Мәдениет • 16 Мамыр, 2024

«Ерке сылқымдағы» ерке сезім

149 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жалғыз-ақ күйімен көңілдерге мәңгілік көк­тем орнатқан Әбдімомын Желді­баев­­тың өмір­ден өтке­нін ес­ті­ген­нен-ақ, қи­мас­ты­ғымыз болар, ерке сезімді сөйлеткен «Ерке сылқымды» қайта-қай­та тыңдай бердік. Тың­дап отырып тамаша күйдің тари­хына да бойлап кетіп­піз.

«Ерке сылқымдағы» ерке сезім

Жалпы, қазақ күй өнерінде әйел адамның бейнесін жасау, сұлулықты, көркемдікті көрсету әуелден қалыптасқан құбылыс қой. Мәселен, халық күйі «Келіншекті», Дәулеткерейдің лирикалық күйлерін алып қарасақ та жеткілікті дер едік. Әйтсе де әйел бар жерде әдемілік, ал сұлулық барда саз да таусылмайтыны хақ. Мұқағалиша айтсақ, әдемілік бізге көптік етпейді. Классикалық күй өнеріндегі сондай ұлы махаббат, ерке сезімге қойылған мәңгілік ескерткіш «Ерке сылқым» деуіміздің һәм күй авторының өмірден өткенін естігенде аласұрып Әбдімомын әлемін іздеуіміздің де түкпірінде сол сұлулыққа, адал махаббатқа және ең бастысы, саф өнерге деген сағыныш жатса керек.

«Тіл батып айта алмағанды күй батып айтқан» деген теңеу дәл осы күйдің табиғатын тап басатындай. Себебі «Ерке сылқым» – Әбдімомын Желдібаевтың сүйгеніне сырын айтуға бата алмай жүріп, кейін құсын қапияда қолынан ұшырып алған сәттегі ішкі көңіл-күйін, қол жетпеген мәңгілік махаббатына қойылған мәңгілік сағынышының белгісі еді. Күйдің туу тарихына бойласақ, көрші үйдің құлпырып өскен қызғалдақтай қызына бозбала Әбдімомынның көңілі құлайды. Бірақ сезімін білдіруге батылы жетпейді. Бозбала жүрек сөзін айта алмай жүргенде, біреулер қызға құда түсіп келеді. Көңілі алабұртып, алай-дүлей болған ғашық жігіт не істерін білмей, «алып қашсам ба?» деп бір ойлайды. Бірақ оған да жүрегі дауаламайды. Ақыры сүйгені көз алдында өзгеге ұзатылып кете барады. Сыртқа шыға алмаған, сүйген қызына сөз боп айтылмаған сезім осылайша араға 20 жыл салып ғаламат күй болып дүниеге келеді.

пп

«Бiз де бүгiнгi жастардай жiгiт болғанбыз. Бойдақтық өмiрдi бастан кештiк. Ауылдағы топ қыздардың арасынан жар таңдадық. Бұл күйдiң кейiпкерi өмiрде бар. Қайтейiн тағдыр бiздi бiр-бiрiмiзге қоспады. Соңғы рет кездескенде мен: «Бәрiбiр менiң саған деген махаббатымды ешкiм де өшiре алмайды», – деген едiм. Жас ұлғайып, шау тартты демесең, ол ауылда аман-есен жүр. Көңiл шiркiн қартаймайды екен. Сол махаббатым қыз кезiнде қандай едi! «Толған айға» теңесем де, «ашылған гүлге» теңесем де сөзбен айтып жеткiзе алмайтын секiлдi болып, сенделiп ұзақ жүрдiм. Ақыры оны тек күйдiң жүрек қылын шертетiн әуенiмен ғана жеткiзуге болатынын сездiм. Сол сезiм жанымды жаулап алды. «Ерке сылқымның» әуенiн тапқанша 20 жыл уақытым кеттi. Қазақтың қыздары қандай әдемi. Жүрiсi, тұрысы, қылықтары қандай! Еркелiктерi де өздерiне жарасады. Бұл күй – барша қазақ қыздарының жиынтық бейнесі. Мен соны жеткiзуге тырыстым. Әрi жiгiттiк сөзiмде тұрдым. Ендi оны ешкiм де өшiре алмайды. Егер махаббатыма деген сезiмiм жалған болса, қазақтың қыздарын өзгелерден артық көрмесем мұндай күй тумас та, елдiң игiлiгiне айналмас та едi», – деп күй авторы өлмес туындысының шығу тарихы турасында осылай деп толғанған екен. Ал «Ерке сылқымды» ең алғашқылардың бірі болып тыңдаған Нұрғиса Тілендиев: «Мен мықты дирижер, дәулескер домбырашы шығармын. Бірақ нағыз күйші – мен емес, сенсің», деп баға беріпті.

Шынымен де Әбдімомын әлемінен шығып, халықтың ортақ қазынасына айналған «Ерке сылқымның» феномені – оның шынайылығы мен тазалығында жатса керек. Оны автордың өзі де мына бір-ақ ауыз сөзімен тамаша түйіндепті: «Күйге адалдық пен тазалық керек. Осы екеуi болмаса тыңдаушылардың жүрегiне жетпейдi. Халтураның өмiрi қысқа. Күйлерiмдi жүз рет толғанып, қырық рет толғатып барып шығарамын. Мен өзiм бiттi деген жерден бiтедi. Iзденiсiм сонымен тоқтайды. Сыншылардың тiсiн батыра алмай жүргенi де содан болар».

Жалындаған ой мен сырлы сезімнің жауһар жемісі «Ерке сылқым» туралы халық жазушысы Шерхан Мұртаза да кезінде: «Әбдімомынның «Ерке сылқымы» – қазақ өнерінің алтын қорында мәңгі сақталатын қанатты туынды» деп жоғары баға берген екен. Шынымен де «Ерке сылқым» – елдің қазынасына айналған ерекше музыка, ерен құбылыс.

Бүгінде Әбдімомын Желдібаевтың туған жері Жамбыл облысына қарасты Шу қаласында «Ерке сылқым» күйіне арнап ескерткіш тұрғызылған. Қолына қанатын жайған ақ көгершінді қондырып, сонау алысқа сағынышпен көз тастап тұрған қазақтың тал мүсінді сұлу қызы күйші әлемінің күллі құдіретін паш етіп тұрғандай.