14 Қаңтар, 2015

Алаяқтық

870 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, кім білсін, әйтеуір, соңғы кездері алаяқтық асқынып барады. Мұның өзі: «Адалдықтың ала жібін аттама», дейтін адамгершілік тәрбиенің тіні тарқатылып бара ма деген ойға жетелейді. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», дейтін қазақы қасиет те бәсін жоғалтқандай. Бұдан бұрынырақта Ақтөбеге қолжетімді пәтер әперемін деп аңқаулардың аузын аңқайтып кетіп, қаржысын олжалап, бермей кеткендер ұсталып, жазасын алған-ды. Енді әккі қулар алаяқтықтың «форматын» жетілдіре бастапты. Ақтөбе қаласында түрлі себептермен тұрғындардың сеніміне кіріп, алдау жолымен өзгелердің тиесілі заттарын иемденіп кету тағы да белең ала бастады. Жаңа жыл басталғалы ғана қала аумағында осындай алаяқықтың 4 дерегі тіркеліп, абырой болғанда бұл қылмыстардың барлығы да ашылды. Таяуда кезекші бөлімге 46 жастағы қала тұрғыны шағымданып, 2013 жылғы 4 қыркүйекте 36 жастағы бейтаныс әйел ұлын емдеу үшін алдау жолымен 450 мың теңгесін алып кеткенін хабарлаған. Адам басына түскен ауыртпалықты бас пайдасына жаратуға бел буған алаяқ әйел ұзаққа бармады, күдіктіні криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қолға түсірді. Ұлының сауығуы үшін жанын беруге бар ананың әлсіз буынынан ұстаған алаяқ әйелдің обал-сауапты ұмытқан жан екені айтпаса да түсінікті. Араға бір күн салып, кезекші бөлімге 37 жастағы қала тұрғыны шағымданып, бейтаныс әйелдің жер телімін алуға көмектесемін деп сенімге кіру арқылы 600 мың теңгесін алып кеткенін жеткізген. Шыны керек, қазір жер телімін алу да ең өзекті мәселе ­болып тұрғаны шындық. Ал, алаяқтардың да аңдитыны осындай адамдардың осал тұстары. Кезекті айналып өтіп жер телімін алуға құштарларды да тап басып танитындарын қайтерсің? Алайда, алаяқ алысқа бара алмады, құқық қорғаушылардың құрығы­на ілінді. Жуырда кезекші бөлімге 42 жастағы қала тұрғыны шағымданып, бейтаныс әйелдің ас үй жиһазын қондыру мақсатында, сенімге кіре отырып, 190 мың теңгені қолды еткенін хабарлаған. 31 жастағы күдіктіні де криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері көп ұзатпай қолға түсірді. Содан кейін кезекші бөлімге 63 жастағы әйел хабарласып, белгісіз біреу сенімге кіріп, үйін дуалмен қоршап беру үшін 125 мың теңгені алып кеткенін мәлімдеген. Криминалдық полицияның жедел әрекетінің арқасында 34 жастағы ер азамат ұсталған. Зайырлы қоғам құрып жатқан елімізде бәрін заң аясында шешуге ­болатынын ұмытпаған жөн. Алаяқ­тарға алданып қалмаудың басты ­амалы да осы заңдылықты сақтау болып ­та­былады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.