Ал қазылар алқасы бас жүлдені бір ауыздан Өскемендегі «Жұл­дыз» өнер мектебінің 8 сынып оқу­шысы Олжас Азатбекке табыстады. 

– Бұл байқаудың ережелері мен үшін қиын сияқты көрінді. Бірақ әкем үйретіп, қол­дап, рухтандырып қойды. Жасыр­маймын, кейбір күйлерді нотасыз үйренгендіктен күрделі тұстарын алып шығуда қобал­жыдым. Оның үстіне, бәйгеге түскендер арнайы музыка мектебінің оқушылары еді. Мені қолдаған ағайын-туыстарға алғыс айтамын, – дейді бас жүлдені қанжығаға басқан Азатбек Олжас.

Айта кетейік, жүлделі орын алғандардың барлығына арнайы сертификат пен ақша­лай сыйлықтар табыс етілді. Ан­самбльдік орындаудан бас жүл­­деге Риддер қаласындағы Бала­лар музыка мектебі қабыр­ғасында құрылған «Кербез» домбырашылар ансамблі ие болды. Бірінші орынды «Шығыс сазы», екінші орынды «Балдәурен», үшінші орынды «Бәйге» домбырашылар ансамблі алды.

Жоғарыда айтып өткендей, бұл байқау келесі жылы да жал­ғасын табады.

 

Өскемен