Осы бастама кейінгі жылдары жалғасын тауып, бүгінде жұмыс істеп жүрген 10 мыңға жуық жас маман сату құқығынсыз жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр. Әуелде мұндай пәтерлер бес жылға берілген еді. Бірақ былтырғы 27 наурызда Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына енгізілген өзгеріске сәйкес аталған мерзім үш жылға дейін қысқартылды.
Бұл ретте бір айта кетерлік жайт – нормативтік-құқықтық актілердің кері күші жоқтығына байланысты жалдамалы пәтерге өткен жылға дейін қол жеткізген жұмыскер жастар сол уақытша баспаналарында бес жыл тұра алады. Ал осындай тұрғынжайға 2019 жылғы күзде кірген жас азаматтар шартта көрсетілген тұру мерзімі биыл аяқталуына байланысты бірнеше айдан соң жалдамалы пәтерлерін босатуға тиіс.
Шынтуайтында, пәтерді сатып алу құқығынсыз жалға беру тетігі жастардың өз тұрғынжайларын сатып алуға арналған бастапқы жарна қаражатын жинауға бағытталған еді. Ол жас азаматтарды өз қаражаттарын үнемдеп жұмсап, масылдық пиғылдан арылуға ынталандыруға тиіс болатын. Мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің ойынша, осы тетік жалдамалы пәтер- лерді жалға алушылардың жиі ауысып тұруы және жаңа жалға берілетін көппәтерлі тұрғын үйлерді салу есебінен тұрғынжайға мұқтаждардың басым бөлігін қамтуы керек-тұғын. Бұған Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстарында іске асырылып жатқан, сондай-ақ басқа өңірлерде де қолға алу көзделген жастарға 5 пайыздық мөлшерлемемен несиелік тұрғын үй берудің өңірлік бағдарламалары септігін тигізетіні даусыз. Мұндай бағдарламаларға 2017-2022 жылдар аралығында жергілікті бюджеттерден Отбасы банкіне 65,2 млрд теңге бөлініп, осы қаражат есебінен аталған қаржы ұйымы 5 мыңға жуық өтінімді мақұлдаған. Әйтсе де, жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқан жұмыскер жастардың көбі тұрғынжай сатып алуға арналған бастапқы жарнаға қажет қаражатты жинай алмағаны анық.
«Бүгінде мегаполистердегі жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқан жұмыс істейтін жастардың далада қалу қаупі жоғары. Олардың өз жалақысынан қаржы жинап, баспана ала алмауының өзіндік себептері бар. 2019 жылдан бері инфляция деңгейі шарықтап, үй бағасы жылдан-жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын республика бойынша пәтердің шаршы метрінің орташа бағасы 200 мың теңге болса, қазір 400 мың теңгеге жуықтады. Яғни 2 есеге дейін өсті. Шындыққа тура қарасақ, жастар үшін баспанаға қаржы жинаудан гөрі, қымбатшылық қыспаққа алып, күнкөріс мәселесі алдыңғы орынға шықты», дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев.
Ол өткен жылғы 6 қыркүйекте осы мәселе бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқан жұмыскер жастардың өздері тұрып жатқан баспананы жылдық мөлшерлемесін 5 пайыздан асырмай, көп дегенде 10 пайыздық бастапқы жарнамен сатып алуына мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды сұраған екен.
Оған берілген ресми жауапта: «Қолданыстағы тетіктер бойынша жастардың басым көпшілігіне мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде халықтың әлеуметтік осал топтарының басымдығын ескере отырып, осы кезеңде жастардың жалдамалы пәтерлерін сатып алу құқығын беру мерзімінен бұрын деп пайымдаймыз», делініпті.
Халық қалаулысы өзіне келіп түсіп жатқан жастар өтініштеріне орай, олардың көкейкесті мәселесіне биыл тағы оралып, 15 мамырда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдапты. Онда Мәжіліс депутаты жұмыс істейтін жастардың өздері тұрып жатқан баспанасын жеңілдікті кредит арқылы сатып алуына мүмкіндік беруді немесе жалдамалы пәтерде тұру мерзімін ұзартуды ұсынған. Біздің ойымызша, соңғы ұсынысты қолдап, жұмыскер жастардың жалдамалы пәтерлерде тұру мерзімін ұзартып, олардың жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары арқылы тұрғынжай сатып алуға қажет бастапқы жарнаға қаражат жинауына қолайлы мүмкіндік берген жөн тәрізді. Өйткені Дәулет Мұқаевтың: «Жастар елдегі оқиғалардың бел ортасында жүр. Елімізде болған төтенше жағдайларда төбе көрсететін де – жастар, қолдаушылар да – жастар. Ал бізде Үкімет тарапынан жастарға тиісті деңгейде көңіл бөлініп отыр ма? Ең басты қажеттілік – баспана мәселесі де шешімін таппай тұр», деген пікірімен келіспеу қиын.
Қалай болғанда да, мүдделі мемлекеттік органдар биыл күзде жалдамалы пәтерде тұру мерзімі аяқталатын 1 мың жас азаматтың баспана мәселесіне мұқият назар аударып, ұтымды шара қолданса, құба-құп.