Аймақтар • 23 Мамыр, 2024

Тасқыннан зардап шеккен ауылдарға киіз үйлер жіберді

114 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Салиқалы ұрпақ» қоры су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға киіз үйлер жіберді. Халықтың сұранысына орай сатып алынған жылу Арқалық қаласына қарасты Екідің және Қызыл жұлдыз елді мекендеріне жөнелтілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тасқыннан зардап шеккен ауылдарға киіз үйлер жіберді

Қостанай өңіріндегі бұл ауылдарды су басып, үйлер қирап, шарасыз қалған халық түгел көшірілген еді. Сондықтан, қоғамдық қордың мүшелері жергілікті тұрғындардың жан-айқайын тыңдап, қандай мұқтаждық басым екендігін біліп, жағдайды көзбен көру үшін осы ауылдарға арнайы барған. Уақытша паналайтын киіз үй сұраған халықтың тілеуі көп ұзамай орындалды.

«Су тасқынының салдарынан тірнектеп жинаған барлық дүние-мүлкінен, малынан айырылған халықтың жағдайы әлі күнге дейін күрделі екендігіне көзіміз жетті. Тұрғындардың көпшілігі паналайтын орын таппай қиналып отыр екен. Сондықтан, көптің тілеуі - киіз үй болды. Біз, жиналған халыққа уәде етіп, бірден тапсырыс бердік. Тапсырысымыз уақытында дайын болып, мінекей, бүгін киіз үйлерді ауыл ішіне құрып, халыққа табыстадық. Бастысы, киіз үйлердің сапасына мән бердік. Барлығы талапқа сай жасалды. Жергілікті халық ризашылығын, шексіз алғыстарын білдіріп жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», - дейді ғой. Сондықтан, қандай қиыншылық болса да, халықпен бірге болайық», дейді «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабеков.

П

Еске салайық, су тасқыны кезінде Арқалық қаласына қарасты Екідің және Қызыл жұлдыз ауылының тұрғындары тікұшақтың көмегімен қауіпсіз аймаққа, Арқалық қаласындағы эвакуациялық пункттерге көшірілген еді. Жалпы, қала аумағындағы су басқан ауылдарда 87 үй, ал тек Екідің ауылының өзінде 38 баспана тұруға жарамсыз деп танылған. Бүгінде жаңа үйлердің құрылысы басталып, халыққа бірте-бірте өтемақы төленіп, шығын өтеліп, кәсіпкерлер тарапынан да тиісті көмек көрсетіліп жатыр.