Аймақтар • 21 Мамыр, 2024

Құлсары тұрғындары мемлекет көмегіне риза

115 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, Құлсары қаласы тұрғындарының зардап шеккен мүлкін бағалау тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Құлсарының 600-ден астам тұрғыны су басқан мүліктің залалын бағалау нәтижелерін алды. Осы аптаның соңына дейін аталған жұмысты толығымен аяқтау жоспарланып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Құлсары тұрғындары мемлекет көмегіне риза

Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штаб мәліметінше тасқын салдарынан зардап шеккен үйлер мамандардың бағалауынан өтті.

«5 сәуірде менің аулам су астында қалып, үйім құлады. Үйім саман тастан салынған болатын. Арнайы комиссия оны апатты деп таныды. Бүгін мүлкімді бағалау нәтижесін алдым, ұсынылған өтемақы көлемі мен үшін жеткілікті. Көмек пен қолдау үшін мемлекетке алғысымды білдіремін. Осындай қиын сәтте жалғыз қалған жоқпыз», деді «4 ауыл» шағын ауданының тұрғыны Гүлфайруз Абирова.

Кейбір тұрғындар өз үйлерін жөндеуге кірісіп кеткен.

«Үйімізге дезинфекция жүргізді. Бағалау комиссиясы келіп, техникалық сараптама жасады. 15 мамырда маған бағалау нәтижелерін әкеліп таныстырды, танысып шықтым. 17 мамыр күні кешкілік шотыма қаражат түсті. Мен үшін өтемақы көлемі жеткілікті», деді Айгүл Ихсанова.

Қазіргі уақытта Құлсарыда №20 мектеп базасында үйлері апатты деп танылған тұрғындарға ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тасқыннан зардап шеккендерден күні бүгінге дейін өтемақы төлеу тәртібі бойынша барлығы 800-ден астам адам ақпарат алды. Телефон арқылы 200 тұрғынға түсінік жұмыстары жүргізілді.