Қоғам • 23 Мамыр, 2024

Жемқорлық тыйылса, жол түзеледі

174 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстанның эконо­микалық бағдары» Жолдауында: «Авто­көлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақ­тылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер», деген еді.

Жемқорлық тыйылса, жол түзеледі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкі­метке автожол саласында бақылауды кү­шей­тіп, жаңа нормативтік құжаттар қа­был­дауды тапсырған болатын. Бұған қоса, еліміздің көлік-логистика саласын тиімді басқару мақсатында Көлік министр­лігі құрылғаны мәлім. Алайда әзірге авто­жол­дың басты жауы болып отырған жем­­қорлық тыйылар емес. Мұның өзі, әсі­ресе демографиялық жағдайы күрделі Сол­түстік Қазақстан облысының (СҚО) тұр­ғындарына тым ауыр соққы болып тиіп тұр. Себебі Қызылжар өңірінде облыс­тық және аудандық маңызы бар автожолдар­дың көбі ұзақ жыл бойы еш жөндеу көр­мей, ойдым-ойдым, шұрық-тесік болып әбден тозып, жеңіл көліктің жүйткіп жүруіне жарамсызданып қалған, ал жөнделгендері­нің сапасы көңіл көншітпей, көп ұзамай қай­та бүлініп жатады.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­метіне сүйенсек, республикамыздағы 6 256 ауылдық елді мекеннің (АЕМ) 635-і, немесе 10,2 пайызы Қызылжар өңірінде орналасқан екен. Бұл көрсеткіш бойынша СҚО алдына тек Түркістан облысын (822 АЕМ) салып, екінші орынды еншілеп отыр. Мұндағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8 416,2 километр. Оның 1 970 километрі, немесе 23,4 пайызы ғана – республикалық маңызы бар жолдар. Еліміз өткен ғасырдың соңында­ғы өтпелі кезеңде болған экономика­лық дағ­дарысты еңсергеннен кейін, негізінен, республикалық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге көңіл бөлініп, кейінгі жылдары ғана жергілікті жолдарды жөндеу қолға алына бастағаны белгілі. Сол себепті Қызылжар өңіріндегі облыстық (1983 километр) және аудандық (4 463,2 километр) маңызы бар жолдардың көбінің жағдайы әлі мәз емес. Салдарынан қазір облыстағы 635 ауылдың 371-іне ғана автобус қатынайды. Тіпті «Ұлылар мекені» атанған Жамбыл ауданындағы классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің туған ауылы – Жаңажолға жаздың жауын-шашынды күндері жеңіл көлікпен жетуіңіз екіталай.

Әділі керек, СҚО-дағы жергілікті жолдарды жөндеуге мемлекет қазынасынан бөлінген қаржы жылдан-жылға көбейіп келеді. Мәселен, осы мақсатқа 2020 жылы 24,4 млрд теңге бөлінген болса, былтыр бұл сома 39,4 млрд теңгеге дейін арттырылды. Биыл 35,6 млрд теңге бөлінді. Әйт­се де, осынша қаржыны талан-таражға сал­ғызбай, тиімді пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Себебі өкінішке қарай, жер­гілікті шенеуніктердің арасында ауыл тұр­ғын­дарының талай жылдан бергі жанай­қайының арқауына айналған автожол­дарды жөндеуге бөлінген қаржыны арсыз­дықпен жымқырып жүргендер бар. Ондай­лардың кейбірі әшкереленіп, сотқа тартылып, қатаң жазаға кесіліп жатса да, әбден құныққан жемқорлардың айылдарын жияр түрлері көрінбейді.

Мысалы, бұрнағы жылы Ғабит Мүсі­ре­пов атындағы ауданда жүргізілген проку­рорлық тексеріс нәтижесінде жергілікті шенеуніктер мүлдем салынбаған 27 километр автожолды салынды деп акт толтырып, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағ­дарламасы бойынша бөлінген 427 млн теңге қаржыны жымқырғаны анық­талды. Осы қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізген Қаржы мониторингі агенттігінің Солтүс­тік Қазақстан облысы бойынша Эконо­ми­ка­лық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері аталған ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі­нің басшысы, техникалық қадағалау сарапшысы және бір мердігер ұйымның директоры бірлесіп жасаған қылмысты бұлтартпастай дәлелдеп, үшеуін де сот­қа берді. Ақыры олар былтырғы 10 қа­занда Петропавл қалалық сотының үкі­мімен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-тар­мағының 2-тармақшасына сәйкес қыл­мыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Бірақ осы келеңсіз жайттан Тайынша ауданының шенеуніктері сабақ алмаған болып шықты. Жақында осы ауданның әкімінің орынбасары, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бөлімінің басшы­сы жергілікті жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктің директорынан аудандық маңызы бар автожолдарды ағымдағы жөндеуден өткізгендігі жөніндегі актілерге қол қою үшін 10 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталып, үшеуі де тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды. Әйткенмен, құқық қорғау органдарының құрығына әлі ілінбей, «Ұсталмаған – ұры емес» деп тайраңдап жүрген жемқорлардың кесірінен қанша автожол сапасыз жөнделіп, қанша бюджет қаржысы құмға сіңген судай болып жатқаны бір Аллаға аян.

Жалпы, СҚО тұрғындарының басқа жақтарға көшіп кету үрдісі тыйылмай, өңір халқының саны жылдан-жылға аза­йып бара жатқандығының басты себебі­нің бірі – жергілікті автожолдардың жай-күйінің нашарлығы. Әсіресе шалғайдағы шағын ауылдардың тұрғындары жауын­ды-шашынды күндері науқастанып қал­ғанда ауылдық округтер мен аудан орта­лықтарындағы емдеу мекемелеріне тездетіп жете алмай, қиналып жүреді. Сондықтан да өңірдің құқық қорғау органдары автокөлік жолдары саласындағы жемқорлықпен күрес­ке баса көңіл бөліп, жең ұшынан жал­ғасқан парақорларды әшкерелеу жұмысын жүйелі түрде жалғастырса, құба-құп.

Бұл ретте жергілікті тұрғындар да аза­маттық белсенділік танытып, автожолдарды салу және жөндеу барысына ұдайы қоғамдық бақылау жасаса, игі. Өйткені бұған өткен жылғы 2 қазанда қабылданған «Қоғамдық бақылау туралы» заң кең мүмкіндік беріп отыр. Ал Қызылжар өңі­рінде жекелеген азаматтардың уақтылы дабыл қаққандығының арқасында мерді­гер ұйымдар тарапынан жол берілген кемшіліктер дер кезінде түзетілген мысалдар бар. Мәселен, былтырғы жазда Айыр­тау ауданындағы «Саумалкөл – Сырымбет – Светлое» бағытындағы аудандық маңы­зы бар автомобиль жолының бұзылған асфальтының орнына жаңасын салып жат­қан мердігер ұйым жұмысының көзге ұрып тұрған шалағайлықтарын байқаған жергілікті белсенді азаматтар оларды бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге салып, шу көтерген еді. Осыған орай, тиісті мемлекеттік органдар дереу арнайы тексеріс жүргізіп, жолшылар тарапы­нан жіберілген өрескел кемшіліктерді анық­тады. Нәтижесінде, мердігер ұйым авто­жолдың кемшін тұстарының бәрін өз қаражаты есебінен шұғыл түзетуге мәжбүр болды. «Көптің көзі – қырағы» деген осы.