14 Қаңтар, 2015

Қастеевтің беймәлім туындысы

4131 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Архам Ыскаков портрети.1947ж. авт-А7КастеевҚазақ даласында бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің есімі күллі әлемге танымал десек, артық айтпаған болармыз. Қазақ халқының өмірін жан-жақты суреттеген қылқалам иесі өз туындыларында қазақтың біртуар тарихи тұлғаларының кескін-келбетін сомдап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған суретші. Амангелді Иманов, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлы, Кенесары Қасымовтың портреттері суретші шеберлігінің айқын көрінісі екендігіне ешкім шүбә келтірмейді. Әбілхан Қастеев шығар­ма­шылығындағы тарихи тұлға­лар­дың ішінде Абай есімі ерекше орын алғандығы даусыз. Қылқалам иесі өмірінің әр ке­зеңінде Абай тақырыбына қай­та айналып келіп, ұлы ақын тұлғасының ерекше, жаңа қырын аша түскен туындылар жасаған. Абай бейнесі, Абай тақырыбы суретші үшін ғұмырлық тақырып болды. 1934 жылы Қазақстан Су­рет­шілер одағының ұйымдастыру комитеті Абай портреттерінің байқауын өткізді. Бұл байқауды ақынның дүниеден өткеніне 30 жыл толуына орай Қазақ мәдениетінің ғылыми-зерттеу институты жариялаған еді. Байқауға 20 суретшінің 22 жұ­мысы қабылданды. Осы байқауға Ә.Қастеев те қатысып, ұлы ақынның бейнесін сомдаудағы тырнақалды туындысын ұсынып, өзі бейнелеген тұлғаның портреттік ерекшеліктерін жеткізе білді. Бұдан кейін Ә.Қастеев 1938, 1945 жылдары да Абай бейнесіне бірнеше туындысын арнады. Суретшінің әр тарихи тұлғаның бейнесін салудағы ізденісінің бір айғағы ретінде өнертанушылар Амангелді Имановтың портретін салу үшін Ә.Қастеевтің Торғай елін бірнеше ай бойы аралап, замандастарымен кездесіп, қас-қабағы, мінез-құлқына дейін сұрастырғанын айтады. Ал Ә.Қастеевтің Абай бей­несін шынайы кескіндеудегі ізденісі және осы мақсатпен 1947 жылы арнайы М.Әуезовтің кеңесі бойынша Шыңғыстауға келгені жайлы қазіргі уақытта көпшілік біле бермейтін сияқты. Қылқалам шебері ұлы ақынның туған жерін аралап, ауасымен тыныстап, Абайдың замандас­тарымен кездесіп, олардың естеліктерін тыңдап, ұрпақтары, туыстарымен танысып, ақынның өмірі мен шығармашылығы ту­ра­лы көптеген дерек жинады. Суретшінің бұл сапары туралы фотодеректер Абай­дың мемлекеттік қорық-мұра­жайының қорында сақтаулы. Бұл фотосуреттерден Ә.Қастеевтің жанында үнемі Абайдың немере туысы Әрхам Кәкітайұлы және абайтанушы, сол кезеңдегі Қазақстанның Орталық мұра­жайының директоры Әбіш Жи­реншин болғандығын көреміз. Осы күнге дейін мұражай қорында Ә.Қастеевтің 11 туындысы сақталып келеді деп айтып келген едік. Алайда, мұражай қорының сақтау ерекшеліктеріне байланысты бүгінгі күнге дейін мұражай қорында 1986 жылдан бері сақталып келген суретшінің тағы бір жұмысы табылғаны жайлы айтып, оны тұңғыш рет назарларыңызға ұсынбақпыз. ортада- А.Жиреншин. А.Кастеев, А.Ыскаков.1947ж. Бұл – Ә.Қастеевтің 1947 жыл­ғы сапарында әрдайым қасында жүрген Әрхам Кәкітайұлының қарындашпен салынған портреті. Портреттің төменгі оң жағында суретшінің қолтаңбасы және «1947» деген жазу бар. Бұл су­реттің әйгілі қылқалам шеберінің туындысы екендігінің нақты дәлелі. Жұқа сарғыш қағазға сал­ған бұл туындының тарихи құндылығы басымдырақ. Аталған суретті 1986 жылы 28 тамызда Әрхамның ұлы Азат Ысқақов әкесінің басқа да жеке заттарымен бірге тапсырған. Азат Әрхамұлы 1986 жылы 9 шілде және 28 тамызда әкесінің қалта сағаты, тақиясы, Қазақстанның 40 жылдығына алған ескерткіш медалі, күміс шай қасығы және жоғарыда аталған суретті мұражай қорына сыйға берген. Бұл заттар Әрхам Кәкітайұлының жеке заттары ретінде бірге сақталып кел­ген­діктен, Қастеевтің жұмысы осы уақытқа дейін елеусіз қалып келген. Абайдың туған жерінде болған сапарынан кейін сурет­шінің ақын тақырыбына арналған туындылары жаңа бір серпін алғаны айқын көрінеді. Сапар барысында жасалған көптеген этюд, эскиздердің негізінде «Қарауыл төбе», «Сарыкөл», «Ба­қанас пен Байқошқар» атты туындылары, кейіннен «Шың­ғыстаудағы жаз» пейзаждар топтамасы және тағы басқа көптеген көлемді, көркем туындылары дүниеге келеді. Қазіргі уақытта Абайдың мем­лекеттік қорық-мұражайының қорында суретшінің әр кезеңдегі 11 туындысы көпшілік назарына көп уақыттан бері ұсы­нылып келеді. Оның бесеуі – портрет жанрындағы, алтауы – пейзаждық жұмыстар. Бұл туындылардың барлығында суретші өзі жақсы көрген акварель техникасын қолданған. Туындылардың бірінде бала Абайдың медресе шәкірті бейнесін көрсек, енді біреуінде шығармашылық шабыт сәтіндегі жас Абайды, келесісінде орта жастағы ойға шомған табиғат аясындағы ақын бейнесін кө­руге болады. Пейзаждық жұ­мыс­тарда ақынның жаз кезінде жайлауға қоныстанатын Бақа­нас пен Байқошқар өлкесін, Шың­ғыстаудағы жазғы ауыл көрінісін, Сарыкөл, Қарауыл төбенің көркем суреттерін көріп, тамашалайсыз. Аталған туындылар мұражай қорына әр жылдары келіп түс­кен, хронологиясына қарасақ, 1947-1971 жылдарды қамтиды. 60-шы жылдары және 1971 жы­лы жасалған 5 туындысы ақын­ның 125 жылдық мерейтойы қар­саңында мұражайдың жаңа экспозициясын жасау кезінде мұражай қорына қабылданған. Қылқалам шебері ақынның 125 жылдық мерейтойының құрметті қонақтарының қатарында болған еді. Шығыс Қазақстан, Павлодар өңіріндегі музейлердің ішінде Ә.Қастеев туындылары тек біздің мұражайымыздың қорында бар екендігі және бірлі-екілі туынды ғана емес, тұтастай бір коллекция болып сақталып келе жатқандығын мақтанышпен айтамыз. Сол себепті басқа мұра­жайлар тарапынан аталған коллекцияға қызығушылық танытып, арнайы суретші туындыларынан көрме ұйымдастыруға шақырулар алдық. Мұражайлар арасындағы шығармашылық байланыстар нәтижесінде Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан Өнер мұражайында Ә.Қастеев шығармаларының көрмесі наурыз-мамыр айларында облыс орталығының тұр­ғын­дарының назарына ұсынылып, көрермендер қылқалам құді­ретіне тәнті болды. Ол туралы көптеген бұқаралық ақпарат құ­рал­дары мен ғаламтор желі­лерінде де жазылды. Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салған, Халық сурет­шісі Әбілхан Қастеев шығар­ма­ларының ұлы ақынға арналған бір бөлігі біздің мұражайымызда сақталуы – үлкен мәртебе және мақтаныш. Бұл туындылар өнер­сүйер қауымды, біріншіден, есімі әлемге танымал тұлғаның шығармашылығымен етене танысуға, сол арқылы қазақ ұлт­тық бейнелеу өнері жайында кеңірек мағлұмат алуға мүмкін­дік берсе, екіншіден, қазақтың ұлы ақыны – Абайдың бейнесін, оның туған жерінің табиғатын танып, біліп, тамашалауға, Абай әлеміне тереңірек үңілуге жетелейді. Мейрамгүл ҚАЙРАМБАЕВА, Абай мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. СЕМЕЙ.