Талбесік • 24 Мамыр, 2024

Қоқыс орындары тазартылды

114 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісуда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде облыс тұрғындары, волонтерлер, жастар ұйымдары, медициналық және білім мекемелерінің қызметкерлері, сонымен қатар өңір спортшылары мен өнерпаздары, жалпы 117 мыңнан аса адам атсалысып, 860 техника жұмылдырылды.

Қоқыс орындары тазартылды

Жетісуда бекітілген желілік кестеге сәй­кес «Таза өл­ке», «Кие­лі мекен», «Жасыл ай­мақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөл­дір бұ­лақ» апталықтарында «Таза­лық табалдырықтан басталады», «Таза қала Талдықорған», «Ме­нің таза мектебім», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Таза өзен», «Тазалық өзімізден басталады» сынды бірқатар акция ұйым­дастырылды. Экологиялық акциялар нәтижесінде 5 338 тонна қоқыс шығарылып, 2 200 км арық желісі тазаланды. Оған 763 кәсіпорын мен 1 291 әлеуметтік нысан атсалысты. Облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп ағаш отырғызылды.

Елімізде стихиялық қоқыс орындары мен көлемі спутниктің көмегімен, аэро түсірілім арқы­лы анықталған еді. Қазір маман­дар сол орындарды тазарту жұ­мысымен айналысып жатыр. Жал­пы, стихиялық қоқыс орындарын ретке келтіру іс-шаралары мердігер мекемелердің күшімен жыл бойы атқарылмақ.

Облыс орталығы бойынша аталған жұмысты «Жаксымбет» ЖШС жүзеге асырады. Жыл басынан бері облыс орталығында 12 орын анықталып, 273 текше метр қоқыстан тазартылды. Бүгінде 2 стихиялық қоқыс орнында тазалық жұмысы жүр­гізіліп, 35 текше метр қоқыс шыға­рылды.

«Біз бір айдан аса уақыт кө­лемінде қаланың іші-сыртында тазалық жұмысын жүргізіп жатырмыз. Соған сай арнайы техника күші жұмылдырылды. Же­тісулықтар бірлесе еңбек етіп, қала көркін жандандыруға атсалысып жатыр. Таза қала – елдің көркі», дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.

Сонымен қатар қаланың 100-ге жуық ерікті, студенттер мен «Жетісу жастары» орталы­ғының қызметкерлері қала кө­шелерін тұрмыстық қоқыс пен бос бөтелкелерден тазартты. Тазалық акциясы барысында жиналған қоқыстар қайта өңдеу орталықтарына жіберіледі. Жас­тардың жоспарына сәйкес қайта өңдеуден түскен қаражат Балалар күні мерекесіне орай, балдырғандарға мерекелік көңіл күй сыйлауға жұмсалады.

 

Жетісу облысы