Саясат • 16 Мамыр, 2024

Жаңа деңгейдегі ынтымақтастық

54 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев делегация басшыларына ілтипат білдіре отырып, Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының алғашқы кездесуі сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен қауіптің алдын алу үшін күш-жігер біріктіретін, сондай-ақ оған қарсы тұруға қажетті шараларды әзірлейтін тиімді алаңға айналуы керек екенін атап өтті.

Жаңа деңгейдегі ынтымақтастық

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

– Аймақтық ынтымақтастық бар­лық бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – өте маңызды әрі оң үрдіс. Мемлекетара­лық саяси диалог те мүлде жаңа деңгей­ге көтеріліп келеді. Өңір елдері арасындағы өзара сауда-экономика­лық ықпалдастық белсенді түрде кеңею­де. Соңғы бес жылда өңірішілік сауда-саттық көрсеткіші 80 пайыз­дан астам артып, 10 миллиард доллар­дан асқан. Бұл ретте елдер арасын­дағы экспорттық-импорттық операцияларды жоспарлы түрде ұлғайту, тауарлардың номенклатурасын көбейту мәселелері шешіліп жатыр. Бизнес арасындағы байланыс күшейіп, бірлескен кәсіпорындардың саны арта түсті. Аймақтық ірі жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын да өзгертеді. Көлік-логистика әлеуетінің еселенуі өңірдің қарқынды дамуы үшін берік негіз болады. Сондай-ақ мәде­ни-гуманитарлық байланыстар жанданып, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, бұл үдерістер өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы нәтижелі диалогпен дәйектелуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлердің көбі трансшекаралық сипатқа ие екенін айтты. Сондықтан оларға қарсы тұру үшін күш-жігер біріктіру қажет.

– Бұл жерде, ең әуелі, халықаралық экстремизм мен терроризмге, есірткі тасымалына, қару-жарақ сауда­сына қарсы күрес туралы сөз болып отыр. Осы орайда Ауғанстанға баса мән беруіміз керек. Бұл елде күрделі әрі түрлі бағыттағы үдерістер жүріп жатыр. Онда белгілі бір деңгейде тұрақтану, экономикалық жағдай­дың жандану белгілері бар екенін мо­йындау қажет. Екінші жағынан, халықаралық террорис­тік ұйымдардың белсенділігіне байланысты қауіп-қатердің жоғары деңгейі сақталып отыр. Бұған Мәскеу облысында жұртты қанға бөктірген лаңкестік әрекет дәлел бола алады. Біздің ойымызша, Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі. Мұнда көп нәрсе біздің елдеріміздің үйлесімді ұстанымына байланысты. Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу өзекті мәселе деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі басқосу Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындықтың маңызды кезеңі саналады. Аталған жиын 9 тамызда Астанада өтеді. Сондай-ақ Қазақстан ұйымның биылғы төрағасы ретінде алдағы саммиттің әлеуетін нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

– Біз Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» стратегиясын әзірледік. Өңірлік тығыз қарым-қатынастың басымдықтары, ең алдымен, бесжақты ықпалдастықты кеңейтуге және Орталық Азияның халықаралық субъектілігін нығайтуға бағытталған. Бұл құжатты Астанадағы саммит барысында қабылдаудың өңір үшін концептуалды мәні зор болатынына сенімдімін. Елдеріміз арасындағы қатынастардың ерекше сипаты Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартта бекітілген. Бұл құжат стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді. Осы тарихи шартқа қол қою рәсімінің аяқталуы және оның күшіне енуі Астанадағы саммиттің басты нәтижесінің бірі болар еді деп санаймын. Біздің бесжақты форматты институционалдық тұрғыда одан әрі жетілдіру өзекті болып қала береді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев достық, тату көршілік және одақтастық рухындағы өңірлік ықпалдастықтың деңгейі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық тек өңір ішінде ғана шектеліп қалмайды.

– Шетелдік серіктестермен жан-жақты байланыстар жоспарлы түрде нығайып келеді. Өздеріңізге мәлім, әлемдік ойыншылар «Орталық Азия +» форматындағы белсенді ықпалдас­тыққа зор қызығушылық білдіріп отыр. Былтыр өткізілген кездесулер­дің (Орталық Азия – Еуропа одағы, Орталық Азия – ҚХР, Орталық Азия – АҚШ, Орталық Азия – Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі, Орталық Азия – Германия) қорытындылары – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жиынға қатысушыларды аймақтағы елдерді бір-біріне қарсы қоюға және оларды араздастыруға тырысушы бөгде күштерге бірлесіп қарсы тұруға шақырды.

– Біз мұндай тәсілдер мен әрекеттерге ашық қарсымыз. Бұған күмән болмасын. Жалпы, біздің елдеріміз арасында өзара оңтайлы шешім таба алмайтын мәселе жоқ және болмауға тиіс. Тек ортақ іс-қимыл синергиясы мен өзара қолдау бауырлас халықтарымыздың өркендеуіне жол ашатынына сенімдімін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақ­стандағы су тасқыны кезінде бауыр­лас халықтардың тілеулестік таны­тып, көрсеткен көмегі үшін сіздер­дің елдеріңізге шын жүректен ризашы­лы­ғымды білдіргім келеді. Біз мұны жоға­ры бағалаймыз және оны шынайы дос­тықтың, тату көршіліктің және өзара қол­даудың айқын дәлелі ретінде қарас­ты­рамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесудің қорытындысы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

– Біз ахуалдың ынтымақтастықты дамыту және өзара сенім бағытына қарай түбегейлі өзгергенін ерекше атап өтеміз. Осыдан 10 жыл бұрын Орталық Азия өңірінде мұндай жағ­дай болған жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Экономикалық ведомс­тволарды басқаратын тұлғалардан бөлек, қазір мемлекеттер басшылары, үкіметтер мен күштік құрылымдардың жетекшілері, қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасайды. Бұл Орталық Азия аймағындағы жағдайдың орнықты даму бағытына түскенін көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Жиынға Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің Хатшысы Марат Иманкулов, Тәжікстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Насрулло Махмудзода, Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов және Түрікменстанның Қазақстандағы елшілігінің әскери атташесі Аннамырат Ягмыров қатысты.