Зерде • 22 Мамыр, 2024

Ұрпақтың қасиетті парызы

521 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

2020 жылы 24 қарашада Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында Мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Комиссия тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, яғни қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді құқықтық және саяси тұрғыдан толық ақтау міндетін орындауға тиіс. Саяси қуғын-сүргін қасіретін зерттеуге нүкте қою мүмкін емес. Себебі 1917 жылдан бастап 1953 жылға дейінгі большевиктер мен кеңестік билік ылаңының зардабы тым ауқымды.

Ұрпақтың қасиетті парызы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

2021 жылы Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына кел­тіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы. Тарихтан тағылым алып, мұндай тау­қымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз», деген еді.

2020 жылы 23 желтоқсанда Премьер-министрдің Өкімімен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесі туралы ереже бекітілді. Жоба­лық кеңсе жетекшісі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының пре­зиденті Сабыр Қасымов болды. Жобалық кеңсе басшысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне қатысты 3 комиссия жұмысына қатысқан, бұл мәселеде тәжірибесі мол ғалым. Ол атал­ған комиссиялар жұмысында ал­ған мол тәжірибесі мен ғылыми тұжы­­рымдарын 2020 жылы құрылған Мем­ле­кеттік комиссия жұмысында оңтайлы қолданды.

2020-2023 жылдар ішінде саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағалары Қырымбек Көшербаев пен Ерлан Қариннің басшылығымен көп деңгейлі, ауқымды жұмыс атқарылды.

Мемлекеттік комиссия шешімі­мен әдістеме бойынша кіші комиссия құрылды. Өңірлік комиссиялардың жұ­мысын ұйымдастыру үшін әдіснама жө­ніндегі кіші комиссия «Мемлекеттік комиссия мүшелері, кіші комиссия мен жұмыс топтары үшін әдіснама (жалпы)», сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарын то­­лық ақтау жөніндегі өңірлік комис­сиялардың жұмысына арналған «Жа­ды­нама» (нұсқаулық), «Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау бо­­йынша өңірлік комиссиялардың қыз­­ме­тін ұйымдастыру жөніндегі әдіс­­наманы» әзірледі. Құжаттарда өңір­­лік комиссиялардың міндеттері, іздес­­ті­ру жұмыстарын ұйымдастыру ерек­­ше­ліктері, өңірлік комиссиялар қыз­метінің негізгі тәсілдері мен қағидаттары жазылды. Өңірлік комиссияларды құрудың басты мақсаты – тың деректерді жинау, қуғын-сүргін түрлері мен тетіктерін анықтау, ауылдардағы қуғын-сүргін орындарын іздеу, ақталмаған құрбандар мен зардап шеккендердің есімдерін анықтау және осы тақырыпқа қатысты басқа да ақпаратты айқындап, талдау және Мемлекет басшысының Жарлы­ғын жер­гілікті жерлерде толыққанды іске асы­ру үшін ұсыныстар дайындады.

Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және зерделеудің осы әдіснамасын тү­сіндіру үшін жобалық кеңсе өңірлік комиссиялардың басшыларымен – облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, облыстық архив директорлары, өңір­лік комиссиялардың жұмыс топтары мүше­лерімен тұрақты түрде кеңестер, сондай-ақ қуғын-сүргін құрбандарының жекелеген санаттары бойынша семинарлар өткізді. Өңірлік комиссиялар шетелдік және қазақстандық ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен ғы­лыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырды.

Жобалық кеңсе басшысы С.Қасымов Мемлекеттік және өңірлік комиссия­ның ғалымдары мен сарапшыларынан, конференцияларда, семинарларда, мәжілістерде ауызша баяндамалар жасағанда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді – жап­пай саяси қуғын-сүргіннің жазық­сыз құрбандарына қатысты тарихи әді­леттілікті қалпына келтіруге, дәлі­рек айтқанда, құрбандар мен зардап шеккендерді толық ақтауды басшылыққа алуды талап етті.

Мемлекеттік комиссия құпиясыз­дандыру жөнінде кіші комиссияларды, 10 ғылыми-зерттеу жұмыс тобын, сонымен қатар қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі санаттарын кешенді зерттеу үшін облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік комиссиялар, ал олар­дың жанынан тақырыптық бағыт­тар бо­йынша жұмыс топтарын құр­ды. Мем­лекеттік комиссия аясында 10 ғы­лыми-зерттеу тобы жұмыс істеп, кейін 3 ғылыми-зерттеу тобына қысқар­тылды.

Мемлекеттік комиссия құрылғаннан кейін ең алдымен саяси қуғын-сүргінге қатысты архив деректеріне көптеген зерттеушінің қолы жетіп, тың деректер талай зерттеу тақырыптарына арқау болып, көптеген ғылыми еңбек дүниеге келді. Бұл еңбектер кеңестік сананың қалдықтарымен күресуге қомақты үлес қосады.

Кеңестік үлгідегі тоталитарлық тәр­тіп екі ұрпақтың санасына өшіруге келмейтін жарақат салды. Мемлекеттің ең басты құндылығы, капиталы – адам. Адамын құрметтеуге қабілеті жетпеген қоғамның болашағы күңгірт. Адамнан айырылу – үлкен қасірет. Кеңестік билік адам құндылығын ескермеді, адам­ның өмір сүруге деген табиғи құқық­тарын аяқ асты етті. Қоғамда ата-әжелері қуғын-сүргіннен қасірет шекпеген адам санаулы болар. 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргіннен аман қалған елді мекен, отбасы кемде кем. Отандық танымал ғалымдарымыз қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде іргелі ғылыми еңбектерін жариялап, ұлттық сананың түгелденуіне зор үлесін қосты, әлі де қосып келеді. Кейінгі буын жастар да шама-шарқынша қуғын-сүргін тақырыбына қалам тартып жүр. Алайда кеңестік билік тарапынан жүргізілген қуғын-сүргіннің ауқымдылығы соншалық, оны зерттеп бітірудің шеті мен шегі көрінбейді. Бәлкім, бұл мәселені тиянақты зерттеу кемі 30 жылға созылар... Бүгінгі күннің ең басты мәселесі – 1917-1950 жылдары жазықсыз құрбан болған жандарды толық ақтау. «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», деп Президент айт­қандай, олардың әрқайсысын есте сақтау үшін алдымен жазықсыз құр­бандарды түгелдей ақтауымыз керек. Осы мақ­сатта Мемлекеттік комиссияның қыз­мет­ін ақпараттық қолдау аясында еліміз­дің барлық өңірінде облыстық телеарна­лардың, облыстық, қалалық және аудан­дық газеттердің, жаңалықтар порталдарын, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, ақпараттық, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тек архив материалдары емес, көзі тірі құрбандар мен зардап шеккендерден (олардың ұрпақтарынан) сұхбат, сауалнама алынып, «Халық жады» деп аталатын 20 томдық жинаққа енгізілді. Сауалнама Жобалық кеңсе тарапынан даярланып, әдістемелік кеңес берілгендігін де айта кетуіміз керек.

Кеңестік билік «халық жауы», «әлеу­меттік қауіпті элемент», «контррево­люционер», «буржуазиялық ұлтшыл» және өзге де ділімізге жат түсініктерді енгізіп кеткені белгілі. Қызыл империя кезінде тарихи айналымға енген «терминдерді» замана биігінен зер­делейтін «Глоссарий» әзірленді. Мем­лекеттік комиссия аясында жұмыс істе­ген заңгер ғалымдар қуғын-сүр­гін мен ақтау үдерістерін зерттеуде рә­сім­делген құрбандармен ғана шек­телуге болмайтынын дәлелдеп, жаңа тұжырымдамалық ғылыми жаңа­лық­тар мен қорытынды әзірледі. Нақты айтқанда, қазақ ұлты өкілдерінің азамат ретінде де, қазақ халқының құқықтары мен мүдделерін қорғаушы ретінде де қатарынан екі мәрте қуғын-сүргінге ұшырағанын дәлелдеді. Осы бір іргелі мәселе осыған дейінгі ғылыми зерттеулерде де, нормативтік-құқықтық актілерде де мүлдем ескерілмеген еді. КСРО тұсында партиялық-кеңес­тік органдар қабылдаған негізгі мем­лекет­тік актілерге, сондай-ақ қазақ­стан­дықтардың жаппай саяси қуғын-сүр­­гінге ұшырауына негіз болған негізгі актілерге (жазалаушы органдар қабылдаған) ғылыми-құқықтық талдау жасалынды. Жазықсыз құрбандарды толық ақтау мақсатында билік пен жазалаушы органдардың қызметі кеңестік Конституция мен заңдар тарапынан талданды.

Мемлекеттік комиссия жұмысы аясында Қазақстандағы қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтаудың жаңа тұ­жы­рымдамасы, зерттеудің әдістемесі әзір­леніп, еліміздегі қуғын-сүргіннің ерек­шеліктері айқындалды; саяси қу­ғын-сүр­гіннен зардап шеккендер мен құр­­бандардың негізгі (базалық) санаттары белгіленіп, әрбір базалық санатты ақтауда арнайы әдістеме, іргелі ғылыми-теориялық қағидаттар мен өлшемдер жасалынды.

Мемлекеттік және арнаулы архивтерде құжаттарды құпиясыздандыру бо­йынша комиссиялар жұмыс істеді. Осы уақытқа дейін баспасөз беттерінде Мем­лекеттік комиссияның жұмысы­на елі­мізден 240-тан астам ғалым мен са­рапшы тартылғаны, олардың 150-і құ­­пия құжаттарға қол жеткізгені, 2 млн 600 мыңнан астам архив құжаты құ­­­пия­­­сыздандырылғаны, жаппай сая­си қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтау ту­­ра­­лы қолданыстағы заң аясында 311 мың­­­нан астам құрбан мен зардап шек­кен­дер ақталғандығы да жазылған-ды. Мем­­лекеттік комиссия тарапынан жүр­­гізілген жұмыстардың барлығы ха­лық­аралық стандарттар мен құқықтық нор­маларға, құндылықтарға сай.

Жұртшылыққа кеңінен танымал заңгер И.Борчашвили жетекшілігімен жұмыс тобы бұрынғы заңға кірмеген ­ауылдар мен селолардағы қуғын-сүр­гіннен зардап шеккендер мен құр­бан­дардың негізгі санаттарын қамтитын «Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандарды толық ақтау туралы» және қаһармандарымызды, ұлт азаттығы, тәуел­сіздігі және Қазақ­станнның тер­ри­то­риялық тұтастығы жо­лында құрбан болғандарды, дінін қорға­ған ерлерді саяси тұр­ғыдан ақтайтын «Қа­зақстанның сая­си тәуелсіздігі үшін күрескендер мәр­тебесі және сая­си ақ­тау туралы», шетелде жүрген қан­дас­тарымыз аңсап, сағына күткен «1920-1930 жылдары Қазақстаннан кеткен мәж­бүрлі бос­қындар туралы» заң жобаларын әзір­ленді. Азаттық үшін күрес­кен тұл­ғалар, ғалымдардың идея­лары, қо­ғам­дық-саяси қызметтерін, ұйымдар, газет-журналдар саяси тұрғыдан ақтау­ды күтуде. Қуғын-сүргін тақырыбы төңі­регінде саяси баға берілмеген мәселелер жеткілікті.

Бірінші заң жобасы қабылданса, ақталмаған қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің 10-нан астам негізгі (базалық) санаты толық құқықтық тұрғыдан ақталады. Екінші заң жобасы қуғын-сүргін құрбандарының жекелеген санаттарын саяси ақтау қажеттілігінен туындады. Сондықтан да, ғылыми идея­лары үшін жазықсыз құрбан болған ғалымдар мен шығармашылық адамдарын, дін қызметкерлерін, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі мен аумақ­тық тұтастығы үшін күрескен ерлерді саяси ақтау қажет. Үшінші заң жобасы мәжбүрлі босқынға ұшырап, тоз-тоз болып сырт жерлерге бытырап, шетелдерді мекен еткен тұлғалар мен олар­дың ұрпақтарына қатысты. Бос­қындар дегеніміз – қоғамда белгілі бір күштердің (саяси, экономикалық, этностық қысым, соғыс, табиғи апат) қысымына қарсы тұруға, төзуге шарасыз болып, өз елінен басқа бір елге көшуге мәжбүр болған адамдар. Босқындар мәртебесі халықаралық және ұлттық заңдар бойынша беріледі.

Мемлекеттік комиссияның 3 жылда атқарған жұмысын шағын мақала толыққанды жеткізу мүмкін емес. Пре­зидент бастамасымен қолға алынған осы бір қасиетті жұмысқа мемлекетшіл са­насы биік адамдардың барлығы атса­лысты. Тіпті комиссия құрамында, жұ­мыс топтарында болмаса да Жобалық кең­­се­ге өздігінен хабарласып, тың дерек­тер­ді қуана-қуана жолдаған азаматтар да болды.

Зерттеушілердің ішінде архивтегі құжаттарды «көзімен» қарағандар да болды. Мәселен, кеңестік саясаткерлер­дің «аштан өлгенше соғысып өлейік» деп ашынғаннан қолына бар қаруын алып, жауыз билікпен соғысқан адамдарды «бандит», «қарақшы» жа­ғым­сыз ке­йіпте көрсететін атаулармен атаға­ны белгілі. Осы атауларды қаз қалпын­да қолданғандар да болды. Тұ­рақты жүр­гізіліп отырған семинарлар ба­ры­сында қате көзқарастар да түзелді. Алайда тың деректерді қазбалаған зерт­теушілер кәсіби шеберліктерін шыңдап, тың көзқарастармен қаруланды. Әр­кім өз бағытымен ізденді. Жобалық кеңсе жетекшілігімен, демалыссыз із­де­ніс тиянақты жұмыстың арқа­сын­да «Мемлекеттік комиссия мате­риал­дарының топтамасы» көптомдығы жарияланды. 2021 жылы алғашқы 2 жи­нақ жарық көрген болса, 2022 жылы 14 мың 107 құжат қамтылған 29 жинақ баспадан шықты. Жинақтауды әзірлеуге 121 адам тартылып, 28 республикалық жұмыс тобы, 67 өңірлік комиссия, 16 Жо­ба­лық офис мүшелері және 11 Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және эт­но­ло­гия институты қызметкері қатыс­қан екен.

31 жинақтың ішінде «Ұлт азаттығы, тәуелсіздігі және Қазақстаннның тер­ри­ториялық тұтастығы жолындағы күрес­керлер» атты архив құжаттары мен ма­териалдар жинағы тұңғыш рет жа­рияланып отыр. Бұл – бір тарихқа зерек қоғам үшін аса қуанышты жаңалық. Аталарын іздеген адамдардың саны артты. 2023 жылы тың деректерден жинақталған 19 том жарық көрді. Бұл жаңалықты да қарапайым халықтың қуанышпен қарсы алатыны сөзсіз. Се­бебі біздің қоғамда атасын іздеген адам көп... Осы себептен де Жобалық офис басшылығымен «Халық жады» 20 томдық жинағын құрастыру жұмысы еліміздің түкпір-түкпірінде қарқынды қолға алынып, әзірленді. Жобалық кеңсе ұжымдық монография жоспарын әзірлеп, оның бөлімдерін саяси қуғын-сүргін құрбандарының зерттелінетін санатына сәйкес жоба орындаушылары жазып шықты.

Қасірет көріп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған ата-әжелеріміздің алдындағы перзенттік парызымыз – ақталмағандарын толық ақтап, есімдерін түгелдей қайтару. Қасіреттің болашақта қайталанбауына жол бермеу үшін тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру керек. Әркімді өз биігінен көр­сету керек. Кеңестік билік келмеске кетті, тарих жүзінен өткен мемлекеттің жазықсыз құрбаны болған тұлғаларды жаппай ақтау олардың ұрпағының жүрегіндегі жараға ем болар еді. Бұл халықтың көңіл күйін көтеріп, бірлік-ынтымағымыздың, елдігіміздің артуына да себеп болады. Бұл – мәселенің бір қыры. Ал қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде әлі де толықтай зерттелмеген мәселелер жеткілікті. Мәселен, ауылдардың сандармен таңбаланып, өзгерістерге ұшырауы, кейбір ауыл­дардың жойылуы; діни халықтық көтері­лістер, Алаш зиялыларын қол­даған еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұлғалар; Голощекиннің халықты аяусыз қырған «Кіші Қазан» трагедиясы; аштық кезінде балалар үйінде қырылған балалар; саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отбасылар (әйелдер, балалар) секілді іргелі тақырыптар. Сонымен қатар ауылдар мен аудандарда аштық пен саяси қуғын-сүргін жылдарында атылған адамдар жерленген орындарды түгендеп, ескерткіш белгі қою ісі де кезек күттірмейтін мәселе.

Өткен жылы 31 мамырда Мемле­кет басшысы саяси қуғын-сүргін және аштық құр­бандарын еске алу күніне орай Twitter желісінде: «Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қа­сірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боз­дақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе», деп жазып еді. Ақ­тау ісін жалғастыру – ұлттық сананы биік­тетуде өте маңыз­ды іс.

 

Құралай СӘРСЕМБИНА,

тарих ғылымдарының кандидаты, Мемлекет тарихы институтының қызметкері