Спорт • 23 Мамыр, 2024

Елжана – ел чемпионы

32 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көркем гимнастикадан Астанада өткен ел чемпионатында Елжана Таниеваға тең келер ешкім та­былмады. Көпсайыстың қоры­тындысы бойынша ол алдына жан салған жоқ.

Елжана – ел чемпионы

Еліміздің ең үздік гимнасшысы, бірқатар халықаралық жарыстың жеңімпазы және жүлдегері, Азияның абсолютті чемпионы деген атағы бар 18 жастағы шым­кенттік спортшы елордада жалауы желбіреген жарыстың қорытындысы бойынша 133.150 ұпай жиды. Бұл нәти­же Елжана Таниеваға кезекті рет Қазақстан чемпио­ны атану үшін жет­кілікті болды. Күміс медальды астаналық Милана Парфилова (131.850 ұпай) иеленсе, қола жүлдені тағы бір елордалық Айбота Ертайқызы (127.900 ұпай) еншіледі. Тағы бір танымал гимнасшы Эрика Жайлауова (127.800) төртінші орында қалып қойды.

– Жуырда ғана Ташкентте өткен Азия чемпионаты физикалық тұрғыдан ғана емес, психология жағынан да өте ауыр болды. Себебі кез келген бап­кер өз шәкіртінің Олимпия ойында­рына қатысқанын қалайды. Бұл жолы лицензияны жеңіп алудың өзі оңай болған жоқ. Азия чемпионаты мен Қазақстан чемпионатының арасы жақын болғанымен, бұл жарыстан бас тарта алмаймыз. Өйткені бұл – еліміздегі ең басты дода. Қиын болса да, Елжана соңына дейін күресіп, бас жүлдені олжалады. Жеңіс тұғырына көтерілген өзге ару­лардың да өнеріне ризамын, – дейді ұлттық команданың бас бапкері Әлия Юсупова.

Командалық сайыста Шымкент шаһа­рының спортшылары (60.550 ұпай) бірінші орынды иеленсе, Астана қаласы (54.600 ұпай), Шығыс Қазақстан облы­сының (46.550 ұпай) өкілдері екінші және үшінші сатыларға жайғасты.