Өкінішке қарай, Қазақстан бүгінде есірткі қабылдау жағынан әлемнің алдыңғы 10 елінің қатарына кіреді. Ресми статистика бойынша, елімізде 18 200 есірткіге тәуелді азамат бар. Оның 1 500-і әйел болса, 66-сы кәмелет жасына толмаған бала. ІІМ-нің мәліметінше, қазір есірткі әлемінің «саудагерлері» бұл жат қылыққа 13 пен 15 жас аралығындағы балаларды жиі тартады екен. Сондықтан қоғам жанашырлары нашақорлыққа қарсы экологиялық акцияларды жиі өткізіп жүр.
– Елордамызда «Таза Қазақстан» ауқымды экоакциясы өтіп жатыр. Іс-шара аясында экомәдениетті қалыптастыруға бағытталған сенбіліктер, акциялар секілді түрлі бастамалар ұйымдастырылады. Сол сияқты «Есірткісіз қала» жобасы барысында синтетикалық есірткілер жарнамаланған сайттар көрсетілген тұстарды өшіріп жатырмыз. Бұл жобаның негізгі мақсаты – нашақорлықтың алдын алу, жастар арасында есірткі індетіне қарсы ұстанымды қалыптастыру, – деді «Жастар және балалар ұйымдары одағы» үкіметтік емес ұйымының өкілі Жомарт Әбішев.
Өз кезегінде полиция депар-таментінің есірткімен күрес басқармасының басшысы Сергей Ильиных есірткі үшін Қылмыстық кодексте қатаң жаза белгіленгенін айтып, жастарды құлағдар етті. Акция есірткіге қарсы күрестегі алдын алу шараларын түсіндіру жөніндегі әлеуметтік жоба аясында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бастамасымен іске асырылған.
– Әрине, есірткі саудасымен айналысатындар тек бір қаланың төңірегінде шоғырланып қалмайтыны белгілі. Әрі олар тек қабырғаларға жазудан бөлек, неше түрлі әдіспен айласын жүзеге асырып отыр. Сондықтан нашақорлыққа қарсы күрестің қандай түрі болмасын қала тұрғындары, жастары қолдауға тиіс. Барынша әлеуметтік желілерде бөлісіп, ғасыр дертіне айналған есірткіні тұтынудан, саудасынан аулақ болуға үгіттеуіміз қажет. Өйткені жастар – ендігі ел тұтқасын ұстар азаматтар, – деді белсенді Әлия Бекназарқызы.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» жобасын білім беру ұйымдарының оқушылары қолдап, «Вейпсіз жастар» денсаулық шеруін өткізді. Мән-маңызы ерекше бастамаға 97 астаналық білім беру ұйымы қатысты.
– Жоба оқушыларды саламатты өмір салтына ынталандыру, денешынықтыру мен спортты насихаттау мақсатында 21 жасқа дейінгі жастар арасында вейптерді қолданумен күреске бағытталған. Мұндай іс-шаралар апта сайын өткізіледі. Сонымен қатар қалада мектептің өзін-өзі басқаруы, «Менің бауырым» еріктілер қозғалысы, спорттық эстафеталар, экофесттер ұйымдастырылады. Таяуда қаланың жылыжайларында да іс-шаралар өткіземіз. Мұның бәрі жастардың бойында мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеуге және оларға дұрыс әдеттерді, борыш пен жауапкершілік сезімін оятуға ықпал етеді, – деді Астана қаласы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова.
Оған қоса 23 мыңнан астам адам «Дені сау «мен» – дені сау ел!» флеш-жаттығуына қатысып, саламатты өмір салты мен жер шарындағы тазалыққа отандық жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын атап өтті.