Таным • 23 Мамыр, 2024

Суретшінің үйі

23 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Егер Францияға жолыңыз түсер болса, ғажайып суретші-импрессионист Клод Моненің үйіне тоқтауыңызға болады. Иә, «Airbnb» қызметі бірнеше жылдан бері қылқалам шебері Клод Моне тұрған әйгілі көк үйді жалға беріп келеді. Әсіресе өнерге жаны құмар адамға аңызға айналған шебердің үйінде тұру, Моненің ізімен жүру өлшеусіз бақыт екені сөзсіз. Бұл, әрине, кез келген тұлғаның мұражайына ақысын төлеп, кіріп шыққаннан әлдеқайда биік сезім. Тіпті тарихты көзбен көргендей әсер қалдыруы мүмкін.

Суретшінің үйі

Суретшінің 1883 жылдан 1926 жылға, яғни өмірінің соңына де­йін­гі 40 жылдам астам уақыт тұр­­ған үйі Живерни ауылында орналасқан. Осы үйдің ауласында бүгінде барша әлем таң-тамаша қалатын талай картина жазылды. Осы ауылдың аспаны, күн мен түннің түрлі күйі, табиғаттың әр сәттегі мың түрленген құбылысы Моненің қылқаламымен боялды.

Бұл үйде 3 жатын, 2 қонақ бөлме мен 3 жуынатын бөлме бар. «La Maison Bleue»-дегі бір күн 350 евро (167 мың теңге) тұрады. Кең жерімен сатып алған суретші айналасын бақшаға айналдырды. Есігінің алдын гүлзар қылды. Өзі ылғи бейнелейтін су лалагүлінен тоған жасады. Бұл бақ суретшінің көп картинасында суреттелген.

рмпоом

1966 жылы Моненің ұлы бақ­шалы үйді мемлекетке мұра етіп қалдырып, бүгінде сурет­шінің мұражай-үйі орна­лас­қан. Мұнда әр кезде әлемнің түк­пір-түкпірінен импрессионизм ба­ғытын сүйетіндер мен ландшафт дизайнерлері ағылып жатады. Бәрінің іздейтіні – Клод Моне.

Мақамы бөлек шебердің қыл­қаламы табиғаттың тылсым түс­теріне, аспанның сан түрлі бояуына неге ұмтылып тұра­тынын кім білсін? Жарыққа ұмтылған сол қылқаламнан туған табиғат көрінісі өң мен түсті адастырады. Дәл бір картина емес, сан құбылған түстердің жылы шырайына көзің арбалып, сол ғажап далада өзің тұрғандай, құшақ ашқандай, аспанға қол созып, арпалысқан ойларың бір сәт тыныштық тап­қандай сезілетіні бар. Әр минут сайын түрлі күйге түсетін табиғаттың әр тынысын аңдып, барлап, қас пен көздің арасында­ғы құбылысты кенебіне дереу түсі­ріп, дала кезіп жү­ріп таңғажа­йып туынды жасаған шебер­лер­дің тағдыры да қилы жолға түсті.

Париждің Монмартрында дүниеге келген Клод Моне бала кезін дәптер шимайлау­мен өткізіпті. Суретшінің шығар­ма­шылықты карикатура салып бас­тағанын да білеміз. Сол кездегі жоқ­шылық, жұмыссыздық мәсе­лесі оның шығармашылығы­на молынан әсер еткенін айта ке­туіміз абзал. Ол жас кезінен-ақ шарж бен карикатурадан пай­да түсіріп, өз күнін өзі көре бас­тайды. Мектепке барғысы кел­мейтіндігі тағы бар, үнемі Гавр жаға­лауында суреттерін 15-20 франк бағасына сатып жүретін. Бұл істен әжептәуір ақша тауып,­ өзінше «өсе» бастаған өнерлі жігіт­ке суретші Эжен Буден кездеспесе, импрессонист Моненің асқан талантын әлем білер ме еді?

Клодтың суреттерін көріп, тама­шалаған Буден: «Бұл өнермен шектеліп қалмай, әрі қарай оқу керек», деп ақыл айтады. Табиғат аясына барып, мольбертін құрып жіберіп, көріністі кенепке қалай жазу керектігін көрсетеді. Қыл­қалам ұстаған Буденнің сол кез­дегі сәтін көзімен көрген Моне­нің таңданы­сында шек болмапты. «Көзім алдымнан перде ашыл­ғандай күй кештім... Көркем су­реттің құдіретін бір-ақ сәтте ұққан­дай болдым», деп жазады.

Осыдан соң Париж барып, Сюисс Академиясын көру, Труа­йон, Шарль Глейр мен Огюст Туль­муш шеберханасынан дәріс алуы жас таланттың шеберлігін ұштай түседі. Десе де Моне әу бастан біреуге бағынғанды ұнатпаған, Буденнің өзін әрең мойында­ған «бүлікшіл» бала емес пе еді? Ака­демияда да қатаң тәртіпке бас ие алмай, айтылған сынға шал­қақтап, ақыры мольбертін арқа­лап, еркіндікке кетеді. Шығар­машылыққа біржола бас қойып, көзқарастары ұқсас Мане, Сислей, Ренуар секілді сурет­шілермен дос болады. Олар Париж салондарында тек тарихи тақырыптағы суреттер қойылатынына наразы болатын. Шығармашыл топ «дәл қазіргі сәт» ұғым шеңберінде өмір сүріп, соны кенепке түсірген­ді құп көрді. Сондай-ақ оларға өз заманының кейіпкерлері­нің тағдыры қызығырақ көрі­нетін. Кейін Моне, Ренуар, Сислей мен Базиль өздері жеке шығармашылық бірлестік құрып, 1874 жылы алғашқы көрмесін ұйымдастырады. Осыдан кейін өнер әлемінде осы суретшілер толқыны «импрессионистер» аталып кетті. Көрменің атауы Мо­ненің «Әсер. Күннің шығуы» (Impression, soleil levant) картинасына байланысты қойылған.

Әзіл сурет жазып, таланты танылған Оскар Клод Моне адам­заттың өнер қорына өлмейтұ­ғын екі мыңға жуық картина қал­дырыпты. Әр туындысына қарап, көзің тояды, жаның жылынады. Ең бастысы, өнердің құдіретті күшіне еріксіз бас иесің.