Әлем • 22 Мамыр, 2024

Көз жауын алған Корей түбегі

120 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Біздің ұшақ көкке көтерілгенде Оңтүстік Корея ұйқыда жатса керек. Қазақстан уақытымен түнгі екілерде оянсақ, корей түбегінің аспаны аппақ, таң атып кетіпті. Қазақ даласында қас қарайғанда корейлер ұйқыдан тұрып, іске кірісе бастайды. Бұл ел бізден 4 сағат алда, «LG», «Samsung», «Hyundai», «Kia», тағы басқа компанияларын елестетсеңіз, осы 4 сағатыңыз қаншаға ұзарады? Қырық сағатқа ма, қырық жылға ма?

Көз жауын алған Корей түбегі

Кенбоккун сарайы

Сеулді алғаш көргенде көзіміздің алды бұлдырап кеткені рас. Түбектегі таулы жоталарға біт­кен қала теңіздің інжу-маржанындай жарқырайды. Арал­дың әлдебір жерінен аспанға атыл­ған отшашу көкке ұмсы­нып, тау жоталарынан асып, ауаға сіңіп кет­пей зәулім ғимараттар болып қата қалған­дай әсер қалдырады. Ауа дымқылда­нып, күн қатты бұлыңғырланғанда, біздің Астана­дағы Абу-Даби плазаның басын бұлт шалатыны бар емес пе? Сеулдің ғимараттарының орташасының өзі сон­дай шығар. Қатардағы үйлердің өзі 50 қабаттың әр жақ-бер жағында, биік­тері 100-120 қабат. Төменнен қарасаң, қалпағың жерге түседі, төбесіне шықсаң төбең көкке жетеді. Үйлер аралдағы тау жота­ларының төбесінен қарайды. Сеулде ғана емес, біз барған Пусанда да, жолай өткен қалаларының көбінде солай. Ғимараттары көкпен таласқан. Жер жоқ, өйткені. Теңіз, жағалау, таулы жота. Сол арал жоталарын өрлей соққан қалалары көз жауын алады. Қалаара­лық жолдарының жарымына жуығын тауды жарып (туннель) өткізген. Халық өте тығыз орналасқан. Бірақ аяғының ұшымен жүрген ешкім жоқ. Бәрі ретімен. Сеңдей сығылысқан елдің сыйыспай жатқаны көрінбейді. Жері тар болса да, халқы көп, өсіп-өніп отыр. Елу миллион халықтың он миллионы Сеулде тұрады екен. Аузы-мұрнынан шыққан туристер есебінен қаншаға асарын кім білген. Маңындағы басқа қалалардан келіп-кетушілер және бар.

 

Кенбоккун сарайында

Біз мұнда бір жеті бойы өте­тін Будда­ның туған күніне орай ұйымдас­тыры­латын фестивальға Кореяның ұлттық туристік ұйымының дәнекерлігімен келгенбіз. Мәдени іс-шараларын тамашалап қана қоймай, Кореяның туристік орындарының бір парасын араладық. 11 мамырда алғаш бас сұққанымыз Сеулдегі Кенбоккун сарайы. Бұл корей астанасындағы басты тарихи-мәдени орын десе болғандай. Корей халқының алты ғасырлық тарихынан сыр шертетін сарай қазір атаулы туристік орын. Біздің хандар заманында Бұқар жырау «Бағаналы орда – басты орда, байсал орда қонған жұрт» демекші, Кенбоккун де кезінде корей корольдері отырған бағаналы басты орда. Корей тілінен аударғанда, «корольдің ­басты сарайы» дегенді білдіреді. Кіребе­ріс маңдайшасына корейше «бас­ты қақпа» деп жазылғанын айтады бізді күтіп алушы гид Сана. Бұдан әрі осындай екі-үш қақпадан өтіп барғанда, алтын тақты бағаналы ордасына тап боласыз. Оның соңы одан да ұзақ, бұрынғы патша сарайының әртүрлі әкімшілік-шаруашылық ғимараттарынан тұрады. Осы­дан алты ғасыр бұрын, ХХ ғасырдың басына дейін корей билеушілері мұнда халқының келешегіне байланысты шешімдер қабылдап, елдік істерге бас қой­ған. Бүгінгі Корея мемлекетінің жет­кен жетістігі мен бағындырған белестері­нің астында Кенбоккун сарайындағы кеңестер жатпаса, кезінде жапондар өртеп жіберген бұл сарайларды корейлер қайта жаңғыртып, қалпына келтірмес еді ғой. Демек Корей елінде билік құрған Чосон әулеті қызмет еткен сарайдың өткені Корея Республикасының тарихымен тамырласып жатыр.

Кейінгі жылдары патша сарайының кешенін Корея Республикасы қалпына келтіріп, қайта салған. Қазіргі көркіне көз тояды. Ашық аспан астындағы мұражай ретінде қозыкөш жерден астам тайшаптырым аумақты ендей алып жатыр.

Мұндағы «басты қақпаның» алдында әуелі құрметті қарауылдар шеруін тамашаладық. Бес қаруы сай ежелгі корей сардарларындай киінген қарауылдар міз бақпай тұрды. Бір кезде дабыл қағылып, барабан соғылады да, іштен қолбасшы мен шеріктер шығып, олар қарауылдарды бір тексеріп шықты. Жүріс-тұрыстары мен қимыл-қозғалыстарында әскери тәртіп қана емес, Отан алдындағы жауапкершілік қоса сезілгендей. Корей патшасының, корей ұлтының тыныштығын күзетіп тұрғанға ұқсайды.

Корейлердің «басты қақпасына» келушілердің дені шетелдік туристер. Біздің жол түскен күні халық саны көп екен. Бір ғажабы, көбі корей халқының ұлттық киімінде. Біз, жарайды, Корея Республикасының арнайы алдыруымен мәдениетін насихаттау үшін келген соң, онсыз да киіп шықтық. Ал қалған корейлер мен туристер ше? Сөйтсек, ұлттық киімді жалға алып кірген корей жастарына сарай қақпаларын аралау тегін. Міне, мәдениетін насихаттап, жарнамасын жүргізудің төте жолы. Өйтпесе, телефонға телмірген жастарды тарихи-мәдени жерге келтіру бұл жақта да қиынның қиыны көрінеді. Мынадай жеңілдік пен сый-сияпаттан соң тарихи орынға келетін корейлік жастар да көбейе бастаған. Оларға бұл жер ұлттық сабақ іспетті қастерлі мекен. Ұлттық киімдерін киіп, ежелгі ордаларын аралап, серуендегендер арасында кәдімгідей көне дәуірлерге түскендей әсерге бөленесіз. Бұған қоса сарай құрылысын заманауи үлгіде жарқыратып жібермеген. Бәрі қарапайым, ертедегі үлгілерінен тыс құрылыс жоққа тән. Ескіні ескі қалпында тоздырмай ұстауға да өре керек пе деп қалдық.

 

Шырағдандар шеруі

Мамырдың он бесіндегі Будданың туған күніне орайластырылған шара­лардың айтулысы біз Сеулге түскен кеште өткен шырағдандар шеруі. Түстен кейін жаңбыр құйып кетті. Соған қа­рамастан Сеул көшелерін корейдің ұлттық аспаптарының дабылы кернейден бір танбады. Біздің дабыл, керней, сылдырмақтарға ұқсас ұлт­тық аспаптарымен дүңкілдетіп, көше­лерді жаңғырықтырып ұрандата салған әуенімен бір-бір шырағдан ұстаған шерушілердің көптігінен көз сүрінеді. Астанасындағы жолдардың көбін жауып тастаған. Шерудегілердің бір шеті мен екінші шеті көрінбейді. Шелектеп жауған нөсерге қарар емес. Шабыттанып алған. Шаһардың ана шетінен бір шықса, басқа тұсынан тағы бір шерушілердің ұзыннан ұзақ нөпірі көрінеді. Құбыла жарқыра­ған жарықтары мен араларындағы әр­түрлі мүсіндері алыстан көз тартып, еріксіз тоқтап тамашалауға тура келеді. Ұзыннан ұзақ бір сапта кемі мыңдаған адам шығар, әрқайсысының қолында іші­не шырақ жағылған гүлдің басы. Әлгін­дей аспап ұстағандары және бар. Арасында үлкен Будда мүсінін, әлдебір періште, пұттардың қалыбын арбаға салып сүйреп келе жатқандар немесе арнайы тігілген алып айдаһар терісін жамылып жүгірген жүздеген адам, төніп-төніп береді. Ішіндегі адамдар жүргенде кәдімгі айдаһардай терісі жалбырап, қызық көрінеді. Корейліктердің көне танымдарынан хабар беретін мифтік, ертегілік кейіпкерлердің алып бейнелері қаптап жүр. Олардың көбі әртүрлі қа­тырмалардан құйылып жасалып, іші­­нен шырақ жағылып жарқыраса, кей­­бі­реуінің басы мен терісі тігіліп, ішіне әр тұсынан адамдар кіріп алған. Шеру­шілердің негізгі сапында шырақ жа­ғылған гүл қатырмаларын ұстағандар. Жарайды, алып айдаһар немесе теңіз тасбақасы сынды ертегі, аңыздарын­да­ғы жан-жануарлар белгілі делік. Ал гүлдің басын қатырып, ішіне шырақ тұтып ұрандағандары қалай деп біз де сұрадық. Сөйтсек, корей аңыздары бойынша, Будда судан жаралған көрінеді. Кішкентай нәресте кезінде жағалау­ға лотос гүлінің қауызының ішінде отырып жеткені айты­лады. Енді бірде Будда туа сала жүріп кеткен, оның басқан ізіне лотос гүлі өсіп шық­қаны, тағысын тағы аңыз-әңгіме жетерлік. Сонымен қатар көптеген мүсінде Будданың лотос гүлінің қауызында отырған суреттері бар. Тіпті кей деректерде буддизмді лотос діні деп те атайды. Осындай сан алуан дерек пен қисынға толы лотос туралы әңгімелердің философиясы өте тереңде. Будданың туған күнінде лотос гүлінің қауызының ішіне жарқыратып шырақ жағып, елді ізгілікке шақырғандарының бір мәні де содан.

Жаңбыр құйып тұрса да, шырағдан шеруіне қатысқандардың екпінін басып, еңсесін түсіре алмады. Біз осыған таңғалдық. Сондықтан философиялық мәні мен сыры терең фестивальды бір қарағанда сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, көзбен көрмесе. Жалт-жұлт еткен жануарлар әлемі, Будда мүсіні, дүңкілдеген соқпалы аспаптар мен ұран сөздер сырттан қарағанның өзінде шабыттандырады. Көз жауын алып, түрлі әсер сыйлайды. Өйтпесе, жаңбырлатып соңдарынан біз де ере бермес едік.

Бұл фестивальдың бергі жағы екен, Сеулде біз орналасқан қонақүйдің қабыр­ғасын «жарардай» дауысқа елең­деп, алыс емесін шамалап барсақ, ор­талықта үлкен гала-концерт өтіп жатыр. Халық қырғын. Маңайы лап-лап еткен отпен көмкеріл­ген алып сахнада өнер көрсеткендер көбіне-көп жастар. Арнайы монахтың киімін киіп шыққандарды көзіміз шалып қалған. Кейін білсек, монах Ньючжин диджейлігімен қойылған «Әдемі монах» атты жастар концерті екен. Біз орта тұсынан аса барып тамашалаған­да Ньюч­жин монах ән айтып, халықты еліктірумен болды. Яғни корейлердің Будда ілімін насихаттауы діни фанатизмнен гөрі ұлттық философияға бейімі­рек. Будда ілімін ұлттық танымдарымен сабақтастыра сипаттайды. Сонымен қа­тар тұрмыстық, салттық, ағымдық хал-ахуалмен байланыстырып, халықтың жанына жақындастыра түскені байқалады. Неғұрлым халық тұтынуға бейім дүние­лермен сабақтастырса, соғұрлым түсінікті емес пе, соны мұрат тұтқан сыңайлы.

 

Бала санасынан басталған бейбітшілік

Сеулдің солтүстік бетіндегі Эгибонг (Бейбітшілік паркі) атты экосаябақ көр­ген көзді таңғажайып табиғатымен ­баурайды. Мұнда туристер көп келеді. Тұмса табиғат, таза ауа, жасыл орман, сайраған бұлбұл үніне құлақ тоса тұрып, айналаны жіті бақылай аласыз. Солтүс­тік Кореямен шекарадағы әскери аймақ­ты оңтүстіккореялықтар Бейбітшілік пар­кіне айналдырып жібергенінің өзі неге тұрады? Себебі кезінде, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң, дәл осы тұс­та жер бөлуге байланысты соғыс бол­ғаны тарихтан белгілі. Кореяға барған сапар­ластар арасындағы белгілі журналист, «Қазақ газеттері» ЖШС бас дирек­торының орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш мұндағы шекара бөлінісі­не байла­нысты «38-параллель» фильмін еске алды.

Екі елдің арасын Ханган өзені бөліп жатыр. Осы тұста бұл өзен Сарытеңізге құяды. Әр жақ бетте Солтүстік Корея, Бей­бітшілік паркіндегі биік нүктеден ол елдің шет жағасын дүрбімен тамашалауға мүмкіндік жасап қойған. Мүйістегі тау жоталарының бірінен екіншісіне тартылған аспалы көпірмен өту де ғани­беттің өзі. Табан астында жасыл орман жайқалып жатса, бір жағыңда теңіз, екінші бетте таулы орман бұлбұл үнінен тіл қатады. Биікке шығып айналаға дүрбі салғанда, табиғатты қимай қаласыз. Оның үстіне, түрлі қақтығыстар өткен жерді корейліктер үлкен патриоттық орын­ға айналдырып жіберген. Әсіресе бала-шағасымен келушілерге әзірленген арнайы бағдарламалар жетерлік. Соған қарағанда корейлер балаларын жастай бейбітшілікке тәрбиелейтіндей сезіледі. Адамзаттың басты қасиеттерінің бірі бейбітшілік емес пе? Оны өмірлік мұрат ету жолында осы экосаябақта сурет салатын, қолөнермен шұғылданатын, бұл жердің тарихи маңызы туралы бала санасына түсінікті етіп жеткізіп беретін мультфильмдер көрсететін кинозал, бейбіт әлем құру туралы басқа да түрлі инсталляциялар, ескерткіштер, музейлер, көру алаңы мен демалыс орындары қызмет көрсетіп тұр. Сонымен қатар түрлі көрмелер, бейбітшілікті насихаттайтын көріністер ұйымдастырылған. 

 

Теңізге «төңкерілген» қала

Пусан қаласының көркі көз жауын алады. Түнде су бетіне төңкеріліп сәулесі түсетін шаһар Шығыс теңізі жағалауындағы порт. Әрі-бері кемелер ағылып жатады. Сәулетті ғима­раттарымен бірге қос қабатты көпір айрықша назар аудартады. Көліктер кө­­пірдің төменгі қабатынан да, жоғарғы қабатынан да бір-біріне қарама-қарсы бағытта ағылады. Жағалаудағы алып кемелер шоғырының өзі бір қалаға пара-пар. Саяхатшылар үшін таптырмас сән­ді қалада Сондо жағалауынан теңіз шы­ғанағын басып өтетін аспалы жолдың қызығын айтып болмайды. Қысқасы, жағалаудағы екі таудың (мүйіс) арасына сұғына енген теңіз үстімен тартылған трос арқылы өздігінен жүретін шыны кабинамен өтесіз. Төменде қаншама ақ кемелер жүреді. Бұл біреуге қуаныш болса, биіктен қорқатын біреуге үрей, әйтеуір жаныңды дүрбелеңге салатын ғажап көрініс. Туристер құмартатын атақты Сондо жағалауы осы тұста.

ва

Сондо жағалауы

Жағалауды жиектеп жүріп отыратын туристік пойыз – саяхаттаушылар үшін жасалған керемет мүмкіндік. Бірақ бұл кереметтің «Пусанға баратын по­йыз» фильміне еш қатысы жоқ. Сеул­дегі телемұнарадай аса биік болмаса да, Пусан мұнарасы өзіндік ерекшелігі бар сәулет өнері.

«Иек артқан теңізге мүйістейін» деген Мұқағалидың жырынан мүйіс сөзін түсінесіз деген ойдамын. Алайда теңізге сұғынған тұс таулы орман болса, олай атай ма, жоқ па, білмедік. Әлгі таулы мүйістің теңіз беті құлама тік екен де, содан әрі қарай 15-20 метрге шығып, теңізді тамашалайтын алаң жасалған. Аяқ астына шыны төселгендіктен, теңіз үстінде ауада тұрғандай күй кешесіз. Туристер үшін жасалған бұл орынды корейлер Орюкдо атапты. Бұдан әрі су ішіндегі қос арал дәл осы тұстан тамаша көрінеді.

 

Су бетінде сілбілеп қызыл сәуле

15 мамырда келетін Будданың туған күнін корейлер бір жеті бойы атап өтерін жоғарыда айттық. Апта бойы әр қалада әртүрлі шара ұйымдастырылады. Мамырдың 14 күні Пусаннан Хаман деген қоныстарына маңдай тіредік. Мұнда «Хаман накхва нори» деген корей­лердің керемет мерекесін тамаша­ладық. Біз үшін бұл Будданың туған күніне орайластырылған фестивальдар арасындағы айтулы көріністің бірі болды. Қысқаша баяндағанда былай: көпшілік кеңінен тоқайласа алатын сы­йымды жерге шағын тоған тоқтатып, то­ған­ның бір шеті мен екінші шетіне те­мір арқандар керген. Көлденеңінен жү­гіртілген арқандарды санап болмайды. Олардың әрқайсысының бойына жар­ты метр, бір метр аралығында қарыс­тай білтелер ілінген. Әлгі білтеге күріш­тен жасалған қағазға тілектер жазып орайды. Төменгі шеті шашақты білтені қайыққа мінген арнайы адамдар кешке таман қараңғы түспей біртіндеп тұтата бастайды. Су бетінен кісі бойы жоғары тартылған темір арқандарға бір метр арақашықтық сайын көзінен тізілген білтелер пышырап өте баяу жанады. Қараңғы түскенде су бетінде пышыраған ұшқындардан асқан көрініс болмайды. Су бетінде қызыл сәуле сілбілеп қана тұрады. Арасында арқандарды сілкіп қалғанда ұшып-ұшып түскен ұсақ шоқ­тардың қызыл сәулесі үсті-үстіне қою­­ланып, шын ғажайыпқа ұласа­ды. Биыл­­дыққа 31 рет өткізілген «Haman Fall Flower Festival» іс-шарасы екі күнге, 14-15 мамырға жоспарланған және алдын ала жарияға шыққан 6 мың орын ­37 минут ішінде бірден брондалып кет­кен. Ертеңгісіне де дәл осындай орын брон­далып қойылған. Корейліктердің мерекеге деген ықыласы әлгі ұшқындар­дай сыртқа теуіп-ақ тұр.

«Хаман Накхва» ойынын Чосон әулетінің королі Сонджо кезінде Хаман округінің губернаторы Чон Гу жол­сыз­дықты жою және тұрғындардың аман­дығы мен жақсы өнім тілеу үшін бас­тапты. Содан жапон отаршылдығы ке­зіндегі тоқтатылып, 1960 жылы бір жаңғырып, 2000 жылдары Хаман-Мён мен ауыл тұрғындары қайта жандандырды. Ұлттық танымынан тамыр тартатын бұл ойын қазір үлкен фестиваль деңгейіне жетіп отыр. Ғұрыптық дүниеге көбірек келетінімен де ерекше.

 

АСТАНА – СЕУЛ – ПУСАН – АСТАНА