Суретті түсірген – автор
Облыс орталығын жарықтандыру жобасын бастағандағы мақсат ескірген 16 мың шамды жарық диодты электр үнемдегіш түріне ауыстырып, жарық ағынын бірқалыпты реттеуге қол жеткізу еді. Бұл үшін көше шамдарын автоматты басқаратын бірыңғай диспетчерлік орталық іске қосылған. Қолға алынған жұмыстар толық аяқталғанда электр қуатын 60%-ға дейін үнемделуі мүмкін екен.
Көшені жарықтандыру жүйелерін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ринат Бұтажановтың сөзіне сенсек, 11 583 көше шамы жаңартылған, 214 басқару шкафы мен 212 км электр желісі ауыстырылған. Алайда орнатылған жарық шамдар аз уақыт ішінде күйіп кетіп отырған. Кейбіреулері мүлдем жанбай қалған. Жалпы, қалада шамамен 2 мыңға жуық жарық шамы істен шықса, соның 1 400-і – желілік, 600-і әр жерде орналасқан.
– Шамдардың істен шығудағы негізгі себебі – көшені жарықтандыру жүйесінің тозуы, тұтынушылар санының өсуі, қолайсыз ауа райы. Байқасақ, қалада қатты жаңбыр жауса немесе дауыл соқса, кейбір шағын аудандарда жарық сөніп қалады. Сол сияқты жаңғырту кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасыздығы да бар. Ескерте кетейік, жоба әлі аяқталған жоқ. Егер «Everlight Electronics Co» компаниясы өз міндеттерін орындаса, олқылықтар қалпына келтіріледі. Қазір қосалқы мердігер «Digital Security» компаниясы қалпына келтіру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Өскемен көшелерінің жарық шамдарын жаңғырту жобасын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Р.Бұтажанов.
Қазіргі уақытта Өскемендегі бірнеше көшенің жарық шамдары қалпына келтірілген. Қолға алынған жұмыс маусымның ортасына дейін толық аяқталады. «Digital Security» ЖШС басшысы Данияр Әуеспаевтың айтуынша, бүгінге дейін Өскеменде 461 шам жаңартылған.
– Қаланың орталық көшелері мен жеке сектордағы 461 жарық шам ауыстырылды. Компания мамандары тұрғындардың өтінімі бойынша көшелерді жарықтандыру жүйесін тәулік бойы бақылауда ұстап, қызмет көрсетеді. Сондай-ақ биіктегі және жер астындағы электр желілерін қалпына келтірумен де айналысады. Осыған дейін 5 шақырым оқшауланған электр желісі ауыстырылып, 8 басқару шкафының жұмысы реттелді, – деді Д.Әуеспаев.
Қазіргі таңда ескірген басқару шкафтарын қайта бөлшектеу, көшелерді жарықтандыру желісіне қосылған бөгде көздерді ажырату мәселелері қарастырылып жатыр. Электр желісін қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары назардан тыс қалған жоқ. Жоба аясындағы жалпы жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады. Жоспар ойдағыдай болса, жыл соңында Өскемен қаласы самаладай жарқырап тұрары сөзсіз.
Өскемен