Тараз қаласының тұрғыны Тұрғанбек Қыпшақбаевтың осыдан 17 жыл бұрын ойлап тапқан жылыту қазандығына енді назар аударыла бастады. Шығыны аз, электр қуатын қажетсінбейтін, қоршаған ортаны ластамайтын құрылғының рахатын бұған дейін өнертапқыштың жерлестері көріп келіпті.
Қазандыққа отынның екі түрі – газ бен көмір пайдаланылады екен. Оны қазіргі таңда Жамбыл облысына қарасты Сарысу, Талас аудандары мен Қаратау қаласының түрлі мәдени ошақтары қолданып отыр. Сонымен қатар, өңірдегі Бесағаш ауылының 50-ге жуық тұрғыны да осы қазандықпен үйлерін жылытуда.
Т.Қыпшақбаевтың жасаған жылыту пешінің тиімділігі мен ерекшеліктері бүгінде аймақтық кәсіпкерлер палатасының назарына ілігіпті.
Дегенмен, жалпы халықтың игілігіне ұсыну үшін бұл жобаны әлі де жетілдіре түсу қажет көрінеді. Сондықтан да, тиісті орындардан қазандықтың авторы ретінде заңды құжат жасатып алған өнертапқыш өз туындысын одан әрі дамыту мақсатында тынымсыз еңбектенуде.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».