Қазақстан • 17 Мамыр, 2024

Қостанайлық кәсіпкерлер 400 ауылды жөндеуге көмектеседі

56 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«АМАНАТ» партиясы облыс әкімдігімен бірлесіп, «Жарқын ауыл» бағдарламасын қолға алып, ауыл-аймақты жаңғыртуда. Жоба «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz «АМАНАТ» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайлық кәсіпкерлер 400 ауылды жөндеуге көмектеседі

Фото: amanatpartiasy.kz

Бағдарлама пилоттық режимде Қостанай облысының Айсары ауылында іске қосылды. Қостанай облысы халқының 38 пайызы ауылдық жерлерде тұрады, көптеген ауылдар инфрақұрылымды жаңғыртуды қажет етеді. 140-тан астам ауыл сапалы су, ал 150-ге жуығы жоғары жылдамдықты интернетсіз қалды. Жолдар, жарықтандыру, мектептер мен медициналық мекемелердің жағдайы нашар.

− «Жарқын ауыл» жобасы ауылдық елдімекендердің әл-ауқатын сапалы жақсартуға арналған. Демеушілер есебінен тұрғын үйлер салынады, балалар және спорт алаңдары орнатылады, саябақтар  дамиды, демалыс орталықтары ашылады және т.б. Жоба 400-ден астам ауылды қамтитын болса, облыс кәсіпкерлері жалпы сомасы 10 млрд теңгеге қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Қостанай облысының әкімі бізге айтарлықтай қолдау көрсетті. Бұл партия мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы синергетиканың айқын мысалы. «Жарқын ауыл» бүкіл елге үлгі болады деп ойлаймыз, − деді «АМАНАТ» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов.

Осылайша, партияның аудандық филиалдары әкімдіктермен, кәсіпкерлермен меморандумға қол қойып, жобаның тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде ауыл тұрғындары сапалы сумен, жолдармен, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып, алдағы үш жылда ауылдардың  келбеті жақсарады.

Бірінші кезекте «Жарқын ауыл» жобасы аясында Қостанай ауданы Айсарин ауылдық округінде үш көше және жергілікті стадион қайта жөндеуден өтеді. Сондай-ақ Айсары-Половниковка су құбыры салынып, медициналық және акушерлік пункттер ашу жұмыстары қолға алынды. Көзделген барлық жұмыстар 1 қазанға дейін аяқталады.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті