Заң • 20 Мамыр, 2024

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары 8,5 жылға сотталды

120 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2023 жылдың 20 шілдесінде жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталған Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары 8,5 жылға сотталды

Фото: gov.kz

Мақсұт Исаховқа қатысты іс Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара беру») бойынша қаралды.

Айыпталушы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқара жүріп, Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінің 3) тармағымен Шымкент қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінде әкімшіліктің лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған іс бойынша Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментінің бірінші орынбасары С-ға істі қысқарту үшін 200 мың доллар көлемінде пара беруге оқталған.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Мақсұт Исаховтың кінәсі куәгерлердің жауабы, сараптамалардың қорытындысы және іс-қағаздармен дәлелденді.

«Сот Мақсұт Исаховты аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деген айып бойынша кінәлі деп тауып, Қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлігі, 56-бабы 3-бөлігін қолданып, мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, 8 жыл 5 ай 7 күнге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», делінген қалалық сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Істі қарау барысында әкімнің бұрынғы орынбасарын «Құрмет» орденінен айыру ұсынысы да енгізілді.