Таным • 20 Мамыр, 2024

Кафкалық катастрофа

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оятқыш шырылдағанда «таң атып үлгерді ме?» деп төсектен тұрмай жатып күйзелетініміз не осы? Сізде де сондай сәт болатын шығар? Ондай кезде ойыңызға не түседі? Жұмысқа бару... Баланы балабақшаға апару... Яки ауылдан келе жатқан туысқаныңды вокзалдан күтіп алу... Мұның барлығы жанымызға жарық құюға тиіс сәулелі сәттер еді ғой? Олай болса неліктен көзімізді ашпай жатып көңіл күйіміз түседі?

Кафкалық катастрофа

«Бірдe таңeртeң мазасыз ұйқыдан oянған Грeгoр Замза өзінің төсeктe жатып құбыжық жəндіккe айналып кeткeнін аңғарады. Тас қабықты арқасымeн шал­қасынан жатқан oл басын көтeргeн сайын қарнын қаптай жапқан қабыршақ пeн сырғып түскeлі тұрған көрпeні, тəнімeн салыстырғанда сoншалықты қoраш, жыпырлаған сирақтарын көріп жатты...»

Франц Кафканың әйгілі «Құбылу» новелласы дәл осылай басталады. Расын­да, ол жәндікке айналып кеткен еді. Абсурд пен абсолюттің арасы қаншалық? Есептеп көріп пе едіңіз? Меніңше, тым жақын әрі тым алыс...

Жақында әлеуметтік желіден мынадай жазбаны оқып қалдық. Онда «Өмір деген – ұйқыдан ояна салысымен жаңа дүниені танимын деген талпыныс» деп жазыпты. Рас-ау... Хакім Абай да қарасөзінің бірінде кішкентай баланы сипаттай келіп: «Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, даусына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары», демеуші ме еді? Адамды адам етіп тұрған осы дегдарлық, жан құмары емес пе?

Ендеше, есейе келе дүниені тануға деген талпыныс неге өше береді? Жаңа нәрселер жаһанда қаптап тұр. Соны неге зерттеп, зерделеуге асықпаймыз? Ұйқы басып, ұйыққа бата бергіміз келеді...

Бір күні кезекті мазасыз ұйқыдан кейін адам емес, жәндік болып оянбасақ жарар еді...

«Мен кейде өзімді Грегор Замза сезінемін» дейді ішкі дауыс...