Қоғам • 21 Мамыр, 2024

Шетте ұлт абыройын асқақтатқан қайраткер

129 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы әкімдігі мен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен үшінші мегаполис­те қазақтың біртуар азаматы, Ресейдің Кемерево өңірін ширек ғасырға жуық басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Төлеевтің 80 жылдығына арналған «Жеке тұлғаның қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.

Шетте ұлт абыройын асқақтатқан қайраткер

Іс-шараға қоғамдық қордың төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кер-заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, Халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – халық­ара­лық қоғамдық ұйымы төра­ға­сы­ның бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, «Ардагерлер ұйымы» респуб­ликалық қоғамдық бірлес­тігі орталық кеңесінің бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев, Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы бас консулы Дмитрий Тураев пен өзге де азаматтар қа­тысты. Конференция модераторы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек президиум мүшелерін көпшілікке таныстырып, халықаралық жиынның мәні мен маңызы туралы айтып өтті. Конференция барысында Ресей жерінде өсіп, қызмет етсе де жүрегі қазақ деп соққан азаматтың ұлтжанды қасиеті мен ерекше мейірбандық мінезі жан-жақты қырынан ашыла түсті. Баяндамашылар мінбер биігінен ұлт перзентінің өнегелі өмірі мен тұлғалық қасиеттері жөнінен сыр ақтарды.

Алғаш болып сөз алған «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы, жиынның өтуіне мұрындық болған Бекет Тұрғараев конференцияның Шымкентте ұйым­дастырылуы­ның тегін емес екенін атап өтті.

«Аман Төлеев бұл өлкені өзінің туған жеріндей көрді. Ет жақын туыстарын да осы өлкеден тапты. Оның көп аралағаны да, көңілін сергіткен даласы да, жанына медеу іздегенде тыныштық табатын рухани ортасы да осы топырақ болды. Қазақ даласында 80 жасын тойлаған болса, ол осы ортаны таңдар еді», деді Б.Тұрғараев. «Ел басына күн туған шақта оны қиын-қыстаудан алып шығатын азаматтар алға суырылып шығады. Сондай мықты адамның бірі – заманынан озып туған парасатты жан, саяси жүйенің қаһарынан қорықпаған, ешбір дұшпанға илікпеген бүгінгі заманның хас батыры Амангелді Төлеев ағамыз. Аманкелді Молдағазыұлы губернаторлық қызметке аса ауыр уақытта келіп, келешектегі салмақты реформаторлыққа дайындалып, өте күрделі әрі қиын мемлекеттік мәселелерді шешуі керек болды. Оның сынға түсер кезеңі осы бір ауыр уақытқа тұспа-тұс келді. Сол кезеңнен бастап оған артылған жүк те, бағалау критерийі де сыннан өткізілді. Аймақ экономикасын тұрақтандыруға байланысты оның ұстанымы – ауруы асқынып кеткен жүйені емдеп, құтқарудан тұрды. Өзі басқарып отырған аймақтың мүддесі үшін маңызды мәселелерді шешуде күш-жігерін аямады. Осы жолда табиғат берген ұстамдылық пен байсалдылық, зиялылық пен кемелділік келбетін танытты», деді естелігімен бөліскен Б.Тұрғараев.

Тоқтар Әубәкіров зал толы халықты көріп, көңілі ерекше толқығанын жасырмады. Бұл қарапайым адамдардың ұлт қайраткерін көзімен көрмесе де оның жасап кеткен жақсылығын, өмірде қандай жан болғанын білгісі келген айрықша ықыласы болса керек-ті. Сондықтан ғарышкер ағамыз жұртшылықтың осынау ыстық ықылас пейіліне алғысын айтты. Ғарышкер кезінде бір топ делегация болып Кемерово облысына барғанын, қайраткермен тілдесіп, екі ел арасындағы саяси-экономикалық мәселелерді қозғай келе, Қазақстанға келуге қолқа салғанын жасырған жоқ. Бірақ белгілі себептермен бұл арман-тілек жүзеге аспай қалды. Сондай-ақ өз естелігінде Тоқтар Әубәкіров Амангелді ағамыздың үнемі ғарышкерлер күніне орай досына құттықтау хаттар жіберетінін ерекше бір жылылықпен еске алды. Олжас Сүлейменов пен үшеуі мінберден баяндаманы қазақша жасауға уәде беріпті. Соған байланысты тұңғыш ғарышкер жиында бастан-аяқ қазақша сөйледі. Алайда ерекше құрмет тұтқан бауыры А.Төлеев бұл күнге жете алмай кеткеніне өкініш білдірді.

Зауытбек Тұрысбеков ұлт мақтанышы А.Төлеевтің еңбек жолын, биік парасатты ұстанымын елге, әсіресе жастарға таныстыру конференцияның негізгі мақсатының бірі екенін айта кетті. Ресей жерінде осы азаматтың абыройы­ның арқасында қазақ ұлтының ұпа­йын түгендеген көптеген игі істің атқа­рыл­ғанын атап өтті. Мәселен, Төлеевтің пәрменімен Мәскеудің Воло­каламск шоссесіндегі мектептің біріне Бауыржан Момышұлының аты беріл­ді. Бұдан бөлек, ол Ресей астанасында салынып жат­қан жаңа метро станса­сы­ның Алматы қа­ласының атымен аталуына көп күш салды. Сондай-ақ Екін­ші дүниежүзілік соғыстағы Ржев шай­қа­сында қазақтар көп ерлік көрсетті. Солар­дың есімі өшпесін деген ниетпен ешкім кіре алмаған құпия архивті ақта­рып, қазақ сарбаздарының есімі құрмет тақтасына қашалып жазылды. Бұл жерде де А.Төлеевтің абыройынсыз іс бітпес еді. Баяндамашы ұлт перзентінің жанашырлық пейілінің керемет болғанын, қазақтың тарихы мен құндылықтарына ерекше құрметпен қарағанын тебірене айтып берді. Соның бір мысалы Өзбекстандағы Әйтеке би бабамыз жерленген Нұратада заулім мешіт салдырып, сол аумақты үлкен кешенге айналдыруға қаржылай жәрдемін көрсеткен Амангелді ағамыз болған. Содан соң Астрахан жерінде жатқан Бөкейхан бабамыздың қорымындағы ескі белгіні алып тастап, орнына үлкен мемориалдық кешен орнатуға А.Төлеев барын салды. Осылайша, ұлт перзенті Ресейдегі қазақтың мүддесін қорғап, ұлтының абыройын асқақтатуда жанын аямады.

Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы Дмитрий Тураев халықаралық конференцияны өз деңгейінде ұйымдастыруға асталысқан азаматтарға, соның ішінде Шымкент қаласы, Түркістан облысы әкімдіктеріне, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қорына, оның төрағасы Бекет Тұрғараевқа ерекше алғысын білдірді. Елші А.Төлеевке бүгінгі заманның ең озық ойлы қазақ халқының өкілі деген бағасын берді. Оның Ресейдің саяси қоғамдық жүйесіндегі қайраткерлік істері нағыз батырлық әрекеттерге тән қасиет деп бағалады. Ол Кузбасс өңірін жиырма жылдай басқару кезінде қарапайым халықтың сенім үдесінен шығып қана қоймай, дүние жүзіндегі саясаткерлердің де ерекше ықыласына бөленді. Сонымен бірге сая­си қайраткер ата тегінен ажырамай, тарихи Отанынан да қол үзіп кетпегенін айрықша атап өтті. Сондықтан бұл қасиеттер А.Төлеевті ерекше феноменді азаматтар қатарындағы деңгейге көтер­генін мәлімдеді.

Ғалым Өмірзақ Озғанбаев қазақ даласы небір ұлдарды өмірге әкелгенін, солардың ішінде өзі сыртта жүрсе де жүрегімен, тілегімен әрдайым қазақ халқымен бірге болған Амангелдідей атпал азаматтың орны да сый-құрметі де ерекше екенін атап өтті. Өмекең тарихта Ресейдің билігіне қарсы тұрып, ықпаған, батылдық көрсетіп, айбарын асырған қазақтың екі мықты батыр ұлының ізі қалғанын айтты. Оның біреуі Жұмабек Тәшенов болса, екіншісі Амангелді Төлеев еді. Солардың ал­ғаш­қысы солтүстік аймақтағы қазақ жерлерінің Ресей құрамына еніп кетуіне батыл қарсылық көрсетіп, тосқауыл жасаса, екінші тұлға сол кездегі Ресей басшысының қаһарынан сескенбестен, ойын ашық жеткізіп, билікті қатты састырған болатын. Сонымен бірге ғалым ұлт перзентінің жүрегінің түгі бар қайсар ер болғанын да атап өтті. Осылай деген ол талай террористік әрекеттерде А.Төлеевтің қорықпай лаңкестермен тікелей байланысқа шы­ғып, мәселені қарулы қақтығыссыз бейбіт жолмен шешілуіне мұрындық болғанын өмірдегі нақты бір-екі мысалмен келтіре кетті.

Айтулы азаматтың қоғамдағы рөлі мен саяси қайраткерлігіне арнал­ған халықаралық конференцияда, сондай-ақ Президенттің штаттан тыс кеңесшісі М.Сқақов, қоғам қай­рат­керлері О.Асанғазы, С.Жал­маған­бе­това, белгілі тарихшы З.Қабылдинов жарыссөзге қатысты. Жиын барысында ұлт мақтанышының кесек мінезі мен батыр­лық тұлға болмысы жайында сөз қоз­ғаумен қатар, ұйымдастырушы тарап еліміздің үлкен қаларынан А.Төлеевке арнап еңселі ескерткіш тұрғызып, көше атын беру керек деген ұсыныс-тілектерін жеткізді.

 

ШЫМКЕНТ