Байқау • 23 Мамыр, 2024

Ойды оздырған байқау

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университе­тін­де ректор кубогіне арналған 10, 11, 12-сынып оқушы­лары арасында І республикалық «Auezov school cup» пікірсайыс турнирі өтті.

Ойды оздырған байқау

Алғаш рет ұйым­дас­ты­рыл­ған турнирге «Ақиқат» пікір­сайыс орталығынан 70, еліміз­дің 6 аймағынан 120-дан аса үздік пікірсайысшылар қа­тыс­ты.

«Турнир – жауапкершілігі мен интеллектісі жоғары, руха­ни жан дүниесі бай, эсте­ти­калық талғамы дамыған тұл­ға­ны қалыптастыру мен дамытуды мақсат етті. Пікірсайыс жас­тарды логикалық ойлауға, өз ұстанымын білдіруге тәр­бие­лейді. Сондай-ақ әр­түр­лі жағдайда оны талдап, өзін­дік көзқарасын қалып­тас­ты­руға бейімдейді», деді М.Әуе­зов университеті Жастар орта­лы­ғының директоры Ақан Бесбаев.

Қазақ және орыс тілінде өткен америкалық парламент және Линкольн-Дуглас форматындағы турнир қызық­ты болды. Тартысты додада білім алушылар еліміздің қоғамдық-саяси тынысы туралы пікір таластырып, шешендік өнерлерін сарапқа салды.

Ұтқыр сөз сайысының қ­о­ры­­тын­дысында жеңімпаздар университеттің оқу гранты және «Әуезов университеті тү­лек­терінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің тарапынан қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен Алматы облысы Шоқан Уәлиханов мектебінің оқушылары Жадыра Аликова мен Жігер Сейдахметов бірінші орынға ие болып, оқу грантын ұтып алса, екінші орынды – Шымкент қаласынан Бекарыс Әзімхан (Талант-1 мектебі) мен Камшат Алпысбай (№38 мектеп-гимназия) иеленді.

Сондай-ақ шымкенттік оқу­шылар Ертай Жолдыбек (Zerdeli high school) пен Даниал Сарбаев (№25 мектеп-гимназия) және Жамбыл облысынан келген Казим Сарымомед-огли (Н.Ақшабаев атындағы орта мектеп) мен Зере Маңызқызы Зере («Үміт» оқушылар сарайы) үшінші орынға қол жеткізді.

Зияткерлік додада үздік спи­­кер атанған Шұғыла Салы­бек (№47 мектеп) оқу грантына ие болды. Дәл осындай аталымды Ұлсая Егемберді (Academy of golden kids) мен Гүлфайрус Әзіретәлі де жеңіп алды. Сонымен бірге аталған жарыста Аружан Садық үздік төреші, Нұрлыхан Қуандықов үздік гид аталымына лайық деп танылды.

 

ШЫМКЕНТ